Қазақстан Президенті қызметіне кіріскен 3 жыл ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды саяси реформаларды қолға алды. Қолға алып қана қоймай, оның кейбірін іске асыруға Мемлекет басшысының өзі де мұрындық болды. Сайып келгенде, саяси жүйедегі сеңнің қозғалуы халықтың әлеуметтік жағдайының жақсарып, өзіндік қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуына себеп болды. 2019 жылдан бері елімізде Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бастамасымен саяси реформалардың 5 топтамасы жүзеге асты. Реформалардың соңғы топтамасы Президенттің наурыз айындағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында жарияланды. Оны қоғам бүгінге дейін қызу талқылап жатыр. Рас, Мемлекет басшысының суперпрезиденттік басқару формасынан Парламенті мықты президенттік республика тәсіліне өту, сол арқылы Президенттің өкілеттіліктерін шектеу, оның туыстарының мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларда жоғары лауазымдарға тағайындауға шектеу, саяси партияларды тіркеу тәртібін жеңілдету, азаматтық бақылауды күшейту, сот жұмысында ашықтықты қамтамасыз ету секілді бастамалар көптің көкейіндегісін дөп басқандай. Қысқасы, жаңа жағдайдағы Жаңа Қазақстандағы саяси реформалар елдегі саяси институттың барлығын қамтумен ерекшеленеді. Сол арқылы Президенттің кейбір өкілеттіліктері Парламентке және барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттарына беріледі. Мұның өзі халық қалаулыларынан өз қызметіне жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Айтпақшы, ендігі кезекте Парламент пен жергілікті өкілді органда мейлінше көп орынды иелену үшін партиялар арасында әділ саяси бәсеке жүреді. Өйткені Президент «AMANAT» партиясының Төрағалығынан бас тартып, саяси ұйымның мүшелігінен де шықты. Сондай-ақ сайлау процесіне жауапты Орталық сайлау комиссиясының басшыларының да белгілі бір партияға мүше болуына тыйым салу да саяси доданың көрігін қыздыра түспек. Наурыздағы Президент Жолдауында айтылған осынау ауқымды саяси жобаларды жүйелеу үшін елдің басты құжаты саналатын Конституцияның 30-дан астам бабына, 7 конституциялық заңға және 15-тен аса заңға өзгеріс енгізілмек. Әрі беріден соң Президенттің бұған дейінгі саяси реформаларының нәтижесі ел күткен үдеден шыққанын ескерсек, соңғы бастамалардың да көпшілік күткен межені еңсеретініне күмән жоқ. Мәселен, Президенттің ең алғашқы реформалар пакеті Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында 2019 жылы жарияланды. Бұл реформаларда бейбіт шерулерге рұқсат беру жайы сөз болды. Арада бір жыл өткен, яғни 2020 жылдың 25 мамырында «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң қабылданып, наразылық шерулерін ұйымдастырудың құқықтық негізі пайда болды. Сол жолы Президенттің саяси партияларды құру үшін тіркеу кедергісін азайту, сайлауалды партиялық тізімдерге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыз квота енгізу тапсырмасы да өз деңгейінде орындалды. 2021 жылғы 10 қаңтардағы Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы қорытындысы бойынша мәжілісмендердің құрамы 70 пайызға жаңарды. Жаңадан жасақталған Мәжіліс депутаттарының орташа жасы 55 жастан 50 жасқа дейін түсті. Төменгі палатаның алдыңғы шақырылымында 40 жасқа толмаған 7 депутат болса, кейінгі шақырылымда олардың саны 19-ға дейін артты. Ал сол жолғы сайлау қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттардағы бір ғана «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясының құрамы 65 пайызға жаңарды. Фракция құрамындағы әйелдер үлесі 30 пайызға дейін, ал 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 23 пайызға дейін өскен екен. Мемлекет басшысы саяси реформаларының алғашқы топтамасын жүзеге асыру мақсатында 8 заң қабылданды. Бұдан бөлек, «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы», «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңдарға өзгерістер енгізілді. Саяси реформалардың екінші пакеті арқылы жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасы қабылданды. Бір сөзбен айтқанда, ауыл әкімдерін жергілікті тұрғындар тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болды. Осылайша, өткен жылдың 25 шілдесінде ел тарихында алғаш рет ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Дәл осы күні республика аумағында 730 аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауыл округінің тұрғындары өз басшыларын өздері сайлады. 2021 жылдың соңына дейін тағы 45 елді мекеннің тұрғындары азаматтық белсенділік танытып, әкімдерін өздері сайлап алды. Бұл сөз жоқ, елордадан басталған саяси реформалардың лебін ауыл-аймақтағы әрбір қазақстандыққа сезіндірген шара болды. Айтпақшы, Президент келер жылдан бастап пилоттық жоба ретінде аудан әкімдерін де тұрғындар сайлауына мүмкіндік беруі керек екенін айтты. Жалпы, реформалар аясында аудан әкімдері 2024 жылдан бастап сайлана бастайды. Реформалардың бұл жолғы топтамасын іске асыру үшін 5 заң жобасы мен бір Президент Жарлығы әзірленді. Өткен жылдың қаңтарында жарияланған саяси реформалардың үшінші пакетінде саяси партиялардың Мәжіліске кіру шегін 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендету мәселесі көтерілді. Сондай-ақ алғаш рет сайлау бюллетенінде кандидаттардың аты-жөнінен кейін «барлығына қарсы» деген баған енгізілді. Мұндай бюллетендермен сайлаушылар былтырғы ауыл әкімдерін сайлау ресімі кезінде өз таңдауын жасағанын айта кеткен жөн. Сайып келгенде, бұл бастама да азаматтың ой-пікірімен санасатын демократиялық қоғам қалыптастырудың алғышартына айналды. Реформалардың бұл жолғы пакеті аясында бұдан бөлек жастарды дамыту, қайырымдылық қызметті ынталандыру, омбудсмен туралы заң қабылдау, қоғамдық бақылау жүйесін жетілдіру сияқты шаралар қолға алынды. Саяси реформалардың келесі бір жиынтығын енгізу арқылы квота нормасы заңнамалық тұрғыда бекітілді. Құқық қорғаушылардың құқығын сақтау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылданды. Шынында, Президенттің 3 жыл ішінде қолға алған саяси реформаларының нәтижесін халық айқын сезініп келеді. Әрі оның жүзеге асырылуына әрбір қазақстандық шама-шарқынша үлес қосып жүр. Бастысы, бұл бастамалардың елдің қоғамдық-саяси өміріндегі жаңару жол ашады. Адалдық, теңдік сияқты принциптерге негізделген бұл реформалардың түпкі мақсаты Президент айтқан «Жаңа және әділетті Қазақстанды» құру екені ешқандай талас тудырмайды.
Шынболат АТЫХАНҰЛЫ