Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қалалық және ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау мәселелері қаралды, – деп хабарлайды primeminister.kz. Жиында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев былтыр елімізде сумен жабдықтау қызметтерінің қолжетімділігі 96%, оның ішінде, қалаларда 98,1%-ды және ауылдарда 93% болғанын айтты. Соған қарамастан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан ауылдарда ауызсу мәселесі шешілмеген. Сондай-ақ Жамбыл облысы да артта қалып отыр. Қ. Өскенбаевтың айтуынша, биыл республикалық бюджеттен сумен қамтамасыз етуге 215 млрд теңге, оның ішінде қалаларда 120 млрд теңге және ауылдарда 95 млрд теңге қарастырылған. Бұл қала халқының 98,5%, ал ауыл халқының 94,7% сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.