Төрткүл дүниені шарпыған ІІ дүниежүзілік соғыстың жарасы әлі де жазыла қойған жоқ. Әсіресе, сұм соғыстың қасіреті айтылатын әндерді естіген сайын сол жараны сыздата түседі. «Сағындым Жексенқұлым, Қосшығұлым, Өзекті жарып шыққан қос шыбығым» деп басталатын «Қара кемпір» әнін тыңдағанда майданға кеткен ұлдарына деген сағынышын жүрек түпкіріне мәңгілік сақтаған ананың ащы зары тұла бойды шымырлатады. «Қара кемпір» – сұрапыл соғыс бауыр еті баласын жалмаған қасіретті аналарға әнмен қойылған ескерткіш. Ал осы әнге тағдыры арқау болған Қали ананың бертінге дейін Жамбыл облысы Меркі ауданы Қызылсай ауылында ғұмыр кешкенін көпшілік біле бермейді. Тіпті, ауылдағы зарлы ана тұрған үй де сол күйі сақталған. Әнші, композитор Алтынбек Қоразбаевтың бұл туындысынан тыңдарман ананың балаға деген махаббатын, соғысқа лағнет айтқан әйелдің образын таниды. Майданда мерт болған Жексенқұл мен Қосшығұлының қазасына сенбей, үмітпен батысқа көз тіккен ананың тағдыры шынында жан ауыртады. Қара кемпір ақтық демін алғанша ұлдарын тосумен болды. Жанына жалғыздықты серік еткен Қали ананың тағдыры шынында аянышты. Бұл соғыс кезіндегі және одан кейінгі жылдардағы миллиондаған анаға ортақ тағдыр еді. Ал ән авторы бұл қасіретті өзі туып-өскен ауылдағы Қара кемпірдің образына сыйғызады. – Қара кемпір – қырғыздың қызы. Өз есімі – Қали. Қазақ жігітке тұрмыс шыққан. Жолдасы дүниеден ерте озып, қос ұлы Жексенқұл мен Қосшығұлын өзі өсіріп, жеткізген. Олар 18-19 жасында соғысқа аттанды. Арада бес-алты ай өткенде «қос ұлыңыз қаза тапты» деген қаралы хабар келді. Алайда Қали ана бұған сенбеді. Өмірінің соңғы күніне дейін балаларын күтумен болды. Мен талай рет ол кісінің қойын бақтым. Ауыл азаматтары асарлатып саманнан екі бөлмелі үй салып берді. Бір бөлмесіне қой-ешкісін қамаса, екінші бөлмесінде өзі жатты. Көршілері қолдарынан келгенше көмектесіп, ас-суын берді. «Жексенқұлым, Қосшығұлым келеді. Мынау – солардың малы» деп күбірлеп сөйлеп отыратын. Ұлдарына деп жүн мен киіздің арасына ақшасын тығатын. Бірде ауыл сыртына тікұшақ қонғанда «Сұраңдаршы, қос құлынымды көрді ма екен?» деп жүгіре кетіпті. Сырын білетіндер «Иә, балаларыңызды көріпті. Аспанда ұшып жүр екен» деп жұбатқан екен. Қара кемпір сексенге қараған шағында дүниеден озды. Алайда Қали ананың тағдыры ешқашан жадымнан шықпайды», – дейді Алтынбек Қоразбаев. Иә, үміттің жетегінде жүріп, өмірден өткен Қара кемпірдің тағдыры Алтынбек Қоразбаевтың әні арқылы алты Алашқа танылды. Жеңістің 40 жылдығында әннің 9 шумақ жолын Қоразбаевтың өзі жазды. Бұдан кейін Жақсылық Сәтібековтің поэмасы жарық көрді. Жеңістің 70 жылдығында «Қара кемпір» әнінің желісі бойынша фильм түсірілді. «Қара кемпір» әні шыққаннан кейін жазушы Қали Сәрсенбай Қали анаға арналған ескерткішке байқау жариялап, мүсінін Болат Досжанов жасап шығарды. Бүгінде бұл ескерткіш Қызылсай ауылында алыстан менмұндалап тұр. Алайда Қара кемпірдің тұрған үйі қараусыз қалған. Құлауға шақ тұр. Бұған біз аталған ауылға арнайы ат басын бұрғанда көз жеткіздік. – Мен осы ауылға келін болып түсіп, Қали анамен көрші тұрдым. Бір білетінім, көзі тірісінде ол кісіні бірде-бір туысы іздеп келмеді. Өмір бойы соғысқа кеткен ұлдарын күтумен болды. Ауылға соғыстан біреулер оралса, «Ұлымды көрмедің бе?» деп алдынан жүгіріп шығатын. «Жоқ, көрмедім» десе, «Бір соғыста жүріп қалай көрмейсіңдер?» деп ренжитін. Көршісі болғандықтан, ас-су жағынан қарасып тұратынмын, – дейді Қали ананың көршісі Нұрбүбі әже. Ауыл тұрғындары Қара кемпірдің ескерткішінің маңы демеушілер есебінен абаттандырылғанын, ал ол тұрған қара шаңырақты ешкімнің көзге ілмегенін айтады. Жергілікті билік аталған үйді сақтап қалу үшін қаржы бөлудің тетігін таба алмаған. Ол үшін әуелі үй белгілі бір мекеменің балансына берілуі керек екен. Десе де, ретін тапқанға сұм соғысқа лағнет айтып, өз ісімен кейінгілерге өнеге бола алған Қали ананың екі бөлмелі үйін жөндеу соншалықты қиындық туғыза қоймас. Әрі-беріден соң бұл шаруаны «Жомарт түлек» жобасы аясында Қызылсайда туып-өскен азаматтардың басын біріктіріп реттеуге болар еді. Тіпті, осы маңынан көзі жұмылғанша ұлдарын күткен Қара кемпірге арнап мұражай тұрғызуға да болады. «Қара кемпір» әнінің авторы Алтынбек Қоразбаев бұл игі іске суретші-зергер Берік Әлібаев атсалысып, өз қорынан 100 көне жәдігер беруге уәде еткенін айтады. Одан бөлек, ауыл тұрғындары да мұражай қорына Қара кемпірдің қолданған бұйымдарын, өзге де бағалы жәдігерлерді өткізуге дайын. Өкініштісі, бұл игі істі ұйымдастыру жағынан кемшін түсіп жатыр. Оған аудан әкімдігі өз тарапынан ұсыныс болмаса, Қара кемпірді арда тұтуға Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің өзі бас болып, үн қосқаны абзал-ау. Қалай десек те, жұрт құлағына сазбен жеткен зарлы ананың өр бейнесін ұрпақ жадынан өшірмей, өсиет ету баршамызға ортақ міндет!
Жамбыл облысы