Қазақстанның қасиетті жерінің әрбір пұшпағы бізге ыстық. Жердің қадір-қасиетін сол жермен жүргенде, аяғыңды алыс та жақын, әрбір құтты мекенге тірегенде сезінесің. Бұл туралы ойын Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров facebook-тегі парақшасында тарқатты. "Сол қасиетті жердің, жер үстіндегі, жер астындағы ресурстар қаншалықты біздің халқымызға тиесілі? Әр-бір аймақтағы жер асты ресурстарынан жергілікті халық қаншама пайда тауып отыр? Маңғыстау, Атыраудағы мұнайдан, Жезқазған, Балқаш мысынан, алтынынан қазағым, жергілікті қазағым қандай пайда табуда?", - деген сұрақтарға жауап іздейді халық қалаулысы. Оның пайымынша, бұл жақтың пайдалы қазбаларын пайдалана отырып Астананы салдық, ЭКСПО өткіздік, неше түрлі конференция, симпозиум ұйымдастырдық. Ал жергілікті халық өз үлесін ала алды ма? Мектеп, жол, больница салынды ма? Жергілікті жолдар қандай жағдайда?ШҚО, Зайсан ауданында газ ашылған, сол газдың 3-пайызы ғана жергілікті халықтың игілігіне жұмсалған. Депутат бұл әділеттілік принциптеріне сәйкес келмейді деп тұжырымдайды "Иә, инвесторлардың құқын қорғау керек, оларды тарту керек. Инвесторсыз экономикаға қан жүрмейді. Бұл түсінікті. Дегенмен, нақты елді мекендегі жер мен жер қойнауы сол жердің халқының моральдық еншісі екендігін ұмытпау керек. "Жер, жер қойнауы, табиғат ресурстары халық меншігі" деген Конституцияның жаңа постулаты осы сұраққа жауап береді.Болашақта, қандайда болмасын жер қойнауы ресурстарын игерген кезде, жергілікті халықтың мұң-мұқтажы, мүддесі бөлек айқындалып, заңмен қорғалуы тиіс. Өйткені кейбір "өзіміздің" олигархиялық топтар, алыс, шалғай жатқан, өздері әрез күнелтіп отырған аудандарда газ, алтын, мыс өндіруде. Ол жақта жергілікті халықтың жағдайы өте нашар!Жол жоқ, интернет жоқ, байланыс жоқ. Ал әлгі "дөкейлер " жергілікті бюджетке көк тиын бермейді, жергілікті халықты жұмысқа алмайды. Жергілікті билікті, халықты адам" санамайды", - деді ол. Сайыровтың айтуынша, ауыр жүк тасушы машиналарымен жолдарын бұзады. Олардың жұмысын тексеруге қарапайым халыққа әкіріңдеп тұратын полиция, прокуратура қауқарсыз.Референдум осы үшін керек. Конституцияның баптары өзгергеннен кейін, осы мәселені түбегейлі өзгерістер күтіп тұр, - деді ол.