Түлкібас ауданы полициясының басшысы Данияр Мейірхан уақытша қызметінен босатылды. Мұны Түркістан облысының полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Tengrinews.kz мәлімдеді. Бұған дейін ол алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталып, кейін кепілмен босатылған болатын.
"Данияр Мейірхан тергеу барысында қызметінен шеттетілді. Оған қатысты істі Шымкент қалалық полиция басқармасы жүргізіп жатыр", - деп түсіндірді ведомстводан.Шымкент қаласы тергеу сотының мәліметінше, Данияр Мейірхан аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген (ҚР ҚК 190-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы). Бұған дейін ол 40 миллион теңге сомасында кепілге босатылғаны белгілі болды.
"Біз 43 миллион 225 мың теңге тұратын автокөлікті кепілге қойдық. Кепіл затты Мейірханның достары берді. Сот кепілге кез келген мүлікті, яғни жылжымалы және жылжымайтын мүлікті қабылдайды. Біз құны 43 миллион 225 мың теңге болатын автокөлік қойдық", - деп нақтылады Данияр Мейірханның адвокаттарының бірі Әлия Жаманбаева. Оның айтуынша, қазір ол үйде.Данияр Мейірхан 1981 жылы дүниеге келген, ішкі істер органында 2003 жылдан бастап жұмыс істейді. Ол 2020 жылдың наурыз айынан бастап Түлкібас ауданы полициясының бастығы болды.