Алайда кейінгі жылдары өзеннің экологиялық ахуалы күрделеніп, браконьерлік, су деңгейінің төмендеуі, өндірістік ластану мен климаттың өзгеруі табиғи қорларға бұрын-соңды болмаған қысым түсіруде. Осындай жағдайда балық қорын қорғауға жауапты инспекторлардың өздері кадр тапшылығымен бетпе-бет келіп отыр.
Жайық-Каспий өңіраралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Дамбы балық инспекциясы бөлімінің қызметкерлері тәулік бойы өзенде рейд жүргізеді. Олардың міндетіне заңсыз балық аулаудың алдын алу, өзенге жасырын орнатылған ау-құралдарын анықтау, балықшылардың заң талаптарын сақтауын бақылау және өзеннің қауіпсіздігін қамтамасыз ету кіреді.
Дамбы балық инспекциясы бөлімінің басшысы Еламан Хабибуллиннің айтуынша, жыл басынан бері инспекторлар 544 заңбұзушылықты анықтап, 345 әкімшілік хаттама толтырған. Оның ішінде 15 іс әкімшілік сотқа жолданған. Сонымен қатар өзеннен 500-ге жуық заңсыз ау құралы тәркіленген.
«Тәркіленген торлар арнайы қоймаға жеткізіліп, заңнамаға сәйкес үш ай өткен соң жойылады. Бұдан бөлек, инспекторлар өзен түбіне тасталып кеткен немесе иесіз қалған браконьерлік торларды тралдау жұмыстары кезінде тұрақты түрде шығарып келеді», – дейді ол.
Алайда статистика бір қарағанда оң нәтиже көрсеткенімен, мамандар бұл көрсеткіштердің артында шешілмеген күрделі мәселелер тұрғанын айтады. Дамбы бөлімінде бүгінде 14 мемлекеттік инспектор мен 22 техникалық қызметкер жұмыс істейді.
«Бұл сан қағаз жүзінде жеткілікті болып көрінуі мүмкін. Бірақ Жайық өзенінің жүздеген шақырымға созылған арнасы, ондаған тармақтары мен каналдарын есепке алғанда, мұндай күш барлық аумақты толық бақылауға мүмкіндік бермейді. Әсіресе көктемгі балық өрістеу кезеңінде, күзгі маусымда және қыс мезгілінде жұмыс бірнеше есе көбейеді. Дәл осы уақытта браконьерлер де белсенді әрекет етеді», – дейді Е.Хабибуллин.
Оның айтуынша, заңсыз балық аулаумен айналысатындар бақылау әлсіз тұстарды алдын ала зерттеп, көбіне түнгі уақытта немесе ауа райы қолайсыз кезде әрекет етеді.
«Осының салдарынан инспекторлардың жұмысы тек рейд жүргізумен ғана шектелмей, тәулік бойы кезекшілік атқаруға ұласады», – дейді Дамбы балық инспекциясы бөлімінің басшысы.
Инспектор жұмысы – қауіпті әрі ауыр қызмет
Көпшілікке балық инспекторының қызметі тек өзен жағасын бақылаумен ғана байланысты көрінуі мүмкін. Алайда іс жүзінде бұл – физикалық төзімділікті, құқықтық білімді және батылдықты талап ететін мамандық. Инспекторлар күннің аптап ыстығы мен қақаған аязында, дауылды ауа райында өзенде жұмыс істейді.
Кейбір жағдайда заңсыз кәсіппен айналысатын адамдар қарсылық көрсетіп, инспекторларға қауіп төндіретін оқиғалар да кездеседі. Осындай ауыр еңбекке қарамастан, саладағы еңбекақы деңгейі мен әлеуметтік қолдау көптеген жастарды бұл мамандықты таңдауға ынталандырмай отыр.
Сарапшылардың пікірінше, кадр тапшылығының басты себептері – еңбекақының бәсекеге қабілетті болмауы, қызметтің тәуекелі жоғары болуы, әлеуметтік кепілдіктердің жеткіліксіздігі, жастар арасында мамандық беделінің төмендеуі және шалғай учаскелерде жұмыс істеудің қиындығы. Егер бұл мәселе бүгін шешілмесе, алдағы жылдары тәжірибелі мамандардың зейнетке шығуына байланысты кадр жетіспеушілігі одан әрі күшеюі ықтимал.
Инспекторлардың қарамағында қызметтік катерлер мен жүзу құралдары болғанымен, қазіргі заман талаптарына сай бақылау технологиялары толық енгізілді деу қиын. Бүгінде көптеген мемлекеттерде табиғатты қорғау құрылымдары дрон, тепловизор, спутниктік мониторинг, GPS-бақылау, автоматтандырылған бейнебақылау және жасанды интеллект негізіндегі бақылау жүйелерін қолданады. Мұндай технологиялар үлкен аумақты аз уақыт ішінде бақылауға мүмкіндік береді. Дәл қазіргі уақытта ойдағы-қырдағы инспекцияның бәрі бірдей осы технологиялармен 100 пайыз қамтамасыз етілді деу қиын. Дегенмен елімізде мұндай құралдарды кезең-кезеңімен енгізу инспекторлардың жұмысын едәуір жеңілдетіп, адам ресурсының тапшылығын азайтуы мүмкін.
Балық саласының байырғы маманы Нұрдәулет Ахметтің пікірінше, заңсыз аулаумен күрес тек өзен жағасында жүргізілмеуі керек. Браконьерлік жолмен ауланған балықты сатып алатын нарық тоқтамай, заңсыз кәсіп те тоқтамайды.
«Сондықтан бақылау мына бағыттарды да қамтуға тиіс. Заңсыз өнім өткізілетін сауда орындарын анықтау, тасымалдау арналарына бақылауды күшейту, заңсыз өнімді сатып алушыларға жауапкершілікті және көлеңкелі нарықпен күресті арттыру керек», – дейді ол. Яғни мәселе тек өзенде емес, тұтас сауда тізбегінде жатыр.
Бекіренің тағдыры – Жайықтың тағдыры
Жайықтың басты ерекшелігі – оның әлемдік маңызы бар табиғи экожүйе екендігі. Бұл өзен – Каспийдегі бекіре тұқымдас балықтардың табиғи көбеюіне мүмкіндік беретін санаулы су арнасының бірі. Алайда соңғы жылдары мамандар бірнеше күрделі қауіптің қатар күшейгенін айтып келеді. Яғни Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі, Жайықтың тайыздануы, климаттың өзгеруі, өнеркәсіптік ластану, заңсыз балық аулау және уылдырық шашатын табиғи орындардың азаюы. Бұл факторлардың барлығы өзара байланысты. Егер браконьерлік азаймаса, табиғи жолмен көбейетін бекіре қорының қалпына келуі ондаған жылдарға созылуы мүмкін.
Балық қорын қорғауды күшейту мақсатында жыл сайын елімізде «Бекіре» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі. Акция барысында инспекторлар, полиция және басқа да құқық қорғау органдары бірлескен рейдтер ұйымдастырып, бақылауды күшейтеді. Мұндай шаралар белгілі бір нәтижесін бергенімен, сарапшылар олардың уақытша сипатта ғана екенін айтады. Өйткені рейд аяқталған соң браконьерлер қайтадан заңсыз әрекеттерін жалғастырады. Сондықтан жүйелі нәтиже беру үшін бақылау үздіксіз болуы қажет. Экологтардың пікірінше, табиғатты қорғауда тек айыппұл мен рейдке сүйену ұзақмерзімді нәтиже бермейді. Ең алдымен қоғамның табиғатқа деген көзқарасын өзгерту қажет.
«Бұл бағытта мектептердегі экологиялық білімді күшейту, жастарды табиғатты қорғау акцияларына тарту, заңды балық аулаудың мәдениетін қалыптастыру, қоғамдық бақылауды дамыту,табиғатты қорғауға бағытталған ақпараттық жұмыстарды көбейту маңызды. Табиғатты қорғау – тек мемлекеттік органның емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін қоғамдық сана түсінуі керек. Сондай-ақ ғылыми мониторингті күшейту, су айдындарын қалпына келтіру жұмыстарын жүйелі жүргізу, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ұзақмерзімді бағдарламаларды іске асыру маңызды», – дейді эколог-маман Қарлығаш Есжанова.
Көпшілік Жайықты тек балықпен байланыстырады. Алайда өзеннің экономикалық маңызы әлдеқайда кең. Өзен аймақтағы ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, өнеркәсіп, коммуналдық шаруашылық және халықты ауызсумен қамтамасыз ету жүйесінің маңызды бөлігі саналады.
Сонымен бірге Жайық өңірдегі балық өңдеу кәсіпорындарының, балықшылар кооперативтерінің және шағын кәсіпкерліктің негізгі табиғи ресурсы болып отыр. Сондықтан өзеннің экологиялық жағдайының нашарлауы тек табиғатқа емес, мыңдаған адамның табысына, жұмыс орындарына және жергілікті экономиканың тұрақтылығына әсер етеді.
Жайық – тек Атырау өңірінің емес, Қазақстанның стратегиялық табиғи байлығы. Оның экожүйесін сақтау бірнеше инспектордың ғана міндеті болмауға тиіс. Бұл – мемлекет, құқық қорғау органдары, ғылым, жергілікті билік және қоғам бірлесе атқаратын жұмыс.
Бүгінде кадр тапшылығы, техникалық мүмкіндіктің шектеулілігі және браконьерлікке сұраныстың сақталуы күресті күрделендіріп отыр. Егер бұл мәселелер кешенді түрде шешілмесе, Жайықтағы табиғи тепе-теңдік бұзылып, бекіре қорының қалпына келуі бұрынғыдан да қиынға соғуы мүмкін. Ал Жайықты сақтау – бір ғана өзенді емес, келер ұрпаққа аманат болатын ұлттық табиғи мұраны сақтап қалу деген сөз.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облысы
