Таразы басында ел тағдыры тұр
Таразы басында ел тағдыры тұр
235
оқылды
Егемен еліміздің тарихында екі рет референдум жарияланды. Енді міне, Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жар­лы­ғымен 5 маусым күні үшінші рет жал­пы­халық­тық референдум өт­кізі­летін болды. Республиканың саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін осы­­нау тағдыршешті кезеңде «АMANAT» партиясының өкілдері Ұлт­тық ака­де­миялық кітап­ханасында ұлт ұстыны болған зиялы қауым өкілдерімен бас қосып, Ата Заңға енгізілетін түзетулер мен то­­лықтыруларды талқылады. Суперпрезиденттік жүйеден қуатты Пар­ламенті бар президенттік респуб­ли­ка­ға көшуді үндейтін референдумды жа­рия­лау – «халық үніне құлақ асатын мем­лекет» тұжырымдамасының кезекті бір жарқын көрінісі екені сөзсіз. Референ­дум­ның мақсаты – саяси, құқықтық жүйемізді жетілдіру, конституциялық ре­форма жасау. Өзгерістер Конститу­ция­дағы 99 баптың үштен біріне әсер етеді. Бұл ел дамуының жаңа кезеңге аяқ басқанын біл­діреді. Кеш тізгінін Túrkistan газетінің бас ре­дакторы Бауыржан Бабажанұлы ұстады. Бас қосуда алғаш болып сөз алған «АМАNАТ» партиясының хатшысы Дәу­лет Кәрібек референдум өткізу бойынша пар­тия жанынан құрылған штабтың жұ­мысы мен күн тәртібінде белгіленген ша­раларға қысқаша тоқталды. «Референдумға орай партия жанынан қо­ғамдық штаб құрылып, оны саяси ұйым­ның жетекшісі Ерлан Қошанов бас­қар­ды. Штабтың құрамында 5 мыңға тар­та мүше бар, олар алдағы күндері ел мен жерді аралап, халыққа Ата Заңға енгі­зі­летін өзгертулердің мәнін түсіндіреді. Кез­десулер барысында азаматтардың айт­қан ұсыныстары мен талап-тілектерін тал­­қыланып, шешімін күткен күрделі мә­­селелер партия басшылығына жеткізіле­ді. Сая­си ұйымның мүшелері осы сапарын­да тек референдумды насихаттап қоймай, ел­дің аманатын да арқалап келетін бола­ды», – деп сөзін сабақтады Дәулет Кәрібек. Партия хатшысы Сенат және Мәжіліс де­путаттарының қатысуымен өтетін ай­мақ­тарды аралау шарасы екі кезеңнен тұра­тынын жеткізді: біріншісі –12 мамыр мен 20 мамыр аралығы, екіншісі – 26 ма­м­ыр мен 3 маусым аралығы. Олар жер-жер­де зиялы қауым өкілдерімен, ақса­қал­дармен, елдің белсенділерімен, қоғам қай­­раткерлерімен кездесіп, көпшілікті тол­ғантып жүрген көкейтесті мәселелерді қоз­ғайды. «Егемен Қазақстан» республикалық га­зеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Кы­дыр­әлі Конституцияның жаңаруы іргелі си­­патқа ие екенін және ол елдің саяси жүйе­сін түбегейлі өзгертетінін атап өтті. Ол осы шешім қабылдау үрдісіне халық­тың өзі белсеніп қатысуы керегінің маңы­зы­на тоқталды. Сондай-ақ референдум қо­ғамды жан-жақты демократиялан­дыру­ға және Жаңа Қазақстанды құруға мүм­кіндік беретінін еске салды. Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп Ата Заңға енгізілетін жаңа­­­шылдықтардың арқасында халық пен биліктің арасы жақындай түсетінін жет­кізді. – Өздеріңіз білесіздер, 1995 жылы қа­был­данған Конституцияға 60-тан астам бап­ты қамтыған 4 рет өзгерту енгізілді. Қазір 33 бап жаңартылатын болады. Онда конституциялық реформаның басты тұжырымдамалық негіздері өзгеретін болды. Оның ішінде саяси моделі, билік тар­мақтары арасындағы қарым-қаты­нас­тар, мемлекет пен қоғамның арасындағы диалог, яғни шешім қабылдағанда халық­тың пікіріне құлақ асу жайы өте өзекті», – деді Нұртөре Жүсіп. АМАNАТ Сенатордың айтуынша, конститу­ция­лық өзгерістердің басым бөлігі саяси ре­формаларға байланысты болмақ. Мә­се­лен, суперпрезденттік модельден бас тар­ту, Парламенттің рөлінің өзгеруі, ха­лық­тың ел басқару ісіне араласуы, облыс әкім­дерінің баламалы түрде сайлануы сияқ­ты көп жаңашылдық күтіп тұр Ал сенатор Айгүл Қапбарованың ай­туынша, Үкімет заң шығару барысында ха­­­лықпен толықтай санасуы тиіс. «Заңда жер қойнауы, өсімдіктер мен жануарлар әлемі, табиғи ресурстар ха­лық­қа тиесілі деген сөз бар. Алайда со­ны­мен қа­тар мемлекет халық атынан иелік жүр­гізуге құқылы деп жазылған. Бұл да тал­қылауға тұратын мәселе. Мәселен, заң дайын­­дау барысында министрліктер ха­лықпен санаспайды, содан түрлі келең­сіз­­діктер, келіспеушілік туады, дау шы­ғады. Сондықтан халықтың тағдырына қа­­тысты күрделі мәселелерді шешу бары­сы­на халық өзі тікелей қатысып, хабардар болу керек. Қарапайым жұртшылық ре­ферендумның ашық өтетініне толықтай се­­­німді болуы керек», – дейді Сенат де­пу­т­аты. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ журна­лис­тика және саясаттану факультетінің де­каны Қайрат Сақ референдум арқылы біз болашақтың іргетасын қалайтынымызды жеткізді. «Әлеуметтік желілерде бірқатар адам­дар референдумның ашық және әділ өте­ті­ніне сенбейді. Оған негіз де жоқ емес. Тұр­­мысы жүдеу көпшіліктің күмәнін де тү­­сінуге болады. Өйткені шенеуніктер ха­­­­лықтың мұң-зарын естуден қалды. Де­ген­мен де біз кезінде осындай саяси өз­геріс­тер болса екен деп армандадық. Қазір Мем­лекет басшысы жағдайды өз қолына нық алды. Енді тұрмысымызды түзеп, жағ­дайымызды жақсартып алу үшін ел пат­риоттары осы мүмкіндікті қалт жі­бер­мей, өз пайдамызға асыруымыз керек. Бұл – біз­дің тарихи миссиямыз. Біз болашақ ұр­пақтың тағдыры үшін жауаптымыз», – деді Қайрат Сақ. Моңғол елінен Қазақстанға көшіп кел­геніне бірнеше ай ғана болған ақын Сұра­ған Рахметұлы сырт жерде жүрген қан­­дастарымыздың жағдайы, тіл, діл, әде­биет, мәдениет, рухани жаңғыру мәсе­ле­сін әңгіме өзегіне айналдырды. Сөзін Ата Заңға мемлекеттік тілдің мәртебесін ны­­ғырлап жазып қою қажеттігін айтып түйін­­деді. Жиынға қатысқан басқа да зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар Конс­ти­­­туцияда болатын өзгерістер туралы өз пі­кірлерін айтып, ел ішіндегі өзге де өзекті мәселелерді талқыға салды. Мемлекеттік модельді кешенді түрде өз­гертуге мүмкіндік беретін Консти­ту­ция­­лық реформа – Әділетті Қазақстан ұста­нымының бастамасы деуге негіз бар. Ол биліктің өкілетті тармақтарын (Пар­ла­мент, мәслихат) айтарлықтай күшейтеді. Сол арқылы көпшілік халықтың мем­ле­кет­ті басқару ісіне араласуына мүмкіндік бере­ді. Сондай-ақ жаңартылған заң ая­сын­да барлық саяси күштер мен партия­лар­ға дербестік берілуі – елдегі саяси ұйым­дар­дың тең дәрежеде бәсекеге түсіп, демок­ра­тиялық үрдістерді үдете түсетіні сөзсіз. Алдағы референдум – жекелеген топ­тарды күшейтуді емес, мемлекетімізді же­тілдіруді, жаңғыртуды және нығайтуды көз­дейді.