4 пайыздық несие төрге сүйремей тұр
4 пайыздық несие төрге сүйремей тұр
© коллаж: Қ.Аманғали
686
оқылды
Қазір ел аузында 4 пайыз­дық арзан несиеге отандық ав­то­көлік алу жайы талқыланып жүр. Дегенмен жеңілдігі бар ав­то­несие бағдарламасына көп­­­тің көңілі толар емес. Небір пі­кірді естіп жүрміз. Бұрын осы­ған ұқ­сас бағдарлама ар­қылы отандық көліктер жақсы сатыл­ған. Енді несиеге бері­летін көлік сапасы мен бағасы сынға ұшы­ра­ды. Әлқисса, елде 2015 жылдан бас­тап «Нұрлы жол» экономикалық саясаты арқылы отандық көліктерді жеңілдетілген несиемен беру бас­талды. Сұраныс болып, соның ар­қасында автоқұрастырушы зауыттар қоймаларында толып қалған дайын көліктерін сатып, дағдарыстан «аман қалды». Көп ұзамай мұндай автонесие беру шараларын Үкімет 4 рет қайталады. Барлығында банктер де, көлік құрастырушылар да бөлінген қыруар қаржыны игерді. Кейін осы амал сәл мәселе туындаса тығырықтан шығарар жолдай кө­рініп, әдетке айналғандай. Былтыр да жеңілдетілген автонесиеге 150 млрд теңге бөлінетіні, ақша алдағы бес жылда екінші деңгейлі банктерге аударылатыны айтылды. Индустрия министрлігі жоспар бойынша, 2022 жылы – 30 млрд, 2023 жылы – 35, 2024 жылы – 40, 2025 жылы 45 млрд теңге қарасты­ратынын мәлімдеген. Енді биыл жыл басындағы автокө­лікке қатысты утильалым дауынан кейін Үкімет жеңілдетілген автоне­сие­ге қайта иек артты. Бағдарлама жоспары бірнеше рет талқыланып, түр­леніп, ақыры бір ұстанымға келді. Өткен айда Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму министрлігі жеңілдетілген автонесиенің шарт­тары анықталғанын хабарлады. Несие тек отандық, яғни елде құ­растырылған көліктерге ғана бері­летінін ұмытпаған жөн. Ол қандай көліктер? Автонесиеге Lada брен­дінің көліктері (құны 3,7-6,6 млн тең­ге аралығы) мен Chevrolet марка­лары (5-9,4 млн) енген. Танымал Kia (7-7,3 млн) мен Hyundai (6,7-9,1 млн) маркаларын да сатып алуға болады. Бұл тізімге қытайлық JAC (7-8,4 млн) көліктері де қосылған. Renault (7,4-8,3 млн) мен ресейлік УАЗ (7,3-8,4 млн аралығы) өнімдері де бар. Дегенмен бұл тізімдегі мар­ка­лардың қымбат, премиум санат­та­ғы­ларын несиеге ала алмайсыз. Ал ел­де құрас­тырылған деген аты бар тө­менгі са­нат­тағы көліктерге елдің көңі­лі көн­шімей отыр. Сын көп ай­ты­лады, әсіресе баға мен сапаға. Оның үстіне, утильалым мен бюджет ақшасына жеке зауыттардың көлігін несиеге беруді әділетсіз санайтындар көп.

Жұрт көңілі неге толмады?

4 пайыздық автонесиеге көптен бері ел арасында жағымсыз пікір қа­лыптасқанын байқап жүрміз. Тең­ге құнсыз болған соң арзан көлік іздеп, қазақстандықтар өзге елдердің нары­ғына жиі ауады. Мысалы, көр­ші Ре­сей­ден жақсы әрі жаңа хетчбэкті 1-1,5 млн рубльге сатып алуға болады. Осы қаржыға әрі кетсе елімізде жасал­ған седан ғана аласыз. 2020 жылы Өске­мен­де орналасқан «Азия Авто» зауы­тында құрастырыл­ған Kia Cerato New седанының ба­ғасы 9,5 млн теңге тұр­ған еді, қазір 11 млн-нан асып үл­гер­ді. Баға тиімді деп айтуға келе ме? Авто­өндіріс де­ген аты болмаса, ше­тел­ге тәуелдіміз. Отандық машина жасау саласы импортқа бағынышты. «Атамекен» ұлттық палатасының мә­ліметінше, автомобиль жасаушылар 1,8 млрд АҚШ долларының құрал-жабдық­тарын шетелден тасып әкеліп, елде құрастырады. Шикізатқа да мұқ­таж. Себебі құйма өндірісі, ұсталық өндіріс, ыстық қалыптау сияқты авто­өндіріске қажеттінің бәрі дамы­май, кенжелеп қалған. Екіншіден, отандық көлік құрас­тырушы зауыттар біраздан бері бюд­жет есебінен күн көруге «үйреніп» ал­ды. Тіпті, лоббистері мемлекеттік органдарға да ықпал етті. Мәселен, ше­­телде шығарылған автомо­бильдер­­ді сатып алуға тыйым салын­ды. Екі жыл бұрын Үкімет 2 жылдық мораторийге қаулы шығарды. Сол 2 жылдық тыйым мемлекеттік қыз­мет­­шілерге арналған қызметтік кө­лік­ті де шетелден алдырмауға сеп­тесті. Автонесиені қолдайтындар да жоқ емес. Сала сарап­шысы Олжас Оқас мұның халық үшін тиімді екенін көптен айтып жүр. Оның ойынша, автонесиенің пайы­зы төмен. «Қазақстандықтар жаңа көлік алып, оны бірнеше жылда төлеп тастаса, бізге утилизациялық зауыт та керек емес. Көрші елдер сол көліктерді сәл арзан бағамен алып кетеді. Ал біз қайтадан жаңа көлік сатып ала аламыз. Мұндай саясатты қазір Біріккен Араб Әмірліктері ұстанып отыр», – дейді ол.

Қаржының 80 пайызы шетелге кетеді

Отандық автокөлік өнеркәсіпке бөлінген қаражаттың 80 пайызы жинақтаушы бөлшектер мен оның материалдарын сатып алуға жұмса­лады. Салдарынан елдің төлем қа­бі­леті нашарлап, теңге бағамы қысым­ға түседі. Мысалы, 200 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінсе, оның 160 млрд теңгесі шетелге кетеді. Мамандар сайып келгенде автонесиенің басты мақсаты – ӨКМ операторының ақшасын жұмсау болып тұрғанын айтады. Мәселен экономист Ғалым Құсайынов бірнеше кемшілікті тізбектеп берді. – Ең алдымен арзан несие ақ­шаның құнын кетіреді, біз нарық механизмін дамыту керек болған кезде бұрынғы әдістерге қайта оралдық. Инфляция 8,4 пайыз болғанда 4 пайызбен несие беру – ақшаны теріс мөлшерлемемен не­сиелендіруді аңғартады. Мемле­кеттің басты мақсаты не? Халықты көлікпен қамтамасыз ету ме әлде халықтың жайлы жүріп-тұруына жағдай жасау ма? Егер осы сұрақтарға жауап бер­сек, ӨКМ операторының ақшасын келесі нәрселерге жіберген абзал. Олар – ауыл шаруа­шылығы тех­никасының лизингін қаржыландыру және тех­никасын локализациялау, қоғамдық көлікке инвестиция ұлғайту, – дейді ол. Қазір автокөлік сарапшылары отан­дық көліктерді сатып алуға ақша бөлу темір тұлпардың құнын тағы 10-30 пайызға көтеретінін жиі ескертеді.

Ескі көліктердің отаны болдық

Шынын айтқанда, несиеге көлік алу – жұрт үшін тиімді емес. Өйткені көлік жүре бастаған күнінен-ақ ба­ғасын жоғалта береді. Ал «отандық өнеркәсіп» деген атау алған, елде құрастырылып жатқан көліктерге жаппай сұраныс жоқ. Автомобиль саласы кәсіпорындары одағының ақпараты бойынша, еліміздің жол­дарында жүрген 1 млн 200 мың (былтырғы дерек) көлікке 20 жылдан асып кеткен. 2015 жылы шыққанына 10 жылдан асқан автокөліктердің үлесі елде 59 пайызды құраған. 2020 жылы 70 пайыздан асты. Қазір одан әрі артқаны анық. Сонда елдегі 4 млн көліктің 3 млн-ға жуығы тозған болып саналады. Демек, 10 млн тең­геге жетпейтін бағадағы машина­лар­ды жұрт несие арқылы алып жат­қан­да, ескі, есесіне арзандау көліктерге сұраныс әлі толастамайды. Содан кейін шетелден көлік тасымалдауға асығатындар көбейсе – заңдылық. – Пайдаланылған көліктерді Ар­мения, Грузия, Қырғыз Республи­касы, Ресейден алып келуге қазір көбі қорқады. Өйткені ел ішінде заңды тіркеу ақысы тура көліктің бағасына тең деген ұғым қалыптасты. «Салығы өсіп кетсе, ұрланған көлік болып шықса» деген үрей бар. Азаматтарымыз көбіне елдегі ескі көліктерге басымдық береді. Басқа елден алып келуге мүмкіндігі жоғын білген жұрт қолда бары ескі болса да әдейі бағасын өсірді. Ал Қазақстанда құрастырылған көліктерді алып жатқандар бар. Бірақ сапасына сені­мсіздік танытатындар одан да көп. Импорттық көліктерге банк­тер­дің па­йыздық үстемеақылары өте жоға­ры, – дейді автокөлік нары­ғы­ның сарапшысы Айжан Күлмұхан­бе­това. Қорыта айтқанда, әзірге аталған бағдарлама арқылы автонесие алуға құлшынып отырғандар аса көп емес тәрізді. Бірақ «сұраныс болмайды» деп түбегейлі ой түюдің қажеті жоқ. Не де болса, елдегі көлік құрастыру­шы зауыттар мемлекет қолдауының арқасында біршама өнімін өткізіп үлгеретіні анық. Алайда одан «отан­дық өндіріс» қарыштап кетпейтіні белгілі.