Үй де жоқ, күй де жоқ
Үй де жоқ, күй де жоқ
490
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында 2017-2021 жылдар аралығында жү­зеге асырылған «Еңбек» бағдарлама­сының нәтижесі көңіл көншітпейді. Қыруар қаржы бөлінген бағдар­ламаның түстіктегілерді қызықтыр­ған тұсы тұрғын үймен қамту еді. Алайда бүгінде баспаналы боламын деп балағын түріп, білегін сыбанып келгендердің көңілінде алаң бар. Себебі те­ріскейдегі қоныс аудару­шыларға арналып салынған үйлердің сапасы сын көтермейді. Рас, әу баста бұл бағдарлама аясында жұмыс күші көп өңірден солтүстік аймақ­тарға көшкісі келген отбасылар қоныс ау­дарып, олардың барлық жағдайы жа­салуы тиіс еді. Мұнда оларды тұрғын үй­мен және жұмыспен қамту мәселесі де оңтайлы шешілуі керек болған. Дегенмен нәтиже түскейден теріскейге көшкендер күткендей болып шықпады. Өйткені қоныс аударушыларға салынған үйлер тым сапасыз. Былтыр ел Президенті осынау олқылыққа жол берген екі ауданның әкі­мін қызметінен босатқан еді. Алайда содан кейін де жағдай оңалып кете қоймағанға ұқсайды. Солтүстік Қазақстан облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Мұстафиннің айтуынша, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2019-2021 жылдары 8 миллиард 630 миллион теңгеге 1 200-ден астам үй сатып алынған. «Оларға жүргізілген мониторинг пен тексеріс барысында 485 үйдің ақауы бар екені анықталды. Соның ішінде 472 үй қай­та жөнделді. Ал 13 үйді жөндеу жұмыс­тары әлі аяқталған жоқ. Айыртау ауданын­дағы 6 үй бойынша мердігермен сот ар­қылы осы жылдың 31 мамырына дейін кем­шіліктерді түзету туралы келісім жа­сал­ды. Мамлют ауданындағы – үш, Тайынша ауданындағы төрт үйге қатысты кепілді міндеттемелерді орындату туралы сот жүріп жатыр. Шілде айына дейін жұ­мыс­ты аяқтау туралы мерзім белгіледік»,– деді Қайрат Сағидоллаұлы. Басқарма басшысы түсіндіргендей, заң­намаға сәйкес жеке тұрғын үй құры­лысы техникалық сүйемелдеуді талап ет­пейді екен, үйлерді меншік иесінің өзі пай­далануға береді. Яғни, құрылыс ба­рысы мен үйді пайдалануға қабылдау ке­зеңіне мемлекеттік құрылымдар аралас­пайтын көрінеді. «Ал сатып алған кезде бұл үйлер сатып алу процедурасына қойы­латын тиісті талаптарға сәйкес келген болатын» деп сендірді Қ.Мұстафин. Расында, құрылыс жұмыстарының жекелеген түрлерінің сапасыз орындал­ғаны үйді пайдалану кезінде ғана белгілі болған. Қайрат Мұстафиннің айтуынша, кемшіліктердің 65 пайызы нысанның ішкі құрылыс жұмыстарына қатысты. Яғни, үйлердің кейбірінде шатыры мен едендері тиісінше төселмеген, есіктері сапасыз орнатылған, сантехника атымен жоқ, үйлердің айналасына асфальт төселмеген.

Жер аударуға ұқсайды

Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Павел Афанасьев үйлердің сапасын қатаң сынға алды. «Асығыс салынған үйлер қоныс аударушылардың наразылығын туғызды. Бұл баспаналар елді мекендердің шетінде орналасқан. Көшіп келушілер өз сорпасында өзі қайнай отырып, жаңа жерге бейімделуге тура келеді. Оңтайлы деп саналатын бұл бағдарлама сырт қара­ғанда жер аударуға ұқсайды. Жергілікті тұрғындар Солтүстік Қазақстан облысы­нан үдере көшіп жатыр. Олардың орнына қандастар мен қоныс аударушылар келіп жатқанымен, демографиялық алшақтық азаймай отыр. Сондай-ақ өлім-жітім көрсеткіші ар­тып, туу деңгейі керісінше төмендеген», – дейді Павел Афанасьев. Қоғамдық кеңес мүшесі 20 миллиард теңге бөлінген бағдарлама арқылы теріс­кейге келгендердің қазіргі жағдайына алаңдайды. «Шындап келгенде, қоныс аударушы­лар әлдеқайда жақсы өмір сүруі тиіс. Бағдарламаға қаншама қаржы бөлінді. Бірақ нәтижесі ойдағыдай емес. Бұл қар­жы қайда жұмсалды деп сұрауға хақымыз бар. Үйлер бірнеше жылдан бері қаңырап бос тұр. Салдарынан жарамсыз болып жатыр. Үш жыл бос тұрған үйге кейін кө­шіп келушілерді қоныстандырады. Қаң­қа­сына дейін қатып қалған үйге қанша жерден пеш жақса да жылыту мүмкін емес», – дейді қоғамдық кеңес мүшесі. баспана Шынымен, Қызылжар ауданына қа­рас­ты Чапаево ауылында салынған үйлердің біріне Түркістан облысынан қоныс аударған Қасиет Әбсаттарова үйлердің суық екенін жасырмады. «Қара­шаның қара суығы келген кезде балалар­дың бөлмесін мүлдем жауып тастауға мәжбүр болдық. Өйткені еш жылынбай-ақ қойды. Қыста жылу құбырларына су құйсақ, мұз қатады. Маңайда осы типтес 12 үй бар. Барлығы суық. Әкімдікке бар­сақ, кінә өздеріңнен деп қайтарып жі­береді. Құрғақ уәдемен шаршатты», – дейді Қасиет Әбсаттарова. Қоғамдық кеңес мүшесі Павел Афанасьев 2018-2021 жылдары салынған үйлердің дені бос тұрғанын атап өтті. Мә­селен, Айыртау ауданында – 17, Жамбыл ауданында – 23, Ақжар ауданында – 10, Мамлют ауданында 2 үй бос тұр екен. Тимирязев ауданында 67 үй салынғанымен, оның алтауында адамдар тұрып жатқан көрінеді. Баспанадан бөлек, алғашында қоныс аударушыларға уәде етілген жала­қысы жақсы жұмыс та құрғақ уәде күйінде қалғандай.

500-ден астам адам қайта көшіп кетті

Облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары бағдарлама бойынша үйлерді сатып алуға ғана қаржы қарастырылғанына қарамастан, қора-қопсы салуға, септиктер мен қоршаулар орнатуға, сумен және электр жарығымен жабдықтауға, жол салуға және басқа да іс-шараларға аудандар мен облыс бюджетінен шамамен 800 миллион теңге бөлінгенін айтып ақталды. Алайда кейбір қоныс аударушылар әлі күнге дейін қора салынғанын күтіп жүр. Былтыр Шымкент қаласынан көшіп келген Айдана Орынбасар отағасымен мал өсіріп, кәсіп ашқысы келгенімен, бұған қора-қопсының жоқтығы қолбайлау болды. Ол әкімдік салып беруге уәде еткен қораны күтіп жүргеніне бір жылдың жүзі болғанын айтады. «Жуырда облыс әкімі жиналыс өткізді. Онда қора салуға 20 миллион теңге ақша бөлінгені айтылды. Ол қаражат бір ап­тадан соң тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылығы бөліміне түсуге тиіс еді. Бірақ ол да жоқ. Биыл ау­данда қора соғылуы қажет екен. Ал 20 миллион теңге оған жет­пей­тін көрінеді. Былтыр да қаржы бөлінді деп естіген едік. Бірақ ешкімге қора са­лын­бады. Бізге бұл үйді 7 миллион теңгеге аласыңдар деген еді. Бірақ келісім­шартта 7,3 млн теңге деп тұр. Неге деп сұра­ға­ны­мызда, асфальт төселеді және су өт­кі­земіз деп жауап берді. Қалтамыздан ақша шы­ғарып, суды өзіміз тартып алдық. Тұрақты жұмыс жоқ. Тауып берген жұ­мысы­ның айлығы – 50-60 мың теңге. Ол ақшаға қай жыртығымызды жа­май­мыз? Терезелерден жел уілдейді. Төбе­ден су ақты. Едендер де көгере бастады. Еш көмек болмаған соң өзіміз жөндеп жатырмыз», – дейді Қызылжар ауданына қарасты Чапаево ауылының тұрғыны Айдана Орынбасар. Қытайдан келген қандас Серік Қадыр­бек те қолда бар малын сатып жатқанын айтады. «Жағдай жасаймыз, барынша көмектесеміз» дегенге сеніп келдік. Жайылым жер, шабындық береміз деген соң осы жаққа ат басын бұрдым. Қазір малдан басқа ештеңеміз жоқ. Келгенде 20 сиыр болған. Жартысын сатып жібердім. Мұнда бос жатқан жерлерге де мал жай­ғызбайды. Жеті сиырды сауып, сүтін сата­мыз. Шағын бизнесім бар деуге болады. Бірақ оны ары қарай дамыту үшін грант ала алмай отырмын. Әкімдікке барсақ «ана портал, мына портал», – дейді. Одан қалды жасымның 29-да екенін айтады. Әңгімесі көп. Ешқандай игілік ала алмай жатырмыз», – деді Чапаево тұрғыны Серік Қадырбек. Келген жағына қайта көшіп кетуші­лердің кейбіреулері әлеуметтік және еңбек шарттарының мерзімі аяқталғанын көр­сетіпті. Кейбіреуінің жұмысы маусым­дық, яғни уақытша болса керек. Әрі Солтүстік Қазақстан облысындағы қымбатшылық қыспаққа алған. Мұнда азық-түліктің те, құрылыс материалдарының да бағасы аспандап тұрғаны көңілдеріне жаға қой­мағаны анық. Мәселен, Шымкентте 6 мың теңге тұратын профлист үшін солтүстік өңірде 22 мың теңгеге шы­ғындану керек. Қоныс аударушылар үшін Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындардың басым бөлігі орыс тілінде сөйлесетіні де қиындық тудырады. Мәселен, Сарыағаш­тан Мамлют ауданына көшіп келген Ғани Жүсіпбеков бүгінде сот табалдырығын тоздыруға мәжбүр. Азғантай еңбекақыны місе тұтпай, өз ісін дөңгелетпек болған кә­сіпкер мемлекет грантына ие болғаны­мен, енді сол қаржы үшін басы істі болып отыр. «Бизнестің Жол картасы» бағдар­ламасы бойынша мемлекеттен 2 миллион 400 мың теңге қайтарымсыз грант алып, монша ашқан азаматтан бү­гінде грантты қайтару талап етілуде. Ғани Жүсіпбековтің айтуынша, сот отырысы толығымен орысша жүріп жатқан көрінеді. Бұл – өз құқығын бұзу деп білген азамат сот отырысы мемлекеттік тілде жүргізілуін талап етуде. «Сот отырысы төрт рет орыс ті­лінде өтті. Бірақ мен орысша білмеген­діктен, ештеңе түсінгенім жоқ. Оларға мен қазақша жүргізуін өтіндім. Бірақ менің сөзіме ешкім мән беріп отырған жоқ. Өздері тіл білмесе, аудармашы алдыртсын. Ол да жоқ. Сондықтан келесі сот отырысы мемлекеттік тілде өтпесе, қатыспаймын деп заңды талап қойып отырмын», дейді Ғани Алғабекұлы. Бір сөзбен айтқанда, 2017-2021 жыл­дарға арналған «Еңбек» бағдарламасының нәтижесі көңілден шықпай тұр. Сонда да болса Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс күші әлі де жеткіліксіз. Электронды еңбек биржасында 1 740 бос жұмыс орны тіркелген. Ал осы қажеттілік өтеуді мақсат етіп көшіп келген 500-ден астам адам қайтадан көшіп кеткені қынжылтады. Көш бағытының кері бұрылуы әлгінде біз мысал еткендей қоныс аударушыларға лайықты жағдай жасалмауынан болса керек.

Солтүстік Қазақстан облысы