Кішкентай Қасым-Жомарттың ауылында интернет жоқ
Кішкентай Қасым-Жомарттың ауылында интернет жоқ
288
оқылды
Қостанай облысында Президентпен  аттас бала – Қасым-Жомарт  Тоқаев тұрады. Кішкентай Қасым-Жомарттың арманы Мемлекет басшысымен кездесу. Ол кісімен кездесе қалсам туған ауылыма ұялы байланыс пен  интернет орнатып беруін сұраймын дейді 12 жасар жеткіншек. Кішкентай Қасым-Жомарт Тоқаев Амангелді ауданына қарасты Үштоғай ауылдық мектебінде  алтыншы сыныпта оқиды. Үш баланың ортаншысы тік мінезді, алғыр. Оқушы Қасым-Жомарт ел президентімен есімінің  бірдей болғанын ерекше мақтан тұтады. 2010 жылы дүниеге келген оған әкесінің әпкесі ырымдап, осы атты қойған екен. 12 жастағы ойын баласының арманы көп делінген Astana телеарнасының сюжетінде.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ОҚУШЫ: Менің арманым өзіммен  аттас   Қасым-Жомарт Тоқаевпен  кездескім келеді. Егер де   кездесетін болсам  ауылыма ұялы телефон байланысы мен интернет өткізіп берсе екен деп сұраймын.
Ауыл мектебінде 50-ден астам оқушы білім алып жатыр. Ұялы байланыс пен интенет желісі болса оқушылардың көзқарас көкжиегі кеңейе түсер еді дейді ұстаздар.
Әділхан ӘБДІҒАЛЫМҰЛЫ, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ: Хабар естіп жатырмыз 200 деген бағдарламаға кірген екен ауылымыз.Сол үміттеніп күтіп отырмыз. Бізде онлайн сабақтар болып қалады ғой кей кезде. Аяз, борандарда. Сонда жұмысымыз жеңілдейді деп ойлаймыз.
Байланыс пен интернеттің жоқтығы жергілікті шаруалардың да қолын байлап отыр.
Бексұлтан СӘНДІБЕКОВ, ШАРУА: Көріп тұрсыз менің артымда жаңа техника тұр. Бірақ біз оларды дұрыс пайдалана алмаймыз. Өйткені бізде сеть жоқ.Интернет жоқ. Мен өзім жас фермер болғасын бүкіл жаңа программаларды  қолданғым келеді. Бірақ ондай мүмкіндік жоқ біздің ауылда.
Аудан басшылары  3-4 ауылда ғана ұялы байланыс жоқ екенін айтады.  Осыған байланысты қиындықтар бар екенін жасырмайды.
Талғат КӘРБОЗОВ, АМАНГЕЛДІ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Осы мәселені шешу үшін жаңа өзім айтқандай тиісті құзырлы органдарға, байланыс жүйесімен  айналысатын мемлекеттік органдарға  шыққан болатынбыз. Сол биылғы жылы нәтижесін береді деп отырмыз.
Әкім алдағы  үш-төрт айдың көлемінде  мобильді байланыс мәселесі толық шешіледі дейді. Күзге қарай  Үштоғай мен Степняк ауылында байланыс мұнарасы бой көтереді. Ал қалған елдімекендерге ғаламтор  желісі  келесі жылы жетеді деп жоспарланып отыр.