Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев елдегі әуе тасымалының сапасы мәселесін көтеріп, Үкіметке сауал жолдаған. Біз сол мәселе бойынша депутатпен аз-кем әңгімелестік. – Депутаттық сауалыңызда отандық әуеиндустриядағы түйткілдерді көтердіңіз. Қазақ әуеиндустриясының ахуалын еуропалық стандарттарға сай реттеуді неден бастау қажет? – Өткен жолы да айтқам, қазір де қайталап айтудан танбаймын, қазақ әуеиндустриясының ахуалын еуропалық стандарттарға сай реттеу үшін біздегі әуекомпанияларының қызмет сапасын арттыру керек. Бірінші кезекте алдағы жазғы демалыс күндерінде, елдің сапар байланысын уақытында сапалы қамтамасыз ету үшін рейстердің кешігу жиілігін реттеуді қолға алған жөн. Айналдырған үш әуекомпаниясының жұмысын біріздендіретін уақыт әлдеқашан жетті. Өкініштісі, Қазақстан Республикасының «Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңының баптарына сәйкес, әуекомпанияның кінәсінен рейстерді кешіктіру немесе олардың болмауы кезінде ұсынуға міндетті ыстық тамақ, қонақ үйге орналастыру, көлік трансферті сияқты қызметтерін ішкі рейстерде сапалы ұйымдастырғанын естімеппіз. Тек, БАҚ-ның араласуының арқасында қоғамдық резонанс туындатып қана тұтынушылар қажетті қызметтеріне қол жеткізеді. Біздің ішкі рейстерде заңнамада белгіленген нормалар сақталмай жатыр. Егерде 10 сағаттан асып кететін болса қонақүймен қамтамасыз ету, аналар мен балаларға арналған арнайы бөлме бөлу, көлік трансферті, одан бөлек кешігу бойынша ертерек хабарлау, кешігу бойынша дұрыс түсіндірме жұмыстарын жүргізу сияқты нормалардың ешбірі уақытында және сапалы орындалмайды. Осыған аса мән беру қажет. Екіншіден еуропалық стандарт бойынша ұшақтардың 80 пайызы ұшуы керек. Бізде әлі күнге дейін ірі компаниялар ол межеге жете алмай отыр. Кемінде 80 пайыз ұшақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы, олардың ұшу тәртібін уақытында реттестіруді қолға алуымыз керек. Осы екі мәселе өзекті. – FlyArystan әуекомпаниясында сусын бағасының қымбат екенін де атап өттіңіз. Жалпы, FlyArystan-да қит етсе, ақша сұрайтыны жасырын емес. Жүгіңнің салмағы белгілі мөлшерден сәл асып кетсе де, ақша алады. Оған қоса, өзіңіз айтқандай лоукастердің саясатына кереғар болатын соңғы билеттер қалған уақытта оның бағасын 5-6 есеге көтеріп сатады. Сонымен бірге Air Astana Ұлттық әуекомпаниясының билетін ауыстыру да қымбат Осы мәселелерді қалай ретке келтіреді? – Расымен мемлекеттің тікелей қолдауымен ашылған FlyArystan компаниясынан бір жұтым суды 500 теңгеге сатып аласың. Осы жерде, ұлттық әуекомпаниясының лоукостері қысты күні қар сатқан, дәрі ішуге су сатқан ертегінің Шықбермес Шығайбайындай көрінеді маған. Әлемде суды ұсыну мәдениеті жаппай қалыптасып келе жатқанын білесіздер. Бүйректен сирақ шығармай, жеті әлемнің суы таусылса да, бір кесе суды тегін беруді ұйымдастыруға болатын шығар?! Сондай-ақ әуекомпаниялардың онлайн тіркеу қызмет көрсетуіндегі арнаулы ақылы орындардың бағасы бойынша да шағымдар жиілеп кетті. Біріншіден, лоукостердегі тегін орындардың өзі автоматты түрде таңдалады. Екіншіден, Air Astana компаниясының эконом санаттағы ақылы орындары 15 мың, ал лоукестер саналатын FlyArystan компаниясында 6,5 мың теңгеге дейін жетеді. Осы ретте, ыңғайлы болуы үшін билет құнының жартысын төлеу қаншалықты әділетті?! Бұл ішкі рейстердегі ыңғайлы орынның құны, ал өзге елден ұшатын уақытта арнаулы орынның бағасы екі есеге артады. Мысалы, Түркиядан Air Astana Ұлттық әуекомпаниясының ақылы орын қызметі 25 мың теңге. Логика қайда?! Лоукестердің саясатына кереғар болатын соңғы билеттер қалған уақытта, оның құнын 5-6 есеге көтеріп сатуға тез арада тосқауыл қойғанымыз жөн. – Статистика бойынша SCAT, Qazaq Air әуекомпанияларының әрбір төртінші рейсі кешігіп келеді екен. Онымен қоса, олардың кешігіп ұшатыны да бар. Яғни, діттеген жеріңе белгіленген уақыт аралығында бара алмайсың. Бұған не айтасыз? Қызмет сапасы нашар әуекомпанияларға осыншалықты қыруар қаржы бөлу қаншалықты орынды? – Қазір жұрт қалыпты өмірге оралып, жүк және жолаушылар тасымалы қайта жанданып, ұшақтардың ұшу жүйесі іске қосылды. Пандемияның уақытында ұшу жиілігі кемінде 1,5 есеге азайғанын ескере отырып, қазір еліміздегі ең ірі әуекомпанияларға (Air Astana, SCAT, Qazaq Air) тиесілі рейстердің жиілігі қайта қалпына келтірілді. Дегенмен әуерейстердің кешігуі мен кешігу барысындағы көрсетілетін қызметтердің сапасына байланысты халық арасында наразылық бар, әлеуметтік желі мен ақпарат беттерінде нақты мысалдар жетерлік. Айта кетсек, 2020 жылдың қорытындысы бойынша 51 мыңға жуық рейстің 6 735 рейсі кешіктірілген, яғни шамамен әрбір 8-ші рейс кешігіп ұшқан. Ал 2021 жылы ұшқан 68,7 мыңнан астам рейстің 13 мыңға жуығы кешіктіріліп, әрбір жүйелі рейстің бесіншісі уақытында ұшпағаны анықталып отыр. Яки, ұшу рейстері айтарлықтай көбеймесе де, борттардың кешігу себептері шамамен екі есеге көбейген. Мұндай жағдайда әуе компаниялардың жауабы «ауа райының қолайсыздығына» байланысты деп қысқа қайырып, халықты сабырға шақыратыны бар. Оның ішінде SCAT, Qazaq Air әуекомпанияларының әрбір төртінші рейсінің уақыты кешігіп ұшады. Сол 2021 жылдың қорытындысы бойынша 12,8 мың кешіккен рейстердің 9 045-і борттың кешігіп келуі себеп болса, ал ең қызығы ауа райының қолайсыздығына байланысты деген тармақ бойынша небәрі 912 рейс кешіккен. Өздеріңіз білетіндей, ішкі рейстердің жиілігін көбейту мен халықтың ұшақпен пайдалану дең- гейін арттыру мақсатында, Үкімет тарапынан 2022 жылы 24 бағыттағы рейстерді субсидиялауға 5,9 млрд қаржы бөлінген. Оның ішінде 16 бағыт бойынша 5 млрд. теңге SCAT, Qazaq Air компанияларына бөлінетінін ескерсек, аталған компаниялардың қандай сапалы қызметтеріне осыншама қаржы бөлінуі тиіс?! Біле білсеңіздер, рейстің кешігуі бойынша смс-хабарламаны арнайы қызмет ретінде ақылы пайдаланамыз. Мұны да атап өтпеске болмайды. – Біздің әуекомпанияларға не жетіспейді? Қызмет сапасына көңіліңіз тола ма? – Біздегі әуекомпаниялардың сервисі мүлде сын көтермейді. Осыдан кейін қызмет сапасына көңілім толады деп қалай айтасың? Рейстердің бөгелуі, кейінге қалдырылуы қалыпты жағдайға айналып келеді. Күнделікті әуе билетінің бағасы шарықтап бара жатқаны өз алдына, нарықтағы басқа компанияларды ығыстырып бара жатқанына қарамастан осындай келеңсіздіктер болатынын түсіне алмай отырмыз. Мұның бәрі биыл ғана белгілі болған жайт емес. Жылда қайталанатын жағдай. Аталған олқылықтардан нәтиже шығара алмай келе жатқанымыз өкінішті.
Сұхбаттасқан Әбілмансұр ЖАСАН