Сенат депутаттары еліміздің аймақтарына аттанып, Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі алдағы референдумның маңызы және Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің мән-жайы туралы халыққа түсіндірді. Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед ҚР Тұңғыш Президенті атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің жеке құрамымен кездесті. Сенатор әскери мекеменің тыңдаушылары мен профессорлық-оқытушылық құрамына Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі алдағы референдум туралы айтып, түзетулер Негізгі заң баптарының үштен біріне әсер ететінін айтты. Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков Алматы қаласы мен Алматы облысында бірқатар кездесу өткізді. Сенатор Дінмұхамед Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының профессорлық-оқытушылық құрамымен, студенттерімен кездесті. Депутат сондай-ақ Қарасай ауданында болып, полиция, прокуратура қызметкерлерімен және жастармен жүздесіп, заң білімінің сапасын арттыру тақырыбында әңгімелесті. Сенат депутаты Қанатбек Сафинов Алматыдағы кәсіби заң консультанттары палатасының өкілдерімен кездесті. Жүздесуде Конституцияға ұсынылып отырған толықтырулар талқыланды және оларды республикалық референдум арқылы енгізудің маңызы атап өтілді. Сенат депутаты Сергей Ершов «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның Алматы қаласында орналасқан филиалдарының бірінде болды. Сенатор осындағы филиалдың әкімшілік-басқару қызметкерлерімен кездесті. Сенат депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Динар Нөкетаева Қонаев қаласының тұрғындарымен кездесіп, облыс орталығын қайта атауға арналған салтанатты іс-шараға қатысты.Сенаторлар сондай-ақ алдағы референдумды және конституциялық реформаның негізгі бағыттарын талқылады. Сенат депутаты Сағындық Лұқпанов жұмыс сапарымен Атырау облысында болды. Жоғары және орта оқу орындарында болған сенатор олардың жұмысымен танысып, жаңа оқу аудиторияларын аралап көрді, сондай-ақ оқу орындарының оқытушылар құрамымен және студенттерімен бірқатар кездесу өткізді. Сенат депутаты Бауыржан Қаниев Ақтөбе облысындағы Әйтеке би және Хромтау аудандарының тұрғындарымен кездесті. Ауруханалар, колледждер, кітапханалар мен музыкалық мектептердің және басқа да әлеуметтік нысандардың ұжымдарымен жүздесудегі талқылаудың негізгі тақырыбы ел Конституциясына алдағы өзгерістер, сондай-ақ бүкілхалықтық референдум өткізу мәселелері болды. Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Шымкент қаласына сапары барысында мегаполистегі Қаратау ауданының тұрғындарымен және әкімімен кездесті. Сенатор кездесуде Қаратау ауданына жаңадан қосылған елді мекендерде тұратын азаматтардың өтініштерін қарады. Депутат Қайнарбұлақ елді мекеніндегі электр желілерін жүргізу, газбен жабдықтау, тұрғын үйлерді жарықтандыру жұмыстарының барысымен танысты. Сенат депутаты Дүйсенғазы Мусин Шығыс Қазақстан облысының аудандарында болды. Сенатор бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, халықпен кездесу өткізді. Депутат сонымен қатар Бородулиха ауданының орталығында салынып жатқан спорттық-сауықтыру кешеніне, емхананың күрделі жөнделген бөлімшелерінде болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты және орталық емхана ұжымымен кездесті. Сенат депутаты Ольга Булавкина өңірге жұмыс сапары аясында Аманжолов атындағы университеттің оқытушыларымен және студенттерімен кездесті. Қазақстан Конституциясына өзгерістер енгізу жөніндегі референдум өткізу талқылаудың негізгі тақырыбы болды. Сенат депутаты Сұлтан Дүйсембинов Алматы облысы Ескелді ауданының тұрғындарымен, аудандық мәслихат депутаттарымен және мекеме басшыларымен кездесті. Сенатор жүздесу барысында жерлестеріне конституциялық реформаның негізгі бағыттары туралы жан-жақты түсіндіріп, маңызды деген сұрақтарға жауап берді. Сенат депутаты Жанболат Жөргенбаев Қарасай аудандық ауруханасының қызметкерлерімен кездесті. Ол жүздесу барысында Конституцияға енгізілетін әрі еліміздің қазіргі саяси жүйесін өзгертуді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар туралы айтты. Сенат депутаты Әбдәлі Нұралиев Қордай ауданының бірқатар ауылдарын аралады және құрылыс алаңдарында болып, өңір тұрғындарымен кездесті. Депутат кездесу барысында жерлестерімен алдағы конституциялық реформа және 2022 жылғы 5 маусымда өтетін республикалық референдумға шығарылатын мәселелерді егжей-тегжейлі талқылады. Сенат депутаты Андрей Лукин Нұр-Сұлтан қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшылығымен және қызметкерлерімен кездесті. Депутат кездесу барысында басқарманың қызметі мен материалдық жабдықталуы барысын зерделеді. Мекеме басшылығы депутатты жүргізіліп жатқан жұмыс туралы, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласының халқын жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру барысы туралы хабардар етті.