Биыл Жеңіс күніне орай 5 млрд 400 млн теңгенің біржолғы әлеуметтік көмегі беріледі, – деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Руслан Сәкеев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингінде мәлім етті.
«Ардагерлерге бір жолғы материалдық көмек көрсету дәстүрге айналды. Осыған сәйкес, Жеңіс күніне орай жергілікті атқарушы органдардан сомасы 5 млрд 400 млн теңге біржолғы көмек көрсету қаражаты қарастырылған», – деді вице-министр.
Бұл қаражат мына адамдарға біржолғы көмек ретінде берілмек:
- Екінші дүниежүзілік соғысының қатысушылары мен мүгедектері – 381 адам;
- Қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 92 адам;
- бұрынғы концлагерьлердің кәмелетке толмаған тұтқындары – 212 адам;
- Екінші дүниежүзілік соғысының қайтыс болған мүгедектерінің әйелдері (күйеулері) – 3 221 адам;
- Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде қаза тапқандардың жесірлері – 6 адам;
- тыл еңбеккерлері - 74 116 адам;
- Екінші дүниежүзілік соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген басқа тұлғалар – 20 111 адам.
Бұған дейін Президенттің Жеңіс күніне орай бірқатар шараға қатысатынын жазғанбыз.
Вице-министрдің мәліметі бойынша, Екінші дүниежүзілік соғыс мүгедектері ай сайын 201 мың теңгеден алып отыр.