Дүниеге келер әлі талай Қасым...
Дүниеге келер әлі талай Қасым...
© коллаж: Елдар Қаба
630
оқылды
Соңғы жылдары отандық тарихи кинолардың қатары артып келеді. «Көшпенділер», «Жаужүрек мың бала», «Томирис», Қазақ хандығы туралы 10 бөлімді сериалдың қатары күні кеше тағы бір фильммен толықты. Батырлардың ерлігін, билердің даналығын, ханның ақылы мен айбарын баяндауы тиіс тарихи туынды көрермен талғамынан шыға алды ма? Тарихты заман талабына сай киноға айналдырудағы мақсат – жас ұрпаққа ел мен жер үшін ерлік ісімен есте қалған ата-бабалардың жүріп өткен жолын дәріптеу. Өйткені біртұтас Қазақ мемлекетін құру жолында күрескен хандарды халық сана­сы­на сіңіруде киноның алар орны да ерекше. Қалың көрерменге жол тартқан режиссер Ақан Сатаев­тың «Ұлы дала таңында» Қасым ханның өмірі, билігі мен Қазақ хандығының гүлденіп, нығаюы жолындағы күрес туралы баяндалады. Алайда алғашқы көрермен­дердің қатарында түсірілім тобы айтқан қазақтың бірлігі мен ерлігін көре алмағандар да кездесті. Себебі бәз баяғыдай, тарих мен кино сценарийі қабыспайды. Киім үлгісінен бастап әдеттегідей кейбір әртістердің ойындарында театралдылық басым. Таптаурын сюжет, көзге оғаш көрініс көп Осы уақытқа дейінгі түсірілген тарихи кинолар туралы талай сын-пікір болды. Тарихшылар «тарихи кино­туындыларды тамашалаудан қалдық» десе, кино­танушылар көркемдік жағы кемшін екенін жиі айтады. «Көшпендіні» айтпай-ақ қоялық. Соңғы Қазақ хандығы туралы сериалдың өзі туралы талай пікір жазылды. Сол сериалдың сценарий авторлары­ның бірі жазушы Смағұл Елубай «Фильмнің костюм жөніндегі суретшілері Әбілқайыр – Шайбан шахтан бастап, шахтың төңірегіндегілердің киімін өзбекке ұқсатып жіберген. Осы тұрғыда айтылған сынның негізі бар деп білем» деп айтқаны бар. Тіпті, жазушы бір сөзінде фильмде тыңдаған кезде құлақ кесетін сөздер барын, бірақ қаламынан шықпаған сөздерді киноның басы-қасында жүрген­дер кіргізіп жібергеніне «әттеген-ай» дегені бар еді. Бұған дейін киносыншы Әсия Бағдәулет­қызы «Қазақ хандығы» кино­дастанының алғашқы бөлімі «Алмас қылыш» туралы пікірінде артық сөз көптігін жазды. «Кадр сыртын­дағы мәтінде де, актерлердің диалогтарында да. «Таза мінсіз асыл сөзден» бастап, Асан қай­ғы­ның бірталай өлеңін созып оқу дәл осы фильмге неге керек болды? «Қайран, аңғал қазағым» деп күңіренген Асан қайғы аз болғандай, кадр сыртындағы екінші дауысты қосарлау не үшін керек?», – дейді ол. Дәл осы сериалдағы «әттегенай­ларды»этнограф Досымбек Хатран да айтқан екен. Мәселен, Керейді хан көтерерде хан ордасы жар басында тұрған. Алайда этнограф идеялық жағынан биік жерге хан ордасын тіккеннен гөрі тау баурайында, қалың киіз үйлердің ортасында орда болса, жарасымды болаты­нын айтады. «Бұл біздің дәстүрге келіңкіремейді. Білместіктен шығып жатыр деп айтуға болады. Екінші – көшпенділер ит талас­тырмайды. Бұл Еуропа халық­тарын­да бар шығар, біздің көш­пен­ділерге жат нәрсе. Үшінші – дәстүрімізде ат байлайтын мама ағаш бар. Ал кинода ков­бойлардың ат байлайтын орны сықылды аласа ағаш пайдалан­ған. Сосын зират сайлауыт жерде көрсетілетін тұс бар. Көшпенді­лерде зират су баспайтын, дөңестеу, биік жерде болады. Мұның бәрі – халықтың тұр­мыс­тық мәдениеті», – дейді Досымбек Хатран. Тұрмыстық салт-дәстүрді айтпағанның өзінде киноның негізгі идеясы – қазақ батыр­ларының соғыс өнерін дәріптеу. Алайда бұл идеяның да тарихи туынды­лардан кездестіру қиын көрінеді. «Көшпенді­лердің соғыс өнері – ерекше мән бере­тін дүниесі. Фильм түсірерде соғыс өнері тарихының маман­дары­нан кеңес алу керек еді. Мәселен, қазақтар бір төбе қалмақ­тардың қоршауында қалады. Сонда садақты керіп, тартып ұстап тұрады, қорғанып. Ал садақтың серіппесі өте қатты болады. Оны сонша уақыт керіп ұстап тұру мүмкін емес. Жауынгерлік серт деген нәрсе бар. Шайқасып жатқан екі жауынгердің бірін ту сыртынан келіп түйреу – жаман нәрсе. Қай халықтың да соғыс өнерінде шетін іс есептеледі. Міне, осындай кемшіліктер бар», – деген этнографтың сөзімен кинотанушылар да толық келіседі. Кез келген көрермен көркем туындыдан тарихи дәлдікті, нақтылықты іздейді. Бірақ көрерменнің тарихи білімі бірдей емес. Туындыда сурет­телетін оқиғалардың тарихынан хабары жоқ көрермен психо­логия­лық тұрғыдан экрандағы кейіпкердің бейнесін еріксіз шынайы деп қабылдайды. «Сондықтан тарихта болған оқиғалар мен ұлы тұлғалардың экрандық бейнесін қалыптас­тыруда олардың шектен тыс бұрмаланып, өзгеріске ұшыра­маған бейнесін халықтың жа­дын­да қалдыру қазақ кино­матографистерінің негізгі мақсатына айналуы тиіс» деп санайды кинотанушы Дана Әмірбекова. Мысалы, қазіргі отандық тарихи кинолардың көркемдік тілі жұтаң. Кез келгенін алып қараса да Голливудтың таптаурын сюжетін қайталайды. Тізесі шыққан шаблондарды да пайдалану әдетке айналып кетті. Осылай деген кинотанушы «Өкінішке қарай, біздегі тарихи киноның бір көзірі – әртістерді ұлттық киімде киіндіріп, киіз үй тігумен, атқа отырғызып ары-бері шап­қызу. Сол кезде ғана ұлттық туынды ретінде танылады. Ұлттық туынды өзімізге ғана тән ұлттық дүниетанымыз, салт-дәстүр мен тұрмыстағы ерекше­лік­теріміз. Қазақтың жанын кино арқылы көрсете алса, көрермен кинодан қазақтың иісін сезіп, болмысын түсіне алса ғана ұлттық фильм болады. Қазіргі тарихи фильмдерден терең мән-мағына табу қиын. Өкінішке қарай, қазіргілерден қарағанда бұрын шыққан тарихи киноларды тамаша­лаған әлдеқайда түсінікті», – дейді Дана Әмірбекова. Аузы күйді. Үрлеп ішпеді Этнограф пен киносыншы­лар тарихи кинотуындылардағы көзге көрінген кемшіліктерді талай рет айтты, жазды. Алайда «аузы күйгенді» көргеніміз жоқ. Өкінішке қарай, көркемдік тіл мен көріністерді былай қойғанда кейбір танымал әртістердің өз рөлін толық аша алмауы да кездеседі. Мәселен, Қасым ханның анасы мен келіншегі өз кейіпкер­лерін аша алмағандай көрінді. Ал кино­сыншы әрі журналист Лязиза Керімқұлқызы талантты әртістер болғанын, бірақ режиссердің талабы бойынша сценарийде көрсетіл­ген шекарадан шыға алмауы талантын танытуға мүмкіндік бермегенін жеткізді. «Көп әртіс ашыла алмады. Бұл кинодан мақал-мәтелді кездестірген жоқпын. Көбіне теологиялық сөз саптаулар басым. «Аллаху акбар», «Алла», «Жаның жәннатта болсын» деген сөздер мен ұзын-сонар монологтар кетті. Сосын кинода драманы көргіміз келген. Өкінішке қарай, драманы, шиеленісті байқама­дым. Мысалы, Қасым сұлтан мен кездесіп жүрген қызы екеуінің айырылысу себебін ешкім түсінбей қалды. Көрермен философ емес. Көрермен таза оқиға желісін түсініп шығу керек», – дейді он жылдан бері деректі фильм түсірумен айналы­сып жүрген режиссер әрі сценарист Лязиза Керімқұл­қызы. Алайда қалың көрермен стратег Қасымның тек білек күшін ғана көре алды. Тарихта басты кейіпкер арасындағы таққа талас пен өзара жанжал да өтімді шықпады. Шиеленісті суреттейтін өткір сөз де, ұшқыр әрекет те байқалмады. Режиссер Ақан Сатаев тарихи сериал түсіру ыңғайына келмейтінін айтты кеше. Шынында, оқиғаларынан шиеленіс табылмаса, бұл да дұрыс шығар. Өйткені көркемдік киноның өзінен көрерменді эмоция құрсағында ұстау мүмкін емес. Көрермен кинодан үнемі ренжіп, ашуланып отырған хандар, ұнжырғасы түсіп кеткен сұлтандарды көрді. Ұлы дала таңының атқанын көрсеткісі келген туынды алыстағы пландағы алтыбақан арқылы тарихи кино шығарғысы келген секілді. Себебі Қасым ханның арқасында алтыбақан теуіп, мәз-мейрам болған бақытты жандар­дың жүзін көрмедік. Бұл орайда киносыншының сөзін құптамас­қа лаж жоқ. Өмірде шынайы күліп, шынайы ашулана білетін халық экранда жасандылыққа жол береді. Қысқасы, кино­сыншы айтпақшы, фильмде кейіпкер көп, бірақ көңілде қалары жоқ. Шайқас көп, бірақ жүректі тілері жоқ. Сөз көп, бірақ есте қалары жоқ. Көрініс көп, бірақ сюжет жоқ. Ұрыс көп, бірақ шиеленіс жоқ. Демек, туынды көрер­меннің көңілінде қалмайды, жадында сақтал­майды.