Медицина саласы дамып, шетелде жасалатын ауыр оталар өзімізде жүргізіліп жатыр. Десек те, басы ауырып, балтыры сыздаған халықтың айтар шағымы көп. Әсіресе, жұрттың жанын ауыртып, шымбайына бататыны – ай сайын жалақысынан жырып берген медициналық сақтандыруға кеткен табысы өзі үшін пайдаға аспауы. Тіпті, жазатайым жағдайға тап болып, өлім аузында жатса да жылдар бойы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қоржынына кеткен тиынның еш пайдасы болмай жатқаны рас. Аталған мәселе талай мінбелерден ашық көтерілсе де, бұл қорға атса мылтық өтпейді, шапса қылыш кеспейді. Осыдан тура жеті жыл бұрын қолданысқа енген жүйенің артқан жүгі ауыр болғанымен, қалың ел игілігін көре алмай жатқаны ащы шындық. Сыр берген денсаулығы үшін шырылдаған халық құны аса қымбат болса да ақылы емханалар мен ауруханаларға жүгінуге мәжбүр. Өйткені мемлекеттің бюджетіне қараған медициналық мекемелерде не кадр жетіспейді, яки медициналық қондырғылары жоқ қызмет сапасы аса төмен. Мұны ақ халаттыларға күні түскен әр адам басынан өткізгені ақиқат. Ал сонда медициналық сақтандыруға ай сайын әр жан басынан жалақысы арқылы бөлшектей ұсталып жатқан миллиондаған тіпті миллиардтаған теңге қаражат қайда кетті? Бұл қазір көптің көкейін тесіп, бірақ еш жауап таба алмай жүрген сауал. Мәселені жақында Мәжіліс мінберінде депутат Серік Ерубаев та көтерген. Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында халық қалаулысы елдегі әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысын сын садағына алған. «Салымшылар әлеуметтік медициналық сақтандыруға түскен өз қаражатын еш бақылай алмайды. Ал «сақтандыру» қор атауында тек профанацияға айналып барады. Сақтандыру қоры болғандықтан, әрбір адамның өзінің жинақтаушы сақтандыру шотының болуы тиіс емес пе? Мәселен, қазір бірнеше жыл бойы сақтандыру қорына төлем аударған әрбір салымшы егер белгілі бір себептермен 2-3 ай үзіліс алып қалса, тиісті медициналық қызметті ала алмайды. Ал егер ол төлеген қаражат оның өзі үшін емес басқа адамға жұмсалса, мұны сақтандыру емес қосымша салық деуге де болады», – дейді Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев. Депутаттың айтқан уәжіне сенсек, 2017 жылғы 30 маусымдағы Денсаулық сақтау министрінің №478 бұйрығымен бекітілген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар мен ұсталымдар ережесінде кеткен олқылықтар жетерлік. Мәселен, жеке кәсіпкердің өз кәсібінен басқа жұмысы болса ол сақтандыру қорына екі рет төлем ұсталады. Ал азамат бірнеше жерде қызмет етсе, сәйкесінше әр жалақысынан медициналық сақтандыруға ұсталып отырады. Расында да, «бір тұлға неге бірнеше рет жарна төлеуі тиіс?» деген заңды сауал әр көкейде туындайтыны айтпаса да түсінікті. Мәжілісмен халықпен өткен кездесулерде тағы да үлкен келелі мәселелер көтерілгенін айтады. Яғни, емдеу хаттамасы бойынша тек қор белгілеген тізімдегі дәрі-дәрмектерді қолдануға болады. Көз алдындағы науқасты дәрігер өз бетінше басқа препараттармен емдеуге құқығы жоқ. Ал мұндай жағдай анықталса аталған қор сол медициналық мекемеге қомақты айыппұл салады. Бұл, әрине аталған мемлекеттік аурухана, яғни емхананың дәрігерінің қызметіне елеулі нұқсан келтіретіні анық. «Халықаралық тәжірибеде медициналық сақтандыру қорларының жұмысы нақты адамдарға, олардың денсаулығы мен әл-ауқатына бағытталған. Егер емдеу сапасыз болып, науқастың денсаулығына қарамаса қызметті тұтынушы клиент мұндай қызметке төлем жасаудан бас тартуға құқылы. Сондықтан біз медициналық сақтандыру қорының жұмысын реттеп, нақты сақтандыруға көшіп, сонымен қатар Парламентке тұрақты түрде өз кірістері мен шығыстары турал есеп беруін жөн деп санаймыз», – дейді Серік Ерубаев. Аталған мәселе бойынша біз әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ресми хатпен шықтық. Өз жауабында ұйым өкілдері жыл санап жарна мен аударымның көлемі ұлғайғанын, соған сай қызмет сапасы да жақсарып келе жатқанын атап өтті. Соңғы 4 жылда қорға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша жалпы сомасы 1,8 триллион теңгені құрайтын жарна мен аударымдар түскен. Тек 2020 жылы қормен медициналық қызмет үшін жалпы сомасы 1,41 триллион теңгеге шарт жасасқан. Яғни, қаржы сомасы 36 пайызға өскен. Ал өткен жылы тағы 2 триллион теңгеге шарт жасалып, ведомствоның есебі бойынша аталған қаржымен медициналық қызмет пен дәрілік препараттар тізбесінің саны еселене көбейген. Сақтандыру қоры есебінен көрсетілетін консультациялық-диагностикалық қызмет 5 есеге, стационар жағдайында емделушілер 33 пайызға, жоғары технологиялық медициналық көмек 2 есеге, стационарлық көмек өсімі 11 пайызға, пациенттерді амбулаториялық дәрілік затпен қамтамасыз ету 54,1 пайызға артқан. Биыл міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде медициналық қызмет көрсетуге 1 398 медициналық ұйым шарт жасасты. Олардың жартысынан көбі – жекеменшік емдеу мекемесі. Қордағылардың мәліметінше, сақтандырылған азамат жарналардың мөлшеріне қарамастан, медициналық көмекті қажет болған кезде толық көлемде уақытылы алуға құқылы. Яғни, оған айына ең аз дегенде 3 мың теңге төлесе де, қымбат тұратын тексеру, жүздеген мың теңгеге жоспарлы операция жүргізілуі мүмкін. Жалпы сақтандыру түрлері тәуекелдерді, әдетте белгілі бір мерзімге және белгіленген мөлшерде ғана жабады.
Қордағылар сұлу сандармен өз қызметтеріндегі мінсіз сапаны көрсеткісі келгенімен, денсаулық саласындағы жағдай күн сайын емхананың табалдырығын тоздырып жүргендерге мәлімі. Тіпті, қорға міндетті жарна төлеп жүргендер де құмға сіңген судың кебін киген қаражаттан үміт үзген. Демек бір ғана саладағы салғырттық емдеу ісін былай қойғанда, тұтас мемлекеттік жүйенің жұмысын жоққа шығарғалы тұр. Сондықтан мемлекет тарапынан МӘМС қорының жұмысына терең талдау жасалуы қажет секілді.
Ақмола облысы