Қазақстандық мұғалімдер осындай петиция жариялады. Олар сайлау науқандарына педагогтерді жұмылдыруға заңды түрде тыйым салуды талап еткен. Мұғалімдер мен тәрбиешілер өздерінің педагогикалық міндеттеріне кірмейтін жұмыстарға, соның ішінде ауыр дене еңбегіне, сенбіліктерге, сайлауалды шараларға тартылып жатқандарына наразылықтарын білдіреді. «Бізде саяси таңдау болмауы керек», - делінген петицияда. Сондай-ақ ұстаздар мен тәрбиешілер әлі күнге дейін мектеп әкімшілігінің түрлі бопсалауларына, газет-журналдарға мәжбүрлеп жазылуға, билет сатып алуға, партиялық жарналарға жегілетіндерін айтады. «Мұғалімдер мен тәрбиешілер партияда болмай, біліммен айналысуы керек! Бұған дейінгі сайлау жұмыстарына байланысты қоғамда біз туралы теріс пікір қалыптасты. Сайлаумен біз емес, ОСК немесе басқа да жауапты органдар айналысуы тиіс! Біз, Қазақстан Республикасының ұстаздары мен педагогтары Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтен саясатқа мүлдем араласпауды заңнамалық деңгейде талап етеміз! Біз тек балаларға білім берумен айналысқымыз келеді», - деген петиция авторлары. Қазіргі кезге дейін петицияда 500-ге тарта мұғалім қол қойған. Құжат назарға алыну үшін 100 мыңнан асуы керек.