Шетелден көлік әкелу тиімді ме, оның құжаттарын қалай рәсімдейді?
Шетелден көлік әкелу тиімді ме, оның құжаттарын қалай рәсімдейді?
1,240
оқылды
Мамандардың сөзінше, шетелден көлік алдыратын қазақстандықтардың саны көп. Көлік сарапшысы Юрий Белов сырттан келетін көліктердің неге тиімді екенін түсіндірді. Утильалымының бұрынғы пайыздық мөлшерлемесі кезінде де қазақстандықтар шетелден көлік әкелуді доғарған жоқ. Бүгін де бұл жағдай өзгермейді. "Неге десеңіз, Қазақстандағы көлік картасын шетелдік бағдарламалармен салыстыруға келмейді. Одан бөлек, қазір шетелде көлік рәсімдеу процесінің жылдамдығы 5 есеге артты", - дейді ол Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында. Шетелдегі көліктер Қазақстан нарығымен салыстырғанда кемінде 5 миллионға дейін арзан болуы мүмкін. Toyota Camry, Subaru, Volkswagen - қазақстандықтар шетелден ең көп алып келетін көліктер. Юрий Белов бұл шетелдік көліктің сапасының жоғын не қандай да бір кемшіл тұсын білдірмейтінін, керісінше, көп жағдайда сырттағы көліктердің жағдайы жақсы болатынын айтты. "Дегенмен, шетелден барлық көлікті тиімді бағаға сатып ала алмайсыз. Мәселен, Toyota Camry тек Қазақстанда емес, Америкада да жоғары сұранысқа ие көлік, сондықтан оны сырттан алып келудің мәні жоқ. Егер АҚШ-тан дәл осы марканы алдыртатын болсаңыз, айырма тек 1 500 000 теңге болады. Ал бұл сома техникалық құжаттардың рәсімделуімен-ақ кетіп қалады. Сонымен қатар, 3-4 мың долларға (1 750 000 теңге) Subaru Impreza алатын болсаңыз, оның біздің елдегі бағасы - 8 миллион теңге. Яғни, бұл жерде көліктің өзі де көп роль атқарады", - дейді сарапшы. Қазақстандықтар көп жағдайда АҚШ-тан, БАӘ-ден және Грузиядан көлік әкеледі. Әр елдің автонарығының өз ерекшелігі бар, бірақ осы мемлекеттер шетелдіктер үшін ең тиімді жағдайды жасаған. Мысалы, автосарапшы БАӘ мен Грузия елдері, ең алдымен, көлікті сақтандыру аукциондарынан алып, оның бұзылған жері болса, толық жөндеуден өткізетінін, содан кейін ғана көлікті Қазақстанға жіберетінін қосты. "Бұл қазақстандықтар үшін таптырмас бонус деуге болады, себебі қазір Қазақстанға ұрылған көліктерді кіргізуге болмайды. Бұл туралы заңда ашық жазылған. Басқа елдерде мұндай әурешілік жоқ, яғни кез келген сатып алушы соғылған көлігін елге әкеліп, оны өз елінде жөндеп, кейін сертификат алады", - дейді ол. Беловтың сөзінше, бұл жағдай Қазақстанның автонарығына тікелей әсер етіп жатыр. "Бұл елдегі бизнестің тұралап қалуына әкеліп соғып жатыр. Өйткені Қазақстанға келген көліктің барлығы шетелде жөнделген. Мұның салдарынан елде көлік бөлшектері азаяды, себебі сұраныс жоқ. Ал ол өз кезегінде көлік жөндеудің қымбаттауына әсер етеді. Бір сөзбен айтқанда, ақшаның барлығы өзіміздің елге емес, сыртқа кетіп жатыр", - дейді сарапшы. Сонымен қатар, маман шетелден көлік алу процесі қалай жүретінін түсіндірді. "Ең алдымен, сіз шетелге көлік алу үшін барғанда ол жақтың автобазарына және диллерлік дүкендеріне мән бересіз. Онда міндетті түрде шетелдіктермен жұмыс істейтін агенттер болады. Одан кейін ұнатқан көлігіңізді таңдап, толық диагностика жасатасыз. Барлық төлемдер шетелде жасалады. Одан кейін көлік Қазақстанға келеді. Артынан шетелден келген көлік елдің аумағындағы уақытша қоймаға жіберіледі. Ол жерде көліктің Қазақстан аумағына өткені туралы белгі қойылады және көлікке қатысты барлық құжаттарды береді. Сосын брокермен келісіп, көліктің бағасын шығарасыз. Бірнеше күн ішінде брокер барлық ресми төлемді ұсынады. Оның ішіне 15 пайыздық мемлекеттік баж және 12 пайыз тұратын қосылған құнға салынатын салық төлейсіз. Осы операциялардан кейін 2-3 күн ішінде көлікті аласыз", - деді Юрий Белов.