Алаштану, абайтану, шәкәрімтану ғылымының негізін қалаған көрнекті ғалым, қаламгер, ұстаз, қоғам қайраткері Қайым Мұхамедханұлының қазақтың мәдениет әлеміне қосқан үлесі өте мол.
Осыған орай таяуда тұлғаның еңбегін дәріптеу мақсатында елордадағы Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназияда «Рухы мықты Ер қазақ» атты іс-шара өткізілді. Айтулы шараға қоғам қайраткерлері, депутаттар мен көрнекті қаламгерлер қатысты.
Іс-шара «Қайым және ұлттық болмыс» атты бірыңғай сынып сағатымен басталып, білім беру мәселелері мен ұлттық мектеп моделі талқыланған «Ұлттық мектеп – ұлт болашағы» атты ғылыми-тәжірибелік семинарға ұласты. Осы тақырыпта ғылыми ізденісте жүрген зерттеушілер арнайы баяндама жасап, тәжірибелі мамандар өз тұжырымдарын ұсынды. Бұдан соң іс-шара Қайым Мұхамедханұлының құрметіне арналған қазақ күресінен кіші жасөспірімдер арасындағы «Алтын Белбеу» республикалық турнирімен жалғасты. Турнирде республиканың 14 облысынан құралған 165 жас өрен бозкілемде белдеседі. Шараға «Қазақ күресі» ассоциациясының бас директоры Ербол Мырзабосынов пен ұлттық құраманың бас бапкері Ерлан Жұмабекұлы арнайы қатысты. Ауқымды доданың қорытындысы алдағы уақытта шықпақ.
Іс-шара барысында «Қайым музейінің» ашылуы да өтті. Елімізде мектеп жанында музейі бар орта оқу орны аса көп емес. Айталық, ел астанасындағы №95 мектептің тек 16-сында ғана музей бар екен. «Қайым музейі» – осы қатарды толықтыратын бірегей жоба. Өйткені мұндағы жәдігерлердің барлығын Қайым Мұхамедханұлының өзі тұтынған. Музейден өзі киген костюмі мен шапаны, домбырасы, көптеген пайдаланған затын көруге болады. Музей қорын 260-тан асатын фотоқұжат пен 50-ден артық заттай жәдігер құраған.
Музей тұсаукесерінен соң Қайым Мұхамедханұлын еске алуға арналған «Рухы мықты Ер Қазақ» концерті өтіп, одан кейін Алаш арыстары атындағы аллеяның ашылуы болды.