Бүгінде әскери салада қайғылы оқиғалар жиілеп кетті. Айдың-күннің аманында әскерге сап-сау аттанған балаларының табытпен оралуы ата-аналардың көңілін алаң етіп тұр.Айналдырған 2-3 айдың ішінде Жамбыл облысындағы әскери бөлімдерде 2 бірдей жас сарбаз ажал құшты. Әрине, бұдан кейін ұлын Отан алдындағы қастерлі борышын өтеуге жібергісі келмейтін ата-аналарды түсінуге болады. Саладағы осы секілді жағдайлар сайып келгенде елдігіміздің қалқаны саналатын отандық қорғаныс жүйесінің беделіне нұқсан келтіреді.Жауынгердің жұмбақ өлімі
Әуелі наурыз айында Меркі ауданындағы «Андас батыр» шекара заставасынан із-түзсіз жоғалып кеткен 19 жастағы Ұлықбек Бердішевтің оқиғасын еске түсірсек. Шекарашылар жас сарбаздан көз жазып қалып, оның мүрдесі бір айдан аса уақыттан кейін көрші Қырғыз Республикасынан табылды. Сол жолы әскерилер жауынгердің жарғабақ тасқа өзі асылып қалғанын айтты. Алайда қырық күн бойы тау-тасты кезіп, Ұлықбекті іздеп таппаған туыстары бұған сенбеді. Марқұмның нағашы ағасы Бауыржан Мереков жиенін әскерилер абайсызда өлтіріп алуы мүмкін деген болжамын да жасырмады.
«Денесі ісіп кеткен, исі шыққан. Оны сол жерде бір айдан бері асылып тұрды деуге келмейді. Менің күдігім бойынша баланы өздері әскери бөлім аумағында өлтіріп алған секілді. Сондықтан мен бұл жағдайдың соңына дейін барып, кінәлілерді сот алдында жауап бергіземін», – деді Б.Мереков. Жауынгердің киімдерінің таза күйінде табылуы марқұмның туыстарының күдігін тіптен үдете түсті. Артынша олар Қырғыз Республикасында екі сағатта шығарған сот медициналық сараптаманың да қорытындысына күмән келтірді. Жас сарбаздың мәйіті сол күні Тараз қаласына жеткізілген. Белгіленген тәртіп бойынша сот медициналық сараптама бір ай жасалады. Сол себепті Ұлықбектің жақындары аталған сараптаманың қорытындысын күтіп отыр.
Кінәлі кім?
Ұлықбектің денесі суымай жатып сәуір айында Отар ауылында орналасқан Гвардейск гарнизонынан суық хабар жетті. Әскерге шақырылғанына бірнеше күн болған 18 жастағы маңғыстаулық сарбаз Әлібек Қалбай көз жұмды. Бастапқыда Қорғаныс министрлігі сарбаз ботқаға түйіліп қайтыс болды деген хабар таратты. Кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жан-жақты тексеруді тапсырғаннан кейін күдікті ретінде сол бөлімнің сарбазы Айболат Аманжолов қамауға алынды. Алайда Айболаттың Әлібекті өлтіргеніне көпшілік күмәнмен қарайды. Себебі ол екеуі әскерге бір уақытта шақырылған әрі жақын араласқан. Тергеудің барысы мен күдіктіге қатысты дәлел-дәйектер туралы ресми ақпарат жоқ.
Сонда да болса Айболаттың анасы Айнұр Төлемісова баласының қаруласын өлтіргеніне сенбейді. Оның айтуынша, ұлы 13 сәуір күні әскерге аттанған. Алғашқы күннен хабарласып, жағдайы жақсы екенін, тамақтары ұнап жатқанын айтқан. 22 сәуір күні қызы Отарда бір сарбаздың қайтыс болғаны туралы әңгіме естігенін айтқан. Бұл хабардан секем алған ана жүрегі облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті келіп, ондағылардан баласының дін-аман екенін білген соң жай табады. Бірақ үйіне оралғанда ұлы қоңырау шалып, әскери бөлімде бір баланың қаза тапқанын, соған өзін кінәлап жатқаны туралы хабарды жеткізген. Қайта Қорғаныс департаментіне барса, мұндағылар бұл жайттан хабарсыз кейіп танытқан.
«Әскери бөлімге барып білгенім, екі атыраулық және екі ақтаулық бала дос болған екен. Петропавлдық Николай Курочкин деген сарбазбен марқұм Әлібек екеуі оның қазасының алдында төбелесіп қалыпты. Алайда бұл жағдай тергеушінің назарынан тыс қалған. Сержанттан бастап 40 сарбаз «ешқандай төбелес болмады» деген соң бұл фактіні тереңірек тексермеген. Президент тапсырма бергеннен кейін ғана әскери тергеу басқармасындағылар сегіз сарбазды қамап, тергеуге кіріскен. Бәріне Айболатты кінәлі деп көрсетіңдер деп үгіттеген. Алайда балам сапта тұрып құлаған Әлібекке бірінші жүгіріп барып көмек көрсетуге тырысқан екен. Тергеу барысында петропавлдық Николай Курочкин ғана Әлібекті ұлым ұрғаны туралы айтқан. Бірақ басқа сарбаздардың барлығы Айболат пен Әлібектің арасында ешқандай кикілжің болмағанын, керісінше өте жақсы дос болғанын айтып отыр. Менің баламның денесі де кіші. Оның адам ұруға шамасы да келмейді», – дейді қамауға алынған Айболаттың анасы.
Тағы бір ойландыратын дерек, Әлібекті әскери бөлімдегі сержант келген күнінен бастап «Айжамал» деп мазақ қылған көрінеді. Бұны да Айболаттың анасы әскери бөлімге барған кезінде сарбаздардан естіпті. Сондықтан жүрегі қан жылаған ана Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, ұлына араша сұрады.
Әзірге Бас әскери прокуратура бұл іске қатысты тергеу басталғанын ғана хабарлады. Өзге жайттар тергеу мүддесіне байланысты жарияланбады. Сонда да болса бұл оқиғаның көпшілікке беймәлім тұсы көп.
Казармадан аурухана төсегіне
Күні кеше Шымкенттегі әскери бөлімде тағы бір сарбаз өз-өзіне қол жұмсамақ болды. Ауруханаға ауыр халде түскен бала бұдан басқа амалы қалмағанын айтқан. Себебі оны бір бөлмеге бес бала кіргізіп алып, шешіндіріп, қоқан-лоққы көрсеткен екен. Сарбаздың анасының айтуынша, баласы оған көп жағдайды ашып айта алмаған. Алайда баланың өз-өзіне қол жұмсаудан басқа амалы қалмапты. Ал әскери бөлімнің командирі жас сарбаздың психикалық ауытқушылығы бар екенін алға тартып оны ауруханаға, ал ол жақтағылар психоневрологиялық емдеу мекемесіне жөнелткен. Жауынгердің шын мәнінде психикалық ауытқушылығы бар болса, оның медициналық комиссиядан қалай өткені қызық.
Демек, бұл жағдайдың да көлеңкелі тұстары көп. Қазір баланың ата-анасы баласы үшін әділдік іздеп, осындай жағдайға жеткізгендерді жазалау үшін тырысып жатыр.
Борыштан жалтарып, істі болды
Осындай жағдайлардан кейін жастар әскерден қашады деп кінәлау бекершілік секілді көрінеді. Жуырда Қорғаныс министрлігі еліміз бойынша 30 мың азамат әскери борышын өтеуден бұлтарып жүргенін айтты. Жылда 200 мыңнан аса адам әскери қызмет үшін медкомиссиядан өтсе, солардың тек 30-35 мыңы ғана Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады екен. Өзгесі түрлі себеппен армияға бармайды. Әрі әскерден қашатындар да кездеседі.
Әскердегі әлімжеттік жойылмай, жастар өзі еркімен сапқа тұруға ниет таныта қоймасы анық. Жамбыл облысында қазір де әскерден қашып жүргендер аз емес. Жақында азаматтық борышын өтеуден жалтарған Шу ауданында тұратын азаматқа қатысты жағдай әлеуметтік желі қолданушыларының ойын сан саққа жүгіртті. Әскерге барудан бас тартқан жігітті аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің мамандары күштеп алып кеткен. Туыстары әлгі азаматтың жоғары оқу орнында оқитынын айтып, Қорғаныс министрлігінен араша сұрап әлеуметтік желіге жазба қалдырды.
Шу болған жазбадан кейін біз де бұл жағдайдың ақ-қарасын анықтап көрген болатынбыз. Сөйтсек, шулық азаматтың жоғары оқу орнында оқып жатқаны туралы Қорғаныс істері бөліміне көрсеткен анықтамасы жалған болып шықты. Мұны оқу орнының ректоры да растап, аталған азамат құжаттарын университетке өткізгенімен бірде-бір рет сабаққа келмегенін, ешқандай төлем жасамағанын, сол себепті жыл басында оқудан шығарылғанын айтты. Аталған азамат әскерге жарамды болса да, Отан алдындағы борышын өтеуден бас тартқан. Сондықтан оның үстінен қылмыстық іс қозғалады. Еске сала кетсек, былтыр әскерден қашып жүрген шулық азамат 6 жылға шартты түрде сотталған еді.
Байқап тұрсаңыздар, бүгінгі жастар әскерге бармау үшін бар амалын жасайды. Бұл әрине еліміздің қорғаныс жүйесі үшін абырой емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскер әлеуетін көтеру туралы нақты тапсырмасын берді. Алайда мұндай жағдайда Қарулы Күштерімізді күшейте алмаймыз. Жамбыл мен Шымкенттегідей жағдайлар қайталанбауы үшін әскери салаға темірдей тәртіп қажет. Саладағы кадр саясатына да баса мән бермесе болмайды. Мұнда білікті әскери психологтердің да көп нәрсені шешетінін ұмытпағанымыз жөн.
Мемлекет тарапынан да сарбаз атанып, сапқа тұруға ниеттілерді ынталандыру бағдарламасын жүзеге асыру да артық болмайды.