AMANAT партиясы Ата заңға енгізілетін өзгерістерді талқылады

amanat
©Радмир Фахрутдинов

AMANAT партиясы Конституциялық референдум аясында енгізілетін өзгерістерді талқылау мақсатында зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді.  Референдум 5 маусымға жоспарланған болатын.

Жиын барысында AMANAT партиясының хатшысы Дәулет Кәрібек референдум өткізу бойынша партия жанынан құрылған штабтың жұмысы мен күн тәртібінде жоспарланған шаралар жайлы айтып өтті.

Дәулет Кәрібек
©Радмир Фахрутдинов

«Бүгінгі шараның негізгі мақсаты – ел дамуындағы жаңа қадамдар бойынша кеңесу. Референдумға орай AMANAT партиясы жанынан қоғамдық штаб құрылды. Қоғамдық штабтың басшысы ретінде партия төрағасы Ерлан Қошанов бекітілді. Республикалық штаб мүшелері барлығы бірдей бара алмағанымен, сенат және мәжіліс депутаттары бірлесе отырып аймақтарға шығатын депутаттар, республикалық штабтың мүшелері 17 аймақта насихат жұмыстарын жүргізетін болады. Тағы бір ерекшелігі біз ол жерде елдің аманатын да тыңдайтын боламыз» - деп нақтылады Дәулет Кәрібек.

Партия хатшысы аймақтарды аралау екі кезеңнен тұратын атап өтті. Бірінші кезеңі 12 мамыр мен 20 мамыр аралығына, ал екінші кезең  26 мамыр мен 3 маусым аралығына жоспарланған.

amanat
©Радмир Фахрутдинов

Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Айгүл Қапбарованың айтуынша, заң шығару барысында халықпен толық санасу қажет. Одан бөлек депутат басқа да талқылануы тиіс мәселелерге тоқталып өтті.

«Жер қойнауы, өсімдіктер мен жануарлар әлемі, табиғи ресурстар халыққа тиесілі деген сөз бар. Алайда заңда мемлекет халық атынан иелік жүргізуге құқылы деп жазылған. Бұл да талқылауға тұратын мәселе. Көбіне бізде ел тағдырын шешетін мәселелер тар ауқымда ғана шешіледі. Заң дайындау барысында министрліктердің халықпен дұрыс сөйлеспеуі, құлақ аспауы негізінде халық арасында түрлі дау, келіспеушілік туады. Сондықтан осындай мәселелерді шешу барсына халық қатысып, хабардар болу керек. Қарапайым жұртшылық референдумның ашық өтетініне толықтай сенімді болуы керек», - деді сенат депутаты.

Айгүл Қапбарова
©Радмир Фахрутдинов

Сонымен қатар, жиынған қатысқан басқа да зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар Конституцияда болатын өзгерістер туралы өз пікірлерін айтып, ел ішіндегі өзге де өзекті мәселелерді талқыға салды.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.