Тұмасы – таза, тегі – асыл
Тұмасы – таза, тегі – асыл
377
оқылды
Әр шаңырақ Жеңіс күні мерекесін ерекше атап өтеді. Елордалық Есқали ағай мен Тиышкүл апай үшін де бұл күннің маңызы зор. Әкелері – қос ардагер Байбосын Жиенбайұлы мен Бақжүніс Бектемісұлын еске алып, Құран бағыштау бұл әулеттің бұлжымас дәстүріне айналған. Сосын осы шаңырақтың отанасы, ұлағатты ұстаз Тиышкүл Бақжүнісқызының туған күні. Биыл апай мерейлі 80 жасқа толып отыр. Жарықтық ата-анасы фашистік Германияның дәл 9 мамырда тізе бүгетінін білгендей, соғыстың екінші жылында дүние есігін ашқан қыздарына Тиышкүл деп есім бергеніне қалай таңғалмассыз?! Жаратқаннан Жеңістің жақындауын сұраған тілеуқор жандардың рухы шат болғай! Тиышкүл апайдың байырғы атамекені – Торғай өңірі. Өткен ғасырдың 30-жылдары байдың тұқымы деп қуғын көрген бұл әулет Ақтөбе арқылы Ресейге дейін үдере көшкен. Кейін Қостанай облысына табан тірепті. Апайдың 1942 жылы 9 мамырда Қостанай облысы Федоров ауданы Караван ауылында дүниеге келуі содан. Тиышкүл Бақжүнісқызы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының түлегі. Филология факультетінің қазақ мектептеріне арналған орыс тілі және әдебиеті бөлімін бітірген білікті маман. Әр жылдары аудандағы Ыбырай Алтынсарин, Әліби Жангелдин, Амангелді Иманов, Албарбөгет орта мектептерінде ұстаздық еткен. Апайдың өмірлік серігі саналы ғұмырының 40 жылын ағартушылыққа арнаған, оның 20 жылында аудан мектептеріне басшылық жасаған Есқали Байбосынұлының есімі елімізге жақсы таныс. Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері. Торғай өңіріне танымал қоғам қайраткері. Осындай ұлағатты ұстаздың алдын көрген жиырмадан астам шәкірті бүгінде білім ордаларына басшылық жасап, ағайдың жолын сәтті жалғастырып келеді. «Адал еңбек – асыл мұратқа жеткізеді» деген ұстаныммен өмір сүріп келе жатқан ақсақал өткен жылы 80 жасқа толды. Осыған орай жерлестері мерейтой иесіне Жангелдин ауданының құрметті азаматы атағын беріп, қарт ұстазды бір марқайтып тастады. Айтпақшы, Тиышкүл апайды мектепте мұғалімдер де, оқушылар да, тіпті, ата-аналар да Таня апай дейтін. Таня апай бізге орыс тілінен сабақ берді. Апайдың мінезі Есқали ағайға қарағанда сәл жұмсақтау. Өзімізді сабақта еркіндеу сезінетінбіз. Бірақ талабы күшті. Сәл босаңси бастасақ, апайдың «Әй-й-й» деген созылыңқы шыққан дауысынан-ақ есімізді жиып, айылымызды тарта қоюшы едік. Негізі, апай оқушыға дауыс көтеріп ұрса бермейді. Эмоцияға беріліп, қатты ашуланғанын да көрмедік. Көңілінен шықпай жатсақ, қабағын түйіп, қатулана қалады. Жанды жерімізге тиетін бір-екі ақыл сөзді батырып-батырып айтып жібереді. Одан кейін құдайдан дәмең болса, қорытынды шығармай көр. Біздің қабырғамыздың қатайып, азамат боп жетілуімізге Таня апайдың ықпалы көп. 4-5-сыныптың өзінде шәкірттерге қатаң талап қоя білді. Апай үшін сабақ пен тәртіп қашанда бірінші орында. Бір сөзді жанның шешімі талқылауға жатпайды. Мүлт кеттің бе, өзіңнен көр. Кейіпкеріміз қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүретін. Кезінде бастауыш комсомол ұйымының хатшысы, жергілікті кеңестің депутаты болып сайланғаны бар. 1970 жылы Торғай облысының атынан Республикалық халық ағарту кәсіподақтары конференциясына делегат болып қатысқан. Тиышкүл апайдың сабақ беру әдістемесі республикалық «Русский язык в казахской школе» журналында жарияланды. 1979 жылы Жангелдин аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинеті Т.Бектемісованың сабақ берудегі іс-тәжірибесін аудан мектептеріне таратып, жас мұғалімдерге жол көрсеткен. Тиышкүл Бектемісованың ағарту саласындағы ұзақ жылғы еңбегі еленбей қалған жоқ. Ол жоғары санатты ұстаз, аға мұғалім. 1980 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен марапатталған. Ұстазымыз 7 бала тәрбиелеп өсірген «Алтын алқа» иегері. Жалпы, бұл әулетті ұстаздар династиясы деуге толық негіз бар. Маңдай терін сорғалатып жүріп бала оқытқан қазақи отбасы. Отбасындағы жеті баланың бесеуі Лаура, Сәуле Райгүл, Назгүл, Самал деген қыздары мұғалімдік мамандықты таңдаған. Тұмасы таза, тегі асыл ортада тәрбие алған олардың да ұстаздық атты мәртебелі сапарда өз жолын тапқаны сөзсіз. Есқали ағай мен Тиышкүл апай туралы жазар дүние таусылмақ емес. Бүгінде екеуі де бейнетінің зейнетін көріп отырған бақытты жандар. Ұстазға шәкіртінің шексіз құрметіне бөленуден артық қандай бақыт бар?! Қос қарияға мерейлі мерекеде мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.

Мұхарбек ЖӘКЕЙҰЛЫ