Бас қаладағы LRT құрылысы барысында мемлекет қаржысын талан-тараж еткендерге қатысты тергеу аяқталды. Бұл мәлімет Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа отырысында жария етілді. Алайда оған жауапты биік лауазымды тұлғалардың ешқайсысы қамалмаған. Нұр-Сұлтан қаласындағы жеке эстакадада жүретін жеңіл рельсті көлік жобасы арқылы миллиардтаған теңгені ұрлады деп күдік тағылған үш тұлғаға іздеу жарияланды. Олар шетелге қашып үлгерген екен. Ал өзге орындаушылар тұтқындалмаған, олар тергеушілермен мәмілеге отырып, тергеуге көмектесіпті. Әрқайсысының жазасын сот анықтауға тиіс. «LRT құрылысы кезіндегі ұрлықты қылмыстық тергеу аяқталды. Тараптар қылмыстық іс материалдарымен танысуды бастады. Жасырынған қылмыскерлерді іздеу шаралары жалғасуда. Жоба аясында келтірілген шығын сомасы 5,7 миллиард теңгені құрайды, – деді антикоррупциялық агенттіктің екінші департаментінің басшысы Сергей Перов. Ведомство мәліметінше, бұл іс аясында барлығы 10 тұлға күдікке ілікті. Оның үшеуі елден тысқары жерде. «Іздеу шаралары Интерпол желісі бойынша да, сондай-ақ олар жасырынды деп тұспалданып отырған мемлекеттермен арамызда да жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесі үшін олардың қайда екенін жария ете алмаймын», – деді С.Перов. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі материалдармен танысу аяқталғаннан кейін іс сотқа жолданатынын жеткізді. «Сот отырысы ашық өтеді», – деді Сергей Перов. Жалпы, басы дауға шатылған бұл квазимемлекеттік сектор кәсіпорнында басқа да түйткілдер әшкереленді. Мысалы, оның бұрынғы қызметкері «Астана LRT» АҚ басшылығының ірі іс-шараларды ұйымдастыруға ақша тапсыруға мәжбүрлейтінін айтып, жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасы Алик Шпекбаевқа шағымданған. «Бұл 2018 және 2019 жылда да жүзеге асырылды. Мысалы, Көлік қызметкерлері күні мерекесіне орай барлық жұмыскерлерге сыйақы беріледі, алайда қолға ала салысымен әрбір қызметкер міндетті түрде ақшалай жарна енгізуі тиіс. 2018 жылы жарна көлемі 15 мың теңге болса, былтырғы тамызда 18 мың теңгеге жетті. Жаңажылдық корпоративке 25 мың теңгеден тапсыруға тура келді. Бұл ретте жарна жиналуының кейбір гәптері назар аудартады. Біріншіден, қызметкерлерге мұндай соманың қандай есеп-қисап негізінде алынғаны туралы ақпарат ұсынылмады. Екіншіден, оны тіпті іс-шараға қатыспаса да, барлығы тапсыруы міндет. Үшіншіден, ұйымдастыру комитеті ол ақшаның не мақсатта шығындалғаны туралы есеп бермейді», – дейді Ә.Әбдіқалықова. Қазіргі кезде ол компаниядағы жұмыстан шығып кетіпті. Бірақ штаттағы әріптестерінің сұрауымен шағым жазғанын айтады. Ерік ЕРДЕНОВ