Елордада 8-қабаттан құлағалы тұрған 3 жасар қызды құтқарған Сәбит Шонтақбаев қазақстандықтарға үндеу жасады
Елордада 8-қабаттан құлағалы тұрған 3 жасар қызды құтқарған Сәбит Шонтақбаев қазақстандықтарға үндеу жасады
© sn.kz
207
оқылды
Нұр-Сұлтанда сегізінші қабатта терезеге ілініп тұрған қызды құтқарған 36 жастағы Сәбит Шонтақбаев Қазақстан халқына үндеу жасады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Жағдайым жақсы. Жаңа ғана үш бөлмелі пәтер берген құрылыс компаниясының кеңсесінен шықтым. Құжаттарды толтырып шықтым. Маған көмектескен досыма да екі бөлмелі пәтер беріледі деді. Қазір құжаттарын дайындап жатыр", – деді Шонтақбаев Tengrinews.kz тілшісіне.
Ер адам оған белгісіз біреулер телефон соғып, кешегі әрекеті үшін алғыс айтып жатқанын атап өтті.
"Бәрін бірдей есте сақтай алмаймын, бәрі алғыс айтып, қолдап жатыр. Жезқазған, Көкшетау, Талдықорған, Алматыдан, жан-жақтан телефон соғып жатыр. Тіпті, көбін танымаймын", – дейді ол.
Сәбит Шонтақбаев қолдап жатқан Қазақстан халқына алғысын білдірді.
"Құдайға шүкір, маған бәрі жетеді. Қазақстан халқына үн қатқым келеді, көмектесіп жатқан адамдарға алғыс айтамын. Бір-бірімізге жақсылық жасау өте дұрыс", – дейді ол.
Сәбит қыздың ата-анасымен әлі кездеспегенін айтты.
"Қыздың анасы телефон соғып, алғыс айтты. Ата-анасын әлі көрген жоқпын", – деп түйіндеді ол.
Бұған дейін Сәбит Шонтақбаевқа белгілі депутат 3 бөлмелі пәтер сыйлағанын хабарлаған болатынбыз.