Уәделер қашан орындалады?
Уәделер қашан орындалады?
278
оқылды
Елімізде таяуда 2025 жыл­ға дейінгі халық табысын арттыру бағдарламасы қа­был­данған. Оның оныншы тар­мағында «Самұрық-Қа­зы­на» қорына кіретін ұлттық компаниялардағы өндірістік қызметкерлердің жалақы­сын ұлғайту міндеті тұр. Бі­рақ аталған ұйымдар еңбек­ақы­ны арттыру былай тұр­сын, оны төлей алмай да қа­луы мүмкін. Кеше елор­да­да өткен жиында ұлттық компания басшысы осындай мәселенің барын айтып, қыз­меткерлері мен Үкімет­тен көмек сұрады. Бас қалада «Халық табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспа­рын іске асыру мәселелері бойын­ша жиын өтті. Оған Прем­ьер-Ми­нистрдің орынбасары Ералы Тоғжанов пен Үкімет мү­шелері, сондай-ақ қордың және оның портфельдік компания­ла­ры­ның басшылары, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қа­тысты. Алғаш болып сөз алған «Қаз­МұнайГаз» ұлттық компания­сының басшысы Мағзұм Мырзағалиев биыл Жаңаөзенде 1000 адамды жұмыспен қамту көзделгенін атап өтті. «Оның ішінде 682-сі «Өзенмұ­найгазға» орналасады. 308 адам мердігерлік ұйымдарда жұмыс істейді. Елімізге қызығушылық танытып отырған белгілі шетелдік инвесторлар бар. Үкімет келісім берсе, заңға тиісті өзгерістер енгізілсе, елге келуге дайын отыр», – деді М.Мырзағалиев. Ералы Тоғжанов бұл мәселеге қолдау білдіріп, бағдарлама қабылданғаннан кейін ғана сең қозғалды деген түсініктің қате екенін жеткізді. «Бағдарлама жүзеге аспай тұрып, «ҚазМұнайГаз» саласы бойынша қызметкерлердің жа­лақысы 35 пайызға дейін кө­терілді. Бүгінге дейін іске асқан жұмыстар аз емес. 30-35 пайызға дейін өсіру оңай болған жоқ. Сондықтан жұмыстар жалғасады. Бұл бағдарламаға еліміздің барша министрлігі және бүкіл аймақтағы әкімдер тікелей жауапты. Оның негізгі бағыты нақты жұмыс орындарын құруға арналған», – деді Е.Тоғжанов.

Теміржолшылар 90 млрд теңге сұрап отыр

Ал «Қазақстан темір жолы» жұмысшыларының жағдайы мәз емес. Іс жүзінде өндірістік қыз­меткерлердің жалақысы 66 па­йыз­ға көтерілген. Бүгінде ай­лық­ты арттыру емес, жалақы төлеу мәселесі күн тәртібінде тұр. Осы орайда компания басшысы Нұрлан Сауранбаев 90 млрд теңге табылмаса, қызметкерлердің ең­бекақысын төлеу қиындайтынын айтып, Үкіметтен көмек сұрады. «Осы жалақы қорын өзіміз ұс­тап тұрмыз. Бірақ жалақы қоры­ның үштен екісі транзит есе­бінен өтеледі. Алайда бүгінгі ахуал­ға байланысты Ресей ар­қы­лы транзит 43 пайызға құлдырады. Соған орай біздің кірісіміз де тө­мендеді. Енді жалақы қорын қаржыландыру мәселесі көтері­леді. Жалақы деңгейін ұстап тұру үшін Үкіметке жүгініп, ішкі ре­сурстарды да іздеуге тырысамыз», – деді компания басшысы. Компания жалақыға 300 млрд теңгеден астам қаражат жұм­сай­ды. Оның 111 млрд теңгесі та­рифке қосылған. Ал 200 млрд теңгені өндірістік қызметтен, оның ішінде транзиттен түсетін кірістен алады. Сондықтан жағ­дай қиын. 90 млрд теңге табыл­маса, «Қазақстан темір жолы» арттыру былай тұрсын, айлық төлей алмай қалуы мүмкін. Тағы бір мәселе, өткен жылдың науры­зынан бастап елімізде теміржол билеттері қымбаттағанын білеміз. Ал бұл мәселе билет бағасына қан­шалықты әсер етеді», – деп сендірді Н.Сауранбаев.

Байланысшылардың базынасы

Естеріңізде болса, бұған дейін байланыс және ақпарат саласы­ның жұмысшылары айлықты кө­теруді талап етіп, ереуілге шық­қан. «Қазақтелеком» бас­шысы Қуанышбек Есекеев өз қызметкерлерінің тиімділігін арттыру арқылы олардың кірісін ұлғайтуды және көрсетілетін қызметтердің санын көбейтуді жоспарлап отыр. табыс «Бізде қызмет көрсету құны қазірдің өзінде әлемде ең төменгі бағаның бірі болып отыр. Нарық бәсекеге қабілетті, сондықтан ба­ғаның күрт өсуі болмайды деп ойлаймын. Қызметкерлердің та­бысы олардың тиімділігін арт­тыру арқылы ұлғаяды. Яғни, баға емес, қызмет саны артады», – деді Есекеев.

Пошташылар айына 20 мың теңге алады

Ал қазпошталықтардың хәлі қалай? «Самұрық-Қазына» қар­жыландыратын «Қазпошта» қыз­меткерлерінің жалақысына қа­тыс­ты шағымдар шаш етектен. Ауылдық жерде газет пен хат та­ратып, нанын тауып жүрген пошташылардың сөзіне сенсек, ай сайын 30-40 мың теңгеден аспайтын жалақыға әрең күн көріп отыр. Компания басшысы Серік Саудабаев еңбек­ақыны арттыру мәселесі талқы­ланып жатқанын айтып, алдағы уақытта компания табысының басым бөлігін ең төменгі еңбек­ақы ие­леріне бағыттайтынын жеткізді. «Иә, кейбір қызметкерлеріміз 0,5, 0,3 ставкамен жұмыс істейді. 25-30 мың теңге жалақы алатын кісілер бүгінде 30-40 мың теңге алады. Бұл мәселелерді талқылап жатырмыз. Табысымыз сол қыз­меткерлердің жалақысын арт­тыруға жұмсалады», – деп жауап берді «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Серік Саудабаев.

Білімі төмен, бірақ жалақы жоғары

Жалпы, елімізде жалақы мә­се­лесін көтеріп, жұмысшы­лар­дың ереуілге шығуы жиіледі. «На­разы топтың талабын орын­дау­да бас­шылар компания мүм­кін­діктерін елге түсіндіріп айту керек» деген Премьер-Ми­нистр­дің орынба­сары Ералы Тоғжанов білім-білігі төмендердің жоғары жа­лақы алғысы келетінін сынға алды. «Жалақыны көтеру үшін кадр дайындауды мақсат еттік. Бізде арнаулы мамандығы, білімі жоқ­тар жоғары жалақы сұрайды. Қазір білім алатын кез. Соны азамат­та­рымыз түсінуі керек. Жоғары білімі жоқ, тіпті білімі мектептен аспаған азаматтар келіп, мұнай саласына жұмысқа орналасқысы келеді. Қайталап айта беремін, оқу, оқу және оқу. Бұны біз бағдар­ламаға енгіздік. Жай жұмыскерден бастап білім алуы керек. Жалпы, бағдарламаға 197 млрд теңге жұмсалады», – деді Е.Тоғжанов. Жалпы, «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компанияларда 250 мыңнан аса қызметкер жұмыс істейді. Оның 92 пайызы өндіріс­тік салада қызмет етеді. Өндірістік саладағы айлығы төмен қызмет­кер­лердің жалақысы 5 пайыздан 48 пайызға дейін артты. Жалпы, 248 мың адамның айлығы өсті. Қазір Қор жалпы құны 2,9 трлн теңгені құрайтын әлеуметтік маңызы бар 13 ірі жобаны жүзеге асыруда. Бұл жобалар батыс өңір­лерді сумен қамтамасыз етуге, Алматы энергетикалық орталы­ғын газдандыруға және теміржол көлігін дамытуға бағытталған. Жобалар жүзеге асқанда 10 мың­нан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Осы орайда жоспар бойынша «Самұрық-Қазына» қоры құ­рамындағы компанияларда жұмыс істейтін 200 мыңнан ас­там адамның табысын арттыруға ек­пін түсірілген. «Самұрық-Қа­зына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиев биылдың өзінде өн­дірісте істейтін қызметкерлердің айлығы көтерілгенін айтып, бас­шылық қызметтегілердің санын қысқартып жатқанын жеткізді. «Негізі, барлығы компа­ния­ның табысына байланысты. Тәуел­­сіз директорлардың қата­рын­да халықаралық деңгейдегі бі­лікті адамдар бар. Сондықтан олар­дың бонустары жоғары бо­луы мүмкін. Бірақ біз қазір ком­­па­ниялардағы басқарушы дирек­торлардың санын қысқар­тып жатырмыз» – деп түйіндеді ол. Басшылардың баяндама­сын­дағы статистикаға сенсек, өн­дірістегі қызметкерлер жалақыла­рына дән риза секілді. Дегенмен бізге керегі орындалмайтын уә­делер емес, нақты нәтиже. Сон­дықтан міндеті мінсіз бағдарлама бармақ басты, көз қыстылыққа ұласпай, іс жүзінде жұмысшы­лар­дың жа­лақысы артса дейміз. 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасына 197 млрд теңге жұмсалмақ. Әрине, уақыт бәрiне сыншы. Дегенмен осы күнге дейін басы жақсы басталып, аяқ­сыз қалған бағдарламалар бұл жо­баның жүзеге асуына бақы­лау­ды күшейтуді қажет ететінін көр­сетеді.