Бірнеше жылға созылып, атыраулықтардың алаңдаушылығын тудырған «Атырау-Астрахань» тас жолын жөндеу жұмысы қайта жалғасын тапты. AMANAT партиясының өңірлік қабылдау бөліміне Атырау облысындағы «Исатай» ауылының тұрғыны Қайырлиева Балғаным «Атырау-Астрахань» тас жолын жөндеу мәселесі бойынша жүгінген. Ол 3 жыл бұрын басталған «Атырау-Астрахань» жолындағы жөндеу жұмыстары жиі тоқтап тұратынын айтып, алаңдаушылық білдірген. Балғаным Қуандыққызының айтуынша, Исатай ауданының 7 ауылдық округі осы жол бойында орналасқан. Жолда жеңіл көліктер әрең жүреді. Сондай-ақ күніне Аққыстау ауылынан Тұщықұдық ауылына дейін 200-300 жүк көлігі өтеді. Оның әсерінен барлық шаң ауаға көтеріліп, ауыл тұрғындарының тыныстауы қиындаған. Көлік апатынан бірнеше рет жазатайым оқиғалар да болған. Сондықтан да ауыл тұрғындары атынан AMANAT партиясының республикалық мобильді қоғамдық қабылдау бөліміне жүгінген. Артынша Балғаным Қайырлиева AMANAT париясы мәселеге назар аударып, қазіргі таңда мәселе ақырындап шешімін тауып жатқанын айтты.
«Атырау-Астрахань» жолын биыл бітіріп берсе деп тұрғындар атынан партияның бөліміне ұсынысымызды білдірдім. Олар көп уақыт өтпей Нұрлыбек Ожаевтың мәселені Үкіметте көтергенін, депутаттық сауал етіп жолдағанын жеткізді. Сол кісілердің мәселені көтергенінің арқасында қазір жолды жөндеу жұмыстарында тіршілік бар. Өзім сол жолмен жиі жүремін. Кеше де Атырауға барып келдім, сол кезде жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын көрдім. Ұсынысты дереу жеткізген өңірлік партия қызметкерлеріне, Үкіметте мәселені көтерген Нұрлыбек Ожаевқа да алғысым шексіз. Енді жол тезірек бітсе дейміз. Себебі оның экологиялық жағдайға да, адам өміріне де зияны тиіп жатыр» – деді Балғаным Қуандыққызы.