Конституциялық реформа: демократиялық жолмен Парламенттің ықпалы артып, Үкіметі есеп беретін елге айналамыз
Конституциялық реформа: демократиялық жолмен Парламенттің ықпалы артып, Үкіметі есеп беретін елге айналамыз
Фото: gov.kz
263
оқылды
Қазақстанның қазіргі Конституциясы 1995 жылдың 30 тамызында жалпыхалықтық референдумда қабылданып, сол жылдың 5 қыркүйегінде күшіне енген болатын. Ата заң 9 тарау және 98 баптан тұрады. Демократиялық жолмен референдум арқылы қабылданған жаңа заң Қазақстанды Президенттік республика деп жариялады. 1990 жылдың 24 сәуірінде Қазақстанда «Президент лауазымын енгізу туралы» заң қабылданып, ҚазКСР Жоғарғы кеңесі Нұрсұлтан Назарбаевты ел Президенті етіп сайлады. 1991 жылдың 1 желтоқсанында жалпыхалықтық сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаевқа ел басқару өкілеттілігі берілді. Сол уақыттан бері Қазақстанда президенттік басқару жүйесі болды. Алайда 1990-1993 жылдары елде іс жүзінде парламенттік басқару жүйесінің ықпалы басымырақ болады. Президенттік басқару формасы қабыл­данға­нымен, Жоғарғы кеңестің ықпалы зор еді. 1993-1995 жылдары пре­зиденттік басқару формасы то­лығымен қалыптаса бастады. Президент Минис­трлер кабинетінің де рөлін атқа­руды тоқтатып, Үкімет жасақталды. Осылайша, 1995 жылы қабылданған Конституцияда пре­зиденттік басқару формасы кү­шейтілді. Алғаш рет Ата заңға 1998 жылы, кейіннен 2007 және 2011 жылдары түзету енгізілді. Реформа жа­салып, елді дамытуға қажет өзекті шешімдер қабылдауға мүмкіндік туды. Ата заңдағы 33-баптың 4-тармағындағы мемлекеттік қызметтегі лауазымды тұлғалардың жасына шектеу қою алынып тасталды. 49-баптың 2-тармағына өзгертулер енгізіліп, Парламент депутаттары 4 жылға сайланды. 50-бапқа 5-тармақ қосылып, Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі – 6 жыл, Мәжіліс  депутаттарының өкілеттік мерзімі  5 жыл болып белгіленді. 50-баптың 3-тармағы өзгертіліп, Мәжіліс депуттарының саны 77-ге дейін артты. 10 депутат партиялық тізімдерге байланысты сайланады. Аралас сайлау жүйесі енгізіліп, Мәжіліс депутаттарының көбі мажоритарлық жүйе негізінде, ал басқа бөліктері  пропорционалды жүйе бойынша, партиялық тізімдер арқылы сайланатын болды. Заңда Президент сайлауының рәсімдері, демократия принциптеріне сай сайлаушылардың 50 пайызынан астамы дауыс беруге қатысса ғана сайлаудың өткізілгені деп есептелетін 41-баптың 5-тармағындағы талаптар алынып тасталды. Өйткені дауыс беру не қалыс қалу жеке адамның өз еркі, субьективті құқығы. Конституцияның 41-бабындағы Президент өкілеттілігінің 5 жыл мерзімі 7 жылға ауыстырылды. Презденттіккке кандидаттар үшін жас мөлшерін белгілеу нормасы да алынды. Қазақстан енді суперпрезиденттік басқару формасынан Парламенттің ықпалы басым басқару үлгісіне демократиялық жолмен көшіп жатыр. Қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында Қазақстан дамуының саяси моделін қайта құру бойынша сындарлы қадамдар қажет екенін айтты. Бұл ең алдымен, суперпрезиденттік басқару формасынан күшті Парламенті бар президенттік республикаға түпкілікті көшу еді. Мұндай жүйе билік институттарының қолайлы теңгерімін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ елдің орнықты дамуына ықпал ететін болады. Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымзды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет қағидатын басшылыққа аламыз», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда суперпрезиденттік басқару формасы еліміздің бастапқы кезеңінде орынды болғанын да атап өтті. «Тек бастапқы кезеңде ғана емес, 30 жыл бойы белгілі бір деңгейде орынды болды. Бірақ біз бір орында тұрмаймыз. Қоғам өзгеруде, ел өзгеруде. Оған біздің саяси жүйеміз де бейімделуге тиіс. Қазір бәрі Президентке келіп тіреледі, бұл дұрыс емес. Мұндай тәжірибеден біртіндеп кету керек. Мемлекеттің ұзақ мерзімді мүдделері мен үшін биліктің қосымша тетіктерінен және ситуациялық ықпалдан да маңыздырақ», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы. Саяси реформалар пакетіндегі негізгі қадамдарға тоқталсақ, Парламент Мәжілісі депутаттарының 70 пайызын – пропорционалды, 30 пайызын мажоритарлық жүйе бойынша, облыс және республикалық маңызы бар қала мәслихаттарын аралас жүйе бойынша сайлау. Мәжіліске Қазақстан халқы ассамблеясынан депутат сайланбайды. Бірақ аталған институттан Парламентте ассамблея өкілдері болады. Президент Сенатқа қазіргідей 15 емес, 10 депутатты тағайындайды; Мәжілістің рөлін күшейтіп, Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңды мақұлдау, не болмаса талқылауға кері қайтару құқығын қалдырады. Конституциялық сот қайта ашылады, қызмет өкілеті аяқталғанға дейін Мемлекет басшысы мен бірқатар орталық билік органдары басшыларының саяси партия мүшелігін тоқтатып, жергілікті әкімдер мен орынбасарларының саяси партия филиалында басшы қызмет атқаруына тыйым салынады; Президентті аудан және ауыл әкімдерін тағайындау құқығы шектеледі. Билікте отырған Президенттің жақын туыстарын мемлекеттік және саяси лауазымды қызметке және квазимемлекеттік салада басшы етіп тағайындауға тыйым салынбақ.  Жалпы, Конституцияға енгізілетін өзгерістер Қазақстанның жаңа бағытта дамуына оң ықпал етпек. Сондықтан Мемлекет басшысы «Біз кез келген мәселені ашық айтып, оны шешудің оңтайлы жолдарын бірге іздеуіміз қажет. Экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жоюға тиіспіз. Оның орнына ашық әрі әділ бәсеке орнату өте маңызды. Себебі нағыз бәсеке болғанда ғана халықтың әл-ауқаты артып, жағдайы жақсарады», – деп жаңа жоспарлар жүйелі түрде іске асатынын нақтылап айтты. Еліміздің тұтастығын, бірлігін сақтау қашанда маңызды. Демек, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау үшін стратегиялық тұрғыдан маңызды қадам жасау қажет.