Елімізде таяуда 2025 жылға дейінгі халық табысын арттыру бағдарламасы қабылданған. Оның оныншы тармағында «Самұрық-Қазына» қорына кіретін ұлттық компаниялардағы өндірістік қызметкерлердің жалақысын ұлғайту міндеті тұр. Бірақ аталған ұйымдар еңбекақыны арттыру былай тұрсын, оны төлей алмай да қалуы мүмкін. Кеше елордада өткен жиында ұлттық компания басшысы осындай мәселенің барын айтып, қызметкерлері мен Үкіметтен көмек сұрады.
Бас қалада «Халық табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарын іске асыру мәселелері бойынша жиын өтті. Оған Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов пен Үкімет мүшелері, сондай-ақ қордың және оның портфельдік компанияларының басшылары, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Алғаш болып сөз алған «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшысы Мағзұм Мырзағалиев биыл Жаңаөзенде 1000 адамды жұмыспен қамту көзделгенін атап өтті.
«Оның ішінде 682-сі «Өзенмұнайгазға» орналасады. 308 адам мердігерлік ұйымдарда жұмыс істейді. Елімізге қызығушылық танытып отырған белгілі шетелдік инвесторлар бар. Үкімет келісім берсе, заңға тиісті өзгерістер енгізілсе, елге келуге дайын отыр», – деді М.Мырзағалиев.
Ералы Тоғжанов бұл мәселеге қолдау білдіріп, бағдарлама қабылданғаннан кейін ғана сең қозғалды деген түсініктің қате екенін жеткізді.
«Бағдарлама жүзеге аспай тұрып, «ҚазМұнайГаз» саласы бойынша қызметкерлердің жалақысы 35 пайызға дейін көтерілді. Бүгінге дейін іске асқан жұмыстар аз емес. 30-35 пайызға дейін өсіру оңай болған жоқ. Сондықтан жұмыстар жалғасады. Бұл бағдарламаға еліміздің барша министрлігі және бүкіл аймақтағы әкімдер тікелей жауапты. Оның негізгі бағыты нақты жұмыс орындарын құруға арналған», – деді Е.Тоғжанов.
Теміржолшылар 90 млрд теңге сұрап отыр
Ал «Қазақстан темір жолы» жұмысшыларының жағдайы мәз емес. Іс жүзінде өндірістік қызметкерлердің жалақысы 66 пайызға көтерілген. Бүгінде айлықты арттыру емес, жалақы төлеу мәселесі күн тәртібінде тұр. Осы орайда компания басшысы Нұрлан Сауранбаев 90 млрд теңге табылмаса, қызметкерлердің еңбекақысын төлеу қиындайтынын айтып, Үкіметтен көмек сұрады.
«Осы жалақы қорын өзіміз ұстап тұрмыз. Бірақ жалақы қорының үштен екісі транзит есебінен өтеледі. Алайда бүгінгі ахуалға байланысты Ресей арқылы транзит 43 пайызға құлдырады. Соған орай біздің кірісіміз де төмендеді. Енді жалақы қорын қаржыландыру мәселесі көтеріледі. Жалақы деңгейін ұстап тұру үшін Үкіметке жүгініп, ішкі ресурстарды да іздеуге тырысамыз», – деді компания басшысы.
Компания жалақыға 300 млрд теңгеден астам қаражат жұмсайды. Оның 111 млрд теңгесі тарифке қосылған. Ал 200 млрд теңгені өндірістік қызметтен, оның ішінде транзиттен түсетін кірістен алады. Сондықтан жағдай қиын. 90 млрд теңге табылмаса, «Қазақстан темір жолы» арттыру былай тұрсын, айлық төлей алмай қалуы мүмкін. Тағы бір мәселе, өткен жылдың наурызынан бастап елімізде теміржол билеттері қымбаттағанын білеміз. Ал бұл мәселе билет бағасына қаншалықты әсер етеді», – деп сендірді Н.Сауранбаев.
Байланысшылардың базынасы
Естеріңізде болса, бұған дейін байланыс және ақпарат саласының жұмысшылары айлықты көтеруді талап етіп, ереуілге шыққан. «Қазақтелеком» басшысы Қуанышбек Есекеев өз қызметкерлерінің тиімділігін арттыру арқылы олардың кірісін ұлғайтуды және көрсетілетін қызметтердің санын көбейтуді жоспарлап отыр.
«Бізде қызмет көрсету құны қазірдің өзінде әлемде ең төменгі бағаның бірі болып отыр. Нарық бәсекеге қабілетті, сондықтан бағаның күрт өсуі болмайды деп ойлаймын. Қызметкерлердің табысы олардың тиімділігін арттыру арқылы ұлғаяды. Яғни, баға емес, қызмет саны артады», – деді Есекеев.
Пошташылар айына 20 мың теңге алады
Ал қазпошталықтардың хәлі қалай? «Самұрық-Қазына» қаржыландыратын «Қазпошта» қызметкерлерінің жалақысына қатысты шағымдар шаш етектен. Ауылдық жерде газет пен хат таратып, нанын тауып жүрген пошташылардың сөзіне сенсек, ай сайын 30-40 мың теңгеден аспайтын жалақыға әрең күн көріп отыр. Компания басшысы Серік Саудабаев еңбекақыны арттыру мәселесі талқыланып жатқанын айтып, алдағы уақытта компания табысының басым бөлігін ең төменгі еңбекақы иелеріне бағыттайтынын жеткізді.
«Иә, кейбір қызметкерлеріміз 0,5, 0,3 ставкамен жұмыс істейді. 25-30 мың теңге жалақы алатын кісілер бүгінде 30-40 мың теңге алады. Бұл мәселелерді талқылап жатырмыз. Табысымыз сол қызметкерлердің жалақысын арттыруға жұмсалады», – деп жауап берді «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Серік Саудабаев.
Білімі төмен, бірақ жалақы жоғары
Жалпы, елімізде жалақы мәселесін көтеріп, жұмысшылардың ереуілге шығуы жиіледі. «Наразы топтың талабын орындауда басшылар компания мүмкіндіктерін елге түсіндіріп айту керек» деген Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов білім-білігі төмендердің жоғары жалақы алғысы келетінін сынға алды.
«Жалақыны көтеру үшін кадр дайындауды мақсат еттік. Бізде арнаулы мамандығы, білімі жоқтар жоғары жалақы сұрайды. Қазір білім алатын кез. Соны азаматтарымыз түсінуі керек. Жоғары білімі жоқ, тіпті білімі мектептен аспаған азаматтар келіп, мұнай саласына жұмысқа орналасқысы келеді. Қайталап айта беремін, оқу, оқу және оқу. Бұны біз бағдарламаға енгіздік. Жай жұмыскерден бастап білім алуы керек. Жалпы, бағдарламаға 197 млрд теңге жұмсалады», – деді Е.Тоғжанов.
Жалпы, «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компанияларда 250 мыңнан аса қызметкер жұмыс істейді. Оның 92 пайызы өндірістік салада қызмет етеді. Өндірістік саладағы айлығы төмен қызметкерлердің жалақысы 5 пайыздан 48 пайызға дейін артты. Жалпы, 248 мың адамның айлығы өсті. Қазір Қор жалпы құны 2,9 трлн теңгені құрайтын әлеуметтік маңызы бар 13 ірі жобаны жүзеге асыруда. Бұл жобалар батыс өңірлерді сумен қамтамасыз етуге, Алматы энергетикалық орталығын газдандыруға және теміржол көлігін дамытуға бағытталған. Жобалар жүзеге асқанда 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Осы орайда жоспар бойынша «Самұрық-Қазына» қоры құрамындағы компанияларда жұмыс істейтін 200 мыңнан астам адамның табысын арттыруға екпін түсірілген. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиев биылдың өзінде өндірісте істейтін қызметкерлердің айлығы көтерілгенін айтып, басшылық қызметтегілердің санын қысқартып жатқанын жеткізді.
«Негізі, барлығы компанияның табысына байланысты. Тәуелсіз директорлардың қатарында халықаралық деңгейдегі білікті адамдар бар. Сондықтан олардың бонустары жоғары болуы мүмкін. Бірақ біз қазір компаниялардағы басқарушы директорлардың санын қысқартып жатырмыз» – деп түйіндеді ол.
Басшылардың баяндамасындағы статистикаға сенсек, өндірістегі қызметкерлер жалақыларына дән риза секілді. Дегенмен бізге керегі орындалмайтын уәделер емес, нақты нәтиже. Сондықтан міндеті мінсіз бағдарлама бармақ басты, көз қыстылыққа ұласпай, іс жүзінде жұмысшылардың жалақысы артса дейміз. 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасына 197 млрд теңге жұмсалмақ. Әрине, уақыт бәрiне сыншы. Дегенмен осы күнге дейін басы жақсы басталып, аяқсыз қалған бағдарламалар бұл жобаның жүзеге асуына бақылауды күшейтуді қажет ететінін көрсетеді.