Конституциялық реформа – Қазақстан дамуының жаңа кезеңі
Конституциялық реформа – Қазақстан дамуының жаңа кезеңі
AMANAT партиясы жанындағы баспасөз орталығында «Конституциялық реформа – Қазақстан дамуының жаңа кезеңі» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Кезекті жиында алдымен қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы, саясаттанушы Қазбек Майгельдинов референдум аясында жоспарланған негізгі өзгерістерді нақты әрі қысқаша түсіндіріп өтті. Саясаттанушы референдум белгілі бір өзгерістерді халықтың дауысын ескере отырып қабылдауға және ол өзгерістің нақты нәтижесін көруге мүмкіндік беретінін айтты. 1995 жылы өткен алғашқы референдумның мәні суперпрезиденттікті нақтылау,  яғни президентке көп өкілеттілік беру болды. Ал биылғы референдум керісінше, президенттің өкілеттіктерін шектеу және толыққанды классикалық президенттік мемлекетке өту екенін де атап өтті.
«Референдум аясында жоспарланған 33 өзгерістің 31-і бұрынғы баптарға енгізлсе, қалған екеуі жаңа баптар болмақ. Біріншіден Конституциялық сот пайда болып, ол Ата заңда бекітіледі, ал екіншісі – Адам құқықтары бойынша өкіл, яғни омбудсмен конституциялық негіздегі статусы бекітіледі», - деп нақтылады Қазбек Майгельдинов.
AMANAT партиясы фракциясының  мүшесі, саясатанушы Саясат Нұрбек те 5 маусымға жоспарланған референдумның маңызына тоқталды. Ол конституциялық реформаның арқасында жерге байланысты өте маңызды өзгерту енгізілетінін айтты.
«Енді бірінші бап, екінші тармақта жер, жер қоймалары, жер астындағы байлықтар, су, өсімдік, бүкіл биоресурстар тікелей Қазақстан халқының меншігінде деп нақты жарияланады. Бұл өте үлкен өзгеріс. Яғни, халықтың атынан Үкімет оны тек қана басқарады» - деді Саясат Нұрбек.
Саясаттанушы қазақстандық әр азаматқа конституцияға енгізілген ұсыныстарды қарап шығуды ұсынды. Сонымен қатар өздерінің конституциялық, адами, азаматтық құқықтарын жүзеге асыруға берілген мүмкіндікті жіберіп алмау үшін 5 маусымда болатын референдумға қатысуға шақырды. Баспасөз мәслихатының спикерлері қатарында Мәжіліс депутаты Ләззат Рамазанова мен AMANAT партиясының Қоғамдық саясат институтының директоры Мадина  Нұрғалиева болды. Олар қазіргі таңда халық тарапынан, қоғам тарапынан мемлекеттік басқаруға, мемлекеттік билікке қатысуға үлкен сұраныс бар екенін айтты. Ал референдум сол сұраныстың орындалуына деген нақты қадам деп түсіндірді спикерлер өз сөздерінде. Осылайша, оның маңызына кеңірек тоқталып өтіп, халықты референдумға қатысуға үндеді.