Біздің шетелдегі алғашқы елшілігіміз Анкарада ашылған – Қасым-Жомарт Тоқаев
Біздің шетелдегі алғашқы елшілігіміз Анкарада ашылған – Қасым-Жомарт Тоқаев
347
оқылды
Мемлекет басшысы ең алдымен өзін қасиетті Анадолы жеріне мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға зор ризашылығын білдірді. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады. «Түркия – біздің тәуелсіздігімізді алғашқы болып мойындаған ел. Оны қазақ халқы ешқашан ұмытпайды. Қазақстан –Түркиядан ешқашан да, ешқандай да зиян шекпеген ел. Әлі де солай жалғасып келеді. Қазақстан мен Түркия – тамырлас, бауырлас, достас мемлекеттер. Біздің шетелдегі алғашқы елшілігіміз Анкарада ашылған. Мұның символдық мәні зор. Қазақстан мен Түркия арасында дипломатиялық қатынас орнағанына биыл 30 жыл толды. Осы кезеңде біздің ынтымақтастығымыз нығайып, стратегиялық серіктестікке айналды. Ауқымды шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс, жаһандық және өңірлік құрылымдар аясындағы ықпалдастық ойдағыдай дамып келе жатыр», – деді Қазақстан Президенті. Президенттің пайымынша, Үкіметаралық экономикалық комиссия сауда-экономикалық серіктестікті нығайтуға зор септігін тигізеді. Сондай-ақ, Түркі мемлекеттері ұйымы маңызды рөл атқарады. «Былтыр Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі толыққанды ұйым болып қайта құрылғаны қуантарлық жайт. Бұл – бәрімізге ортақ жетістік. Біз осы ұйымның аясындағы жұмысты жалғастыра беруге мүдделіміз. Сонымен қатар, білім және мәдениет саласындағы байланысты одан әрі дамытамыз деп келістік. Бұл ұйым Қазақстан үшін аса маңызды, сондықтан біз оны үнемі қолдаймыз. Жалпы, Қазақстан мен Түркияның жан-жақты қарым-қатынасын нығайтуға мол мүмкіндік бар. Бүгінгі маңызды уағдаластықтар – соның айқын көрінісі. Менің мемлекеттік сапарым Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынасқа тың серпін беретініне кәміл сенемін», – деді Мемлекет басшысы. Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әлі ілгерілетуге дайын екенін атап өтті. «Қазақ бауырларымыздың тұрақтылығы мен тыныштығына аса мүдделі екенімізді және сауда-экономикалық, мәдениет, қауіпсіздік салаларында бірге болатынымызды айтқым келеді. Біз екіжақты және көпжақты қатынастарымызды нығайта береміз деп келістік. БҰҰ, Ислам ынтымақтастық ұйымдарындағы бірлігімізді арттырамыз. Атамекенімізден келіп отырған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырза мен оның құрметті делегациясының келгеніне аса қуаныштымыз», – деді Түркия Президенті.