Семейді қалай серпілтеміз?
Семейді қалай серпілтеміз?
429
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 4 мамырда Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Енді Алаштың рухани астанасы саналатын Семей қаласы Абай облысының орталығы болады. Облыс мәртебесінен айырыл­ған 25 жылда тарихи шаһардың тоз-тозы шығып кеткені белгілі. «Қазір ол жақта шеші­мін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, ай­мақтың ішкі инфра­құрылымы әб­ден тозған. Кезінде Алаш арыс­та­рының басын қосқан Семей қа­ласының жағдайы да мәз емес. Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыла­рымыз дүниеге келген киелі өлке­ні қайта жаңғыртуға тиіспіз» деп мұ­ны 16 наурыздағы Жолдауында Президенттің өзі де ше­гелеп айт­қан болатын.   Әуелі экономика Сонымен, облыс орталығы бо­луға әзірленіп жатқан Семей ша­һарында бірінші кезекте қандай шаруалар қолға алынуы қажет? Киелі өлкені қайта жаңғырту үшін қайтпек керек? Жасыратыны жоқ, «Абай облысы құрылады» деген сүйінші хабар тарағанда «Облыстың экономикасы қалай болар екен? Өскемен секілді ірі зауыттар да жоқ. Дотациялы өңір болып қалмай ма?» деген сұрақтардың қоса қойылғаны да рас. Десек те, семейліктердің күдігінен үміті басым. Қаладағы зия­лы қауым, бизнес өкілдері мен қоғам қайраткерлерінің пікірінше, Семей өңірін серпілту үшін әуелі экономикаға мән беру қажет. Олар­дың ойынша, жаңадан құрылатын Абай облысының Үржар ауданын­дағы Алакөл, Аягөз ауданындағы Ақтоғай кен байыту кешені, Жарма ауданындағы Бақыршық алтын кен орны, Бородулиха ауданындағы Жезкент тау-кен байыту комбинаты аймақ экономикасын ақсатпауға тиіс. Екі шақырылымда Семей қа­ла­лық мәслихатының депутаты бол­ған, мәслихат хатшысы қызме­тін атқарған Қайрат Мирашев бұлармен ғана шектелуге болмай­тынын айтады. «Сөз жоқ, бұл кә­сіпорындардан өңір бюджетіне қомақты қаражат түседі. Десек те, біз облыс аумағында орналасса да, басқа өңірге салық төлеп отырған «Қара жыра» секілді кәсіп­орын­дарды да естен шығармай, есепке алғанымыз жөн. Еліміздегі ірі көмір өндіру орындарының бірі сана­латын «Қара жыра» өндіріс қуатын жыл­дан-жылға ұлғайтып келеді. Бірақ олардың есепшоты Балқашта тұр. Сол жаққа тіркелген. Неге олай? Біздің облыста жұмыс істейді. Ақ­шасы басқа жаққа кетеді. Біздің аумақта болғандықтан, салықты бізге төлеуі керек қой. Неге Семей­ден кеңсе ашып қоймайды? Облыс орталығы құрылған бетте бірінші кезекте қолға алатын мәселелердің бірі – осы» деген ол қаланың ірге­сіндегі «Бұлақ» су электр стансасын қайта қолға алып, жаңғыртса, өңірді дамытуға септігі тиетінін алға тарт­ты. «Бұлақ» СЭС-сін салу 1980 жыл­дардың соңында жоспарда болға­нымен, кейін аяқсыз қалған екен. Егер салынар болса, бірін­шіден, қо­сымша электр энергиясы, екінші­ден, «Шүлбі» су электр стан­сасының жұмыс жүктемесін жеңілдетеді. Семейді бес саусағындай бі­летін, Семей өз алдына облыс бол­ғанда жауапты қызметтерді атқар­ған Қайрат Мирашев Семейдің өз басын дамытуға қатысты да ойын ортаға салды. «Президенттің өзі де айтқандай, аймақтың ішкі инфра­құрылымы әбден тозғаны рас. Семейде 16 жылу қазандығы бар. Құ­рылғылары ескірген, шығыны көп. Мемлекет жыл сайын оларды жөндеуге қаншама миллиард қар­жы бөледі. Бұл – тиімсіз. Қала жыл­дан-жылға ұлғайып келеді. Жаңа үйлер салынып жатыр. Сон­дықтан қалаға жаңа, үшінші жылу электр орталығы салынуы қажет. Бұл мәселе көптен бері айтылып жүр. Алайда облыс басшылығы мұ­ны ескерусіз қалдырып келеді», – дейді бұрынғы мәслихат хатшысы. Орайы келгенде айта кетейік, осыдан бірнеше жыл бұрын түрік инвесторлары Семейде жылу электр орталығын салып беруге ынта білдірген болатын. «Түрік инвесторлары бұл жобаға 1,3 миллион АҚШ долларын салуды жоспарлаған еді. Осы мақсатта Unit Energy Investment ЖШС деген қа­зақстандық фирма ашылды. Инвес­тиция және даму министрлігі мен компания арасындағы 2016 жылғы желтоқсандағы инвес­ти­циялық келісімге сәйкес жоба 2020 жылы жүзеге асуы тиіс болған. Ин­вестор тек жылу орталығы салы­натын жер учаскесін ғана сұраған еді. Алайда семейлік шенеуніктер «бұл аумақ­тан тарихи ескерткіштер табылды» деген желеумен жер учаскесін бе­руден бас тартты» деген еді компа­ния өкілі Олжас Есенғарин. Семейдегі жылу қазандықтары көмірді пайдаланады. Оның қор­шаған ортаға зияны айтпаса да түсінікті. Сондықтан Қайрат Мира­шев қаланы газға көшіретін кездің жеткенін айтады. «Газ барлық жа­ғынан тиімді. Көмірден гөрі бағасы да арзан. Экологияға тигізер зар­да­бы да жоқ. Семейге газ келсе, жылу орталықтарына да, кәсіпорындарға да, тұрғын үйлерге де қосуға бола­ды. Ресейдің Рубцовск қаласы бізге тиіп тұр. Оларда газ көп. Әуелі Се­мейге жеткізіп, кейін Қалбатау ар­қылы Өскеменді де қосуға мүмкін­дік бар. Тағы бір дүниені айтайын, Мейрамхат Айнабеков Семейдің әкімі болған кезде жапондар салып берген аспалы көпірді қарайтын, күтіп-ұстайтын арнайы мекеме ашқан болатынбыз. Кейін қала бюджетінде қаражат тапшы болған соң көпір облыс қарамағына берілді де қараусыз қалды. Абай облысы құрылса, осы дүниелерді қолға алу керек. Бізге біркүндік, біржылдық емес, кешенді, жүйелі жұмыстар қажет», – дейді бұрынғы депутат.   Жаңа облысқа жаңа заң керек Абай облысы құрылса, қолға алатын маңызды шаруаның бірі – 1992 жылы шыққан «Семей ядро­лық сынақ полигонындағы ядро­лық сынақтардың салдарынан зар­дап шеккен азаматтарды әлеу­мет­тік қорғау туралы» заңды қайта қарау. Семейліктер бұл заңның ескіргенін, заман талабына сай жа­ңа заң қажетін көптен бері айтып келеді. Осы орайда қаладағы қоғам белсенділері, ғалымдар, бизнес пен мәдениет өкілдері «Полигон 21» деп аталатын қоғамдық комитет құрыпты. «Президент Қасым-Жо­март Тоқаев 2019 жылдың сәуір айында Семейге келген сапарында полигон зардабын тартқан азамат­тарға жасалатын жеңілдік лайықты деңгейде болуы қажет екенін ай­тып, Үкіметке полигон аумағындағы халыққа берілетін әлеуметтік кө­мектің мөлшері жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырған еді. Алайда жабулы қазан жабулы күйінде қалды. 40 жыл радиацияның уытын жұтқан Семей халқы әлі де лайықты қолдауды сезіне алмай келеді. Қазақстанның Конститу­ция­сын басшылыққа ала отырып, ж­аңадан құрылатын Абай облы­сында полигонға қатысты кешенді іс-шаралар әзірлеу үшін арнайы Үкіметтік комиссия құруды ұсынып отырмыз. Ол комиссияның құра­мы­на жергілікті мемлекеттік орган­дардың, бизнес, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет пен азаматтық қоғам өкілдері, осы өңірдің мәселе­лерін бүге-шігесіне дейін білетін азаматтар кіруі тиіс. Сонымен қатар халықтың өмір сүру сапасын жақ­сарту, өңірдің тұрақты экономика­лық дамуы, ғылым мен денсаулық сақтаудың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, толыққанды әлеуметтік қорғау мақсатында «Семей ядролық полигоны» туралы 1992 жылы қа­былданған заңның күшін жойып, жаңа заң әзірлеу қажет. Жаңа заңда полигон аймағында тұрған әйел­дер­ді 60 жастан зейнеткерлікке шы­ғару сияқты өзекті мәселелер қарастырылуы керек», – дейді «По­лигон 21» қоғамдық комитетінің мүшесі, «Абыралы-Дегелең» қо­ры­ның президенті Марат Құрманбай.   «Шәкәрім-град» салынса Әрине, дәл қазіргі сәтте жаңа­дан құрылатын облыстың эконо­микасын көтеру, инфрақұрылымын жаңғырту күн тәртібінде тұрғаны­мен, Семейдің руханият ордасы, кешегі Алаш ардақтыларының табаны тиген, Алашорданың аста­насы болған қастерлі мекен екенін естен шығармаған ләзім. Әр қала­ның өз ерекшелігі, өз артықшылығы бар. «Семейдің ауызсуы өте таза. Кран­нан су ішетін жалғыз қала Се­мей шығар. Семейде үлкен өзен бар. Табиғаты әртарапты. Дәл Се­мейдегідей үлкен арал көп қалада жоқ. «Түйе мойнақ» аралын қала жұрт­шылығы, сырттан келген қо­нақтар тынығатын демалыс орнына айналдыруға болады. Аралды қо­лынан іс келетін азаматтарға жалға берсе, жайнатып жібереді деп ойлаймын. Аралда биологиялық орталық бар. Осындай мүмкіндік­терді пайдаланып, неге аралды ша­һардың көрікті орындарының біріне айналдырмасқа?», – дейді Семейдегі Шәкәрім университе­ті­нің ректоры Бауыржан Ердембеков. Қаладағы іргелі оқу орнының басшысы «Абай облысы ашылады» деген сүйінші жаңалыққа елмен қатар құр қуанып қана қоймай, өз тарапынан бірнеше ұсыныс дайын­дап қойыпты. «Аз жылда Түркістан қалай түледі? Сондай қаржы Се­мейге де бөлінсе жақсы болар еді. Алматыда «КазГУград» қалашығы бар. Студенттерге барлық жағдай жасалған. Біздің Шәкәрім универ­ситеті 4 оқу орнынан құрылған. 25-ке жуық үлкенді-кішілі ғимарат бар. Бірақ жан-жақта шашылып жа­тыр. Қаланың шетінен жатақ­хана­лары, спорт кешендері, зама­науи ғимараттары бар «Шәкәрім- град» салынса, қандай керемет болар еді. Қазір Абай облысын құру үшін ғимараттар қажет болып жатыр ғой. Егер «Шәкәрім-град» қала­шы­ғы салынар болса, оқу ғи­марат­тарының барлығын облысқа берер едік. Тағы бір ұсыныс, облыс ашыл­ған кезде жаңа мамандықтар бо­йын­ша кар­та жасау керек деп ой­лай­мын. Болашақта жаңа облыс­та қандай өндіріс ошақтары ашы­лады? Бұ­рынғы өндіріс орындары одан әрі кеңейтіле ме? Бұрынғы жібек то­қитын фабрика, кабель, цемент зауыттары қайта жандана ма? Әлде ауыл шаруашылығына басымдық беріле ме? Біз облыстың сұранысына бейімделіп, маман дайындауымыз керек», – дейді ректор.

Шығыс Қазақстан облысы