Түркістан облысында әйелін ұрып өлтірген төрт баланың әкесі қамауға алынды, – деп хабарлайды КТК арнасы. Қызғаншақ күйеу 38 жастағы әйелін арақ ішуден бас тартқаны үшін ұрып-соққан. Ауыр соққыдан көз жұмған Үкіләй Сартаеваның жақындары енді күйеу баласымен қоса, оның шешесін де жауапқа тартуды талап етіп отыр. Марқұм Үкіләй Сартаеваны 15 жыл отасқан күйеуі төрт баласының көзінше сабап тастаған. Марқұмның жақындары күйеу баласының жұдырық ала жүгіретінін бұрыннан біледі. Тіпті бірнеше мәрте ажыратып алмақ болыпты. Бірақ «балаларым үшін шыдаймын» деп әйелдің өзі бас тартқан. «Соңғы рет үйіне ішіп келген отағасы екі шөлмек коньяк әкеліп, біреуін әйелінің аузына құйған, ал қарсыласқан кезде басынан бос бөтелкемен ұрды», – дейді туыстары. Жанжал балаларының көз алдында болған екен.
Марқұмның анасы Қаламқас Сартаева: «Қызды сүйреп үйіне дейін әкелген. Бетінен ұрған, тісін сындырған. Шашынан жұлған. Шаштан шаш қалмаған. Тістен тістің бәрін қағып алған. Ол аз деп, үстіне секіріп, қыздың үстіне секіріп, қызымның қабырғасын сындырған. Жүрегі мен өкпесін жабыстырып жіберген. Сондай айуандықпен істеп отыр», – дейді.Ұрыс болған кезде үйде енесі болған. Бірақ полиция шақырмақ болған немерелеріне тоқтау салыпты. Марқұмның туыстары полиция 40 минуттан кейін келді деп өкпелі. Егер дер кезінде жеткенде төрт баланың анасын арашалап қалуға болар ма еді дейді. Ал тәртіп сақшылары бір баппен қылмыстық іс қозғап, күдіктінің қамауға алынғанын хабарлады. Түркістан облысы ПД тергеу басқармасының тергеушісі Еділ Алтынбаев: «Күдікті қылмысын толық мойындап, өкінішін айтуда. Айғақ зат ретінде алынған заттарға қатысты сот сараптамасы тағайындалған. Күдікті профилактикалық есепте тұрмайды. Көрші және туыстарынан осы күнге дейінгі жанжал болғаны жайлы арыз-шағым осы күнге дейін түспеген», – дейді. Қазір кәмелетке толмаған төрт бала әжесінің қолында. Олар өз-өзіне келгенше білім бөлімі төртеуіне де онлайн режимде оқуға мүмкіндік беріпті. Ал «дер кезінде келмеді» деген полицейлерге қатысты тексеру жүргізілмек.