Осыдан он жыл бұрын елімізде әлеуметтік лифт туралы ең алғаш айтыла бастады. Бұл жүйе білімді жастардың жағдайын жасап, олардың қызмет барысында өсуін қамтамасыз етуді көздейді. Дегенмен әлі күнге дейін елімізде жастар арасындағы жұмыссыздық азаймай тұр. Осыған орай әлеуметтік лифт жүйесін жетілдіру жолдарын әлеуметтік ғылымдар кандидаты Рамазан Салықжановтан сұраған едік. – Кейбір жас мамандар «Қазақстанда тамыр-танысың болмаса, жұмысқа орналаса алмайсың» дейді. Осы орайда қоғамға әлеуметтік лифт қаншалықты қажет? – Жалпы, бір әлеуметтік қауымдастықтан келесі топқа ауысуды әлеуметтік лифт теориясы қарастырады. Мысалы, ауылдық жерден қалаға көшіп келу, орта тап өкілі болып жүріп төмен тапқа өту немесе қатардағы қызметкерден басшылыққа ауысу. Әлеуметтік лифт түсінігі бүгін емес, бұдан бірнеше ғасыр бұрын пайда болған. Сондықтан әлеуметтік лифт деп кең мағынада тұлғаның, әлеуметтік топтың жағдайын өзгертуін, жақсарту немесе төмендетуді қарастыруымыз керек. Оған ықпал ететін саяси, экономикалық, әлеуметтік, рухани факторлар болуы мүмкін. Жұмыссыз жүрген адамның қызметке орналасуы әлеуметтік лифтің бір мысалы. Мойындауымыз керек, қазір қоғамда жұмысқа тұруды бірінші тамыр-танысымен шешетіндер бар. Бұл жағдай бізде ғана емес басқа елдерде де кездеседі. Олардың арасында өз күштерімен қызметке тұрғысы келетіндер көп. Бірақ қоғамда әлеуметтік лифт жүйесі дұрыс қалыптаспағандықтан олар ең бірінші осы жолды таңдайды. Айта кету керек, барлық салаға бірдей бір жүйе жүре бермейді. Бір салаға таныссыз кіре алмайсың, бір сала тұлғаның жеке қабілетіне қарайды, енді бір сала бірінші келген адамды жұмысқа кіргізіп алады. Бұл жерде жағдайды өзгертуге білім, таныс-тамыр, қаржы, саяси факторлар әсер етеді. Мысалы, «100 жаңа есім», «Президенттік жастар кадрлық резерві» деген жобалар арқылы көтеріле алмай жүрген жастар жоғары қызметтерге тағайындалды. Сондықтан әлеуметтік лифт біздің қоғамда бар. Бірақ салаға байланысты әртүрлі деңгейде. Әлеуметтік лифт біздің елімізде осыдан 8-9 жыл бұрын айтыла бастады. Бұл жастарды саяси белсенділікке, экономикалық тапқырлыққа тартып, қоғамды өзгертудің бірден-бір себепшісі. – Жалпы, қандай құрылымдар әлеуметтік лифт қызметін атқара алады? – Әлеуметтік лифт қызметін өз кезегінде әлеуметтік институттар атқарады. Оған білім беру, саяси партиялар, қаржы және адамның жеке қасиет-қабілеті жатады. Неге қаржы? Себебі басқа факторлар арқылы қызметке тұра алмаған азаматтар ақша арқылы жұмысты сатып алып орналасады. Яғни, бұл жерде қаржы әлеуметтік лифттің қызметін атқарып тұр. Сонымен қатар жастар әскерге барып, мамандық игерсе, өзінің денсаулығын нығайтса, әлеуметтік-рухани дамуын жалғастырып, шендік жағынан өсетін болса, әскер де әлеуметтік лифт бола алады. Қазір бизнес те әлеуметтік лифт қызметін атқара алады. Қолда бар қаржымен бизнес бастап, кейін оны үлкейтсе, ол да әлеуметтік лифт қызметін атқарады. Қоғамда әлеуметтік лифт құрылымының дамуы нарықты сапалы мамандармен қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді. Қазір білімді жастар неге шетелге кетіп жатыр? Өйткені ол жақта жалақы жоғары, тұрақты, мансаптық өсу бар, алатын несиелерінің пайызы төмен, барлық қызмет ашық. Бізде мұндай емес. Сондықтан өз бағасын білетін мамандар шетелге кетіп жатыр. Оларды патриоттық ұранмен ұстап қала алмаймыз. Олардың айтатын уәждері: қоғамымыздағы құқықтық теңсіздік пен мансаптық өсу жолындағы әділетсіздік, еңбекақының аздығы. Біздегі әлеуметтік лифт шынымен жұмыс істегенде, керісінше шетелдік азаматтар Қазақстанға келіп жұмыс істейтін еді. Айталық, жақында Германияда 25 жастағы қыз министр болып тағайындалды. Міне, бұл – әлеуметтік лифт. Тоқсаныншы жылдары Чехияға біздің жерлесіміз Жәмила Стехликова көшіп барып, министр, Парламент депутаты болды. Ал біздің елге көшіп келген өзге ұлт өкілі министр бола ала ма? Әрине, жоқ. Канаданың Білім министрі қытай, Қорғаныс министрі индус. Ендеше дамыған елдерде қоғам біреудің қасиет-қабілетін мойындап, жол аша алады. Бізде бұл үрдіс қалыптаспаған. – Сонда әлеуметтік лифт жүйесі тек жастарға арналған ба? – Теориялық тұрғыда әлеуметтік лифт қоғамдағы барлық адамды қамтуы тиіс. Бірақ қырықтан асқаннан кейін жұмыс берушілер мамандарға қызықпайды. Бүгінгі 45-тегі азамат жоғары білімді Кеңес заманында алды, компьютерлік бағдарламаларды да толық білмейді. Дер кезінде біліктілігін жетілдірмесе, жиырмасыншы ғасырда қалып қояды. Сәйкесінше жұмыс берушілер де ол маманға риза болмайды. Сондықтан әлеуметтік лифт 18-30 жас арасындағы жастардың дамуына жұмыс істейді. Одан кейін әлеуметтік лифттің көмегімен өсетіндердің саны азая береді. – Орта таптың қалыптасуына әлеуметтік лифт қандай да бір алғышарт жасай ала ма? – Тұрақты жұмысы, баспанасы, көлігі және білімі бар тұлға орта тап өкіліне жатады. Ол өзі өмір сүріп жатқан экономикалық-саяси жүйені қолдайды. Өйткені оның жағдайын жасауға елдің жүйесі тікелей әсер еткен. Сондықтан орта тап қоғамды ұстап тұратын күш. Сондай-ақ орта тап өз-өзінің санын өсіреді. Яғни, орта тап өкілінің баласы, сол тапты толықтырады немесе жоғары тапқа көтеріледі. Ал төменгі тап өкілдері жоғары білім алып, жұмысқа тұрып, баспана алып, экономикалық-саяси жүйені қолдап, орта тапқа қосылады. Сәйкесінше біреу білім арқылы, енді біреу жеке қасиеттері арқылы төменгі таптан орта тапқа көтеріледі. Әлеуметтік лифт осылайша әр адамға әртүрлі факторлар арқылы әсер етеді. Олай болса, орта таптың қалыптасуына әлеуметтік лифт алғышарт бола алады. – Дүниежүзілік банк Қазақстанда кедейлер саны өсетінін болжады. Бұл болжам шындыққа жанаса ма? Біздегі кедейлер санын кім құрайды? – Кедейлік – адамның, белгілі бір әлеуметтік топтың немесе мемлекеттің өмір сүруіне, тіршілік етуіне қажетті ресурстарға қол жеткізе алмауы. Кедейлікті абсолютті және салыстырмалы деп екіге бөледі. Абсолютті кедейлік дегеніміз – адамның, әлеуметтік топтың өз тіршілігіне ең қажетті ресурстарға қолының жетпеуі. Ал салыстырмалы кедейлік – қоғамдағы өмір сапасын білдіретін стандарттарға белгілі бір топтың қолының жетпеуі. Бұл жерде басқалармен салыстыра отырып, «мынандай көрсеткішке сәйкес келсе, кедей дейміз» деген тәрізді талаптарға сай келуіне байланысты бағаланады. Айталық, білім турасында алсақ, білімге қолының жетпеуі, медицина қызметін, қоғамдағы өзге де игіліктерді пайдалана алмауы. Әдетте кедейлер сапалы білімге, медициналық қызметке қол жеткізе алмайды және олардың өмір сапасы да төмен болады. Көбінде біз кедейлікті материалдық тұрғыдан қараймыз. Ал кедейліктің тағы бір маңызды бағыты – рухани кедейлік мәселесі. Кедейліктің бұл түрі материалдық кедейліктен де күрделі және қауіпті. Кез келген адамда табиғи қажеттіліктерді өтеуге керек болатын қаржылық-материалдық құндылықтармен қатар, оның басқалармен қарым-қатынас орнатуға, шығармашылығын, ой-пікірін өзгелермен бөлісуге, білімін көтеріп, біліктілігін арттыруға деген ұмтылысы, мұқтаждықтары болады. Бұлардың барлығы адамның мәдени капиталы динамикасына ықпал етеді. Ал адами капитал негізін білім құрайтындықтан, оған деген қажеттілік рухани мұқтаждықтар тобын қалыптастырады. Рухани қажеттіліктердің қанағаттанбауы рухани кедейлікке апарып соғады. Ал рухани және материалдық кедейлік өзара байланысты. Айталық, материалдық тұрғыда кедей адамның рухани байлыққа қол жеткізуі неғайбіл. Сол сияқты рухани кедейлік материалдық игіліктерге қол жеткізуге мүмкіндік бермейді. Бұл жерде мәселе қазақ қоғамында айтылатын «рухани байлық» туралы емес, әлеуметтану ғылымында жүйеленген, нақты сипатталған рухани байлық немесе кедейлікке қатысты болып отыр. Сондықтан қоғамның кедейленуі, кедейлер қарасының көп болуы тұтас қоғамның рухани деградациясына алып келуі ықтимал. Рухани деградация ешқашан материалдық байлыққа, жағдайды жақсартуға, жақсы нәрсеге, сапалы өмір, білім, қызметке ұмтылуға мүмкіндік бермейді. Сол себепті кедейлікті мүмкіндігінше болдырмауға тырысу керек. Ол үшін мемлекет өзінің институттық тетіктерін, өз мүмкіндіктерін пайдалана отырып, әлеуметтік-экономикалық реформалардың, бұл бағыттағы саясаттың концептуалды негіздеріне назар аударуы тиіс. Ал біздің билік мемлекеттің әлеуметтік институт, оның ішінде әлеуметтік лифт ретіндегі тетіктерін тиімді пайдалана алмай отыр. – Әңгімеңізге рақмет!