Шығыстағы «шу»: өтемақы екі рет берілмейді
Шығыстағы «шу»: өтемақы екі рет берілмейді
© коллаж: Елдар Қаба
574
оқылды
Қазір шығыстағы ХҚКО-ларда ­да халықтың қарасы қа­лың. Әсіресе, сәуір айында келу­шілер саны күрт артыпты. Бұған – еGov.kz порталында Се­мей полигонындағы ядро­лық сынақтың салдарынан зардап шеккен азаматтарға арналған жаңа қызметтің іске қосылуы себеп. Ал шығыс­қа­зақ­стандықтар мұны бұрын-соңды берілмеген, жаңа тө­лем түрі деп түсінген сияқты. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» болса шығыстағы жағдайда жалғыз хабарлама жұрт­шылықты әуреге салды. «Семей сынақ полигоны аумағында 1949-1965, сондай-ақ 1966-1990 жылдар аралығында өмір сүрген азаматтар еGov.kz порталы арқылы мемле­кеттен көмек ала алады» деп бас­талатын хабарламаны көпшілік дұрыс түсінбей қалған сыңайлы.

Жаңа қызметті жаңа төлеммен шатастырған

Мәселенің мән-жайын Шығыс Қазақстан облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарла­маларды үйлестіру басқармасы мен Өскемендегі халыққа қызмет көрсету орталығынан білдік. Бас­қарманың әлеуметтік төлемдер бөлімінің басшысы Бұлбұл Құс­манова полигон аумағындағы ха­лыққа арналған төлемнің ешқан­дай да жаңа түрі шықпағанын айтты. «Халық жаңа қызмет дегенді жаңа төлем деп түсініп қалған се­кілді. Ал «электронды үкімет» пор­­­талында жаңа қызметтің шық­қаны рас. Бұған дейін Семей сы­нақ полигоны аумағында 1949-1965, 1966-1990 жылдар аралығын­да өмір сүрген азаматтар біржолғы өтемақыны тек мемлекеттік ор­гандар арқылы алып келген. Енді бұл қызметті «электронды үкімет» порталы арқылы үйден шықпай-ақ онлайн алуға болады. Бұл – пи­лоттық жоба. Цифрлық даму ми­­нистр­лігі бар болғаны осы жаңа­­лық­ты халыққа жеткізгісі кел­ген», – дейді Бұлбұл Құсманова. Оның айтуынша, қазір бас­қармаға хабарласып немесе ар­найы келіп жатқан адам көп. Олардың дені біржолғы өтемақыны бұрын алған. «Тұрғындарға 1992 жылы шыққан «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңды мұқият қа­рап шықса деген өтініш айтқымыз келеді. Осы заңның 12-бабында ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарға бері­летін жеңілдіктер мен өтемақы мөлшері көрсетілген. Мәселен, төтенше радиациялық қауіпті аймақта 1949-1965 жылдары тұрған азаматтарға әрбір жыл үшін 5,23 айлық есептік көрсеткіш, 1966-1990 жылдары тұрған азаматтарға әрбір жыл үшін 1,05 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бірреттік ақшалай өтемақы қарастырылған. Ал ең жоғары радиациялық қауіпті аймақта (1949-1965 жылдар үшін 2,62 АЕК, 1966-1990 жылдар үшін 1,05 АЕК), жоғары радиациялық қауіпті аймақта (1949-1965 жылдар үшін 1,57 АЕК, 1966-1990 жылдар үшін 0,79 АЕК), ең төмен радиа­циялық қауіпті аймақта (1949-1965 жылдар үшін 1,05 АЕК, 1966-1990 жылдар үшін 0,52 АЕК), жеңілдікті әлеуметтік-экономикалық мәрте­бесі бар аймақта (1949-1990 жыл­дар үшін 0,26 АЕК) тұрған азамат­тарға берілетін өтемақы көлемі осылай белгіленген. Қарапайым тілмен түсіндірсек, бірінші санатқа (төтенше радиациялық қауіпті аймақ) жататын аймақ тұрғындары 1949-1965 жылдар үшін бір жылға, бір адамға – 16 019 теңге, 1966-1990 жылдар үшін бір жылға – 3 216 теңге, екінші санат (ең жоғары ра­диа­циялық қауіпті аймақ) сәйке­сінше 1949-1965 жылдар үшін бір жылға – 8 025 теңге, 1966-1990 жыл­дар үшін бір жылға 3 216 теңге кө­лемінде біржолғы өтемақы алады. Үшінші санатқа (жоғары радиациялық қауіпті аймақ) 1949-1965 жылдар үшін 4 808 теңге, 1966-1990 жылдар үшін 2 419 теңге, төртінші санатқа (ең төмен радиа­циялық қауіпті аймақ) 1949-1965 жылдар үшін бір жылға – 3 216 теңге, 1966-1990 жылдар үшін 1 592 теңге, бесінші санатқа (жеңіл­дікті әлеуметтік-экономикалық мәрте­бесі бар аймақ) 1949-1990 жылдар үшін бір жылға 796 теңге төле­неді», – дейді бөлім басшысы. Айта кетейік, аталған заңның 2-тарауында ядролық сынақ жүр­гізілген кезде радиоактивті шөгін­ділердің әсеріне ұшыраған 5 аймақ көрсетілген. Яғни, 5 санатқа бөлін­ген. Төтенше радиациялық қауіпті аймаққа Шығыс Қазақстан облы­сының Абай ауданы Саржал ауыл­дық округі, Бесқарағай ауданы Долон ауылдық округі, таратылған Жаңасемей ауданының Сарыапан және Иса елді мекендері, ең жо­ғары радиациялық қауіпті аймаққа Шығыс Қазақстан облысының Абай, Бесқарағай және таратылған Жаңасемей аудандары, Семей қаласына қарасты Ақбұлақ, Алғабас, Айнабұлақ, Қараөлең және Таңат ауылдық округтері, Павлодар облысы Май ауданының Ақжар және Малдар ауылдық округтері, жоғары радиациялық қауіпті аймаққа Шығыс Қазақстан облысының Бородулиха, Жарма, Аягөз, Глубокое, Шемонаиха, Ұлан аудандарының елді мекен­дері, Семей, Курчатов, Өскемен және Риддер қалалары, таратылған Қа­зы­бек би ауданының аумағы шегін­де Қарағанды облысының Қарқара­лы ауданы, Павлодар облысының Май ауданы, ең төмен радиациялық қауіпті аймаққа Шығыс Қазақстан облысының Үржар, таратылған Таскескен, Көкпекті, Ақсуат, Алтай (бұрынғы Зырян), Зайсан және Тарбағатай аудандарының, Қа­рағанды облы­сы­ның таратылған Қазыбек би ауданының аумағын қоспағанда, Қарқаралы ауданының, Павлодар облысының Лебяжі (қазіргі Аққулы) ауданының елді мекендері жатады. «Міне, осы 5 аймақта 1949-1965, 1966-1990 жылдары тұр­ған, жұмыс істеген, оқыған, әс­кери борышын өтеген азаматтар­дың біржолғы өтемақы мен эко­ло­гиялық куәлік алуға құқы бар», – дейді Бұлбұл Құсманова.

Қандай құжаттар қажет?

Өтемақы мөлшерін, оны кім­дердің алуға хақы бар екенін айт­тық. Ал біржолғы өтемақы мен эко­логиялық қуәлікті бұрын-соңды алмаған адамдар не істейді? Қайда барғаны ләзім? Қолдарында қандай құжаттар болуы керек? «Қазір осы сұрақтармен халыққа қызмет көрсету орталықтарына келіп жатқан адам көп. Мәселен, облыс бойынша наурыз айында 313, сәуір айында 766 адамға қыз­мет көрсетілді. «Біржолғы өтема­қыны мен алған жоқпын немесе қашан алғанымды ұмыттым» деген адамдардың құжаттарын қабылдап жатырмыз. Ол кісілерге өтема­қының берілетіні, берілмейтіні 5 жұмыс күні ішінде белгілі болады. Мұны қалалар мен аудандардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері анықтайды. Өтемақыны бұрын алған адам­дардың өтініштері қанағаттан­дырылмауы мүмкін, өтемақыны алмаған кісілерге төлем төленеді, есепшотына ақша жіберіледі. Бізге «Кезінде Семейде оқып едім. Өтемақы маған беріле ме?» деп сонау Батыс Қазақстаннан жазып жатқан тұрғындар да бар. Бұл кі­сілер жоғарыда көрсетілген 5 ай­мақта болғанын құжат арқылы дәлелдесе, өтемақы алуға құқы бар. Құжаттарын жергілікті жердегі халыққа қызмет көрсету орталығы­на өткізуіне болады», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясы Шы­ғыс Қазақстан облыстық филиа­лының баспасөз хатшысы Мөлдір Зәруетқызы. Корпорация өкілінің айтуын­ша, біржолғы өтемақыны алу үшін төлқұжат, туу туралы куәлік, еңбек кітапшасы, білімі туралы аттестат, әскери билет секілді құжаттар қа­жет. «Қазір өтініштер үш нұсқада, яғни халыққа қызмет көрсету орта­лықтары, әлеуметтік бағдарлама­лар бөлімдері және еGov.kz арқылы қабылданып жатыр. Үшеуіне өт­кізілетін құжаттар тізімі бірдей. eGov.kz порталы арқылы өтініш бергіңіз келсе, электронды цифр­лық қолтаңба (ЭЦҚ) болуы керек. ХҚКО мен әлеуметтік бағдар­ламалар бөлімдеріне барсаңыз, өтініш жа­за­сыз. Кейбір кісілер «халыққа қызмет көрсету орта­лықтарына барсақ, қызыл белгі шығып тұр, біз­дің құжатымызды таппады» деп жатыр. eGov.kz ар­қылы қабылдау пилоттық жоба болған соң техникалық ақаулар болуы да мүмкін. Ондай жағдайда ха­лыққа қызмет көрсету орта­лықтары мен әлеуметтік бағдар­ламалар бөлім­деріне баруға бо­лады. Негізі, бір­жолғы өтемақы алған азаматтардың экологиялық куәлігінде белгі бар. Мөр соғылған. Ал өзге өңір тұр­ғын­дары өзінің және отбасы мүше­лерінің 5 аймақ­тың бірінде тұрға­нын растайтын құжаттарын өткізсе болғаны. Ең бастысы, баланың туу туралы куә­лігі мен әке-шешесінің жұмыс істе­ген, оқы­ған немесе әс­кери қыз­­метте бо­л­ған уақыты сәй­кес келуі керек», – дейді мемкор­порация өкілі.

Қысқасы, полигон аумағында тұр­ғандарға, қазір де тұратындарға еш­қандай да жаңа төлемақы та­ғайын­далмайды. Бар мәселе сол тө­лемақыға құжат қабылдау тәрті­бінің өзгеруінен болса керек. Оның үстіне, бұл шуда тиісті органдардың өзінде бар ақпаратты тарату асқан жауапкершілікпен қарауы қажет­тігін де көрсетіп бергендей.

Шығыс Қазақстан облысы