AMANAT жастар қанаты әскери қызметшілерді мерекемен құттықтады
AMANAT жастар қанаты әскери қызметшілерді мерекемен құттықтады
504
оқылды
Отан қорғаушылар күні мен Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына орай «AMANAT»  партиясының Павлодар облыстық жастар қанаты Ұлттық ұлан 5512 әскери бөлімінің әскерилерін мерекемен құттықтады. Бұл іс-шара партияның Qaisar әскери патриоттық жобасының аясында өтті.  Мерекелік іс-шараға облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Илья Теренченко, облыстық AMANAT жастар қанатының төрағасы Санира Жүсіпова, әскери бөлімнің басшылығы мен қарулы күштердің ардагерлері қатысты. Qaisar жобасының басты мақсаты – жастардың бойында патриоттық сананы және әскери қызметке деген қызығушылықты қалыптастыру.
«Сіздердің әскери қызметтеріңіздің арқасында Павлодар өңірінің тұрғындары тыныш бейбіт өмір сүріп келеді. AMANAT партиясының атынан сіздерге алғыс білдіргім келеді. Сіздерге денсаулық, бақыт, сәттілік, елімізге бейбіт өмір тілеймін», - деді өз сөзінде Илья Теренченко.
Мерекеге орай Ұлттық ұланның 5512 әскери бөліміне облыстық мәслихаттың депутаты Виталий Соломкин теледидар сыйлады. Дегбірді алған пандемия салдарынан сақтық шаралары қатаң болғандықтан сарбаздар өз жақындарымен қауышпағанына біраз уақыт болып қалған еді. Жақындарымен қауышамын деп күн санап жүрген кей сарбаздарға партияның жастар қанаты тосынсый жасады. Отбасылық жағдайына байланысты жақындарымен кездесе алмаған сарбаздардың ата-анасын өзге облыстардан шақыртып, ұлдарымен кездесу ұйымдастырды. Партияның жастар қанаты барлық шығындарды өз мойындарына алып, Отан қорғаушыларға қуаныш сыйлады. Ұлдарымен кездесуге келген аналар көз жасын тыя алмай, ризашылықтарын білдірді.
«Әрине, сіздің аналарыңыз осы арада жоқ. Бірақ мен сіздердің аналарыңыздың атынан Сіздерді мерекемен құттықтағым келіп тұр. Анттарыңызға берік болыңыздар. Біздің тірегіміз бен үмітіміз сіздерсіздер. Әскери бөлімнің басшылығы мен Партияның жастар қанатына осындай кездесу мен мерекелік іс-шараны ұйымдастырғандарына алғысымды айтқым келеді», – деді Қарағанды қаласынан келген сарбаздың анасы Саягүл Оспанова.
«AMANAT жастар қанаты бәрімізге мәлім, идеалогия және әскери-патриоттық тәрбие тұрғысынан жұмыс жасайды. Жаңа көрген көріністен кейін, ата-аналар мен балаларының қауышуы көңілімізді босатқанымен, үлкен қуаныш сыйлады. Сіздерді құттықтау біз үшін үлкен абырой. Аман-есен Отан алдындағы борыштарыңызды атқарып, үйге жетулеріңізді тілеймін», – деді Санира Жүсіпова. Сондай-ақ, Қасіретті қаңтар айында өңірде тыныштық пен тәртіпті орнатуға белсенді атсалысқан  әскерилер алғыс хаттармен марапатталды. Мерекелік іс-шараның жалғасы кішігірім концертке ұласты.