Қазақстан құрамасы мен «Ақсу» футбол клубының жартылай қорғаушысы Айбол Әбікеннің допинг-тест сынамасы оң нәтиже көрсетті. Бұл туралы СпортРадар.kz телеграм арнасы хабарлады.
«Ұлттар лигасының плей-офф кезеңіндегі Молдовамен болатын матч алдында «Ақсудың» жартылай қорғаушысы Айбол Әбікеннің допингке қарсы тапсырған тесті оң нәтиже көрсеткен. Сондықтан ол павлодарлық клуб пен «Каспий» арасындағы Премьер-лиганың ІХ-турындағы ойынға қатысқан жоқ. Футболшының кінәсі туралы бірдеңе айтуға әлі ерте. Бұл нәтиженің қате екеніне шын жүректен сенгім келеді. Алайда, мұның бәрі шындыққа жанасатын болса, ол екі жылдан аз уақыт ішінде допингпен ұсталған үшінші қазақстандық ойыншы болмақ», – деп жазды дереккөз.
Айбол Әбікен осы маусымның басында «Қайраттан» «Ақсуға» жалға алу шарты бойынша ауысқан еді. Содан бері ел чемпионатында 7 ойынға қатысып, 3 гол соқты.
Айта кетейік, бұған дейін «Әл-Айнда» өнер көрсеткен Бауыржан Исламхан мен «Тобыл» қорғаушысы Руслан Валиуллин допинг дауына байланысты футболдан шеттетілген болатын.