Атырау облысының Исатай ауданында 11 адам жоғалып кетті
Атырау облысының Исатай ауданында 11 адам жоғалып кетті
Фото: 24.kz
236
оқылды
Атырау облысында жоғалып кеткен 11 адам іздестіріліп жатыр. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы мәлім еткендей, Исатай ауданында 11 адам жоғалып кеткен. «Бүгін, 9 мамырда сағат 10:50-де Исатай ауданында бір күн бұрын хабар-ошарсыз кеткен 11 адамды іздестіру қайта жалғасты.
«УАЗ» маркалы автокөлігінің жүргізушісі мен 10 жолаушы 8 мамыр күні сағат 14:00-де «Ақмаңдай» учаскесіне бару үшін жолға шыққан. Бұл учаске аудан орталығы – Аққыстау ауылынан 160 шақырым қашықта орналасқан. Алайда, жолға шыққан адамдар осы уақытқа дейін Аққыстау ауылына оралмағаны анықталды», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Жоғалған адамдарды іздестіру жұмыстарына Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің 4 қызметкері мен жол талғамайтын «ТРЭКОЛ» техникасы тартылды. Іздестіру іс-шарасына Исатай аудандық полиция бөлімінің 1 қызметкері шықты. Сонымен қатар 8 мамырда сағат 21.00-де Каспий теңізіне таяу жердегі батпаққа батып қалған көліктен 2 адам құтқарылған.
«Атырау қаласына таяу орналасқан Еркінқала ауылдық округінен 15 шақырымдай қашықтықта Land Cruizer маркалы автокөлігінің батпаққа батып қалғаны туралы хабар түсті. Көлікте 2 адам болған. Батпаққа батқан көлікке жедел-құтқару жасағының 2 қызметкері арнайы техникамен жедел жетті. Құтқарылған екі адам Еркінқала ауылдық округіне дейін жеткізілді. Олар жедел медициналық көмекке жүгінген жоқ», – деді  қоғаммен байланыс тобынан.