Бахадыр Нарымбетов: Референдум – демократияның шыңы
Бахадыр Нарымбетов: Референдум – демократияның шыңы
1,275
оқылды
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық өзгерістер бойынша жалпыұлттық референдум өтетін күнді жариялады. Референдум 5 маусымға белгіленді. Әрбір ұлттың, әрбір мемлекеттің шешуші тағдыркешті сәттері болады. Қазіргі өткізгелі отырған референдумның тарихи маңызы зор.  Себебі Қазақстан дамудың жаңа кезеңінде тұр. Мұны Жаңа Қазақстанның бір өткелі   ретінде қабылдау керек деп ойлаймын.  Осынау өткелден халықтың пікірімен санаса отырып,  шешім қабылдау арқылы өткерсек  сол өткелдің ар жағынан жарқын болашақты көреміз. Референдумның өзі демократияның шыңы.  Себебі мұны бүкіл халық болып дауысқа салғалы отырмыз. Осылайша негізгі заңымызды, яғни  Ата заңымызды өзгерткелі отырмыз. Себебі біздің ғана емес, болашақ ұрпағымыздың  тағдыры осы негізгі заңымыздың аясында өрбитін болады. Сондықтан бұған үлкен жауапкершілікпен қарау қажет. Әрбір өзін «Қазақстанды сүйем»,  «Елімді сүйем, болашағыма  алаңдаймын» дейтін азамат  осы саяси шешімді қабылдап, өз пікірін ұсынуы тиіс. Халық үніне құлақ асатын  мемлекет дегенді де осы референдумнан айқын аңғаруға болады. Халықтың пікірі бір ойдан бір арнадан шығып жатса ертеңгі күні  халық пен биліктің арақатынасы жақындап, бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс жасайтын болса біздің  діттегеніміз де сол. Бұл қадамдар үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар. Конституцияға өзгеріс енгізу арқылы біздің саяси жүйедегі демократиялық бастамаларға жаңа мүмкіндіктер ашылмақ.  Көптеген саяси құрылымда өзгерістер болары анық. Мәселен, оның ішінде жаңа партиялар құрудың жеңілдіктері  жайы да бар. Аренаға жаңа партиялар келеді. Ол дегеніміз бәсекелестікті күшейтеді. Соның ішінде біз «Аманат» партиясы өзгерісті қолдап отырмыз. Жаңа партиялар біздің аяғымызға тұсау болмайды. Керісінше бізге  белімізді буып, нақты жұмыс істеуге жігерлендіріп,  бәсекелестік  ортада жұмыс істеуге бізді жұмылдырады деп ойлаймын.  Халық өзіне қажеттіні әрқашан өзі шешіп, өзі таңдауы керек. Сондықтан партиялардың  көп болуы да елдің дамуына жол ашады. Пікірлер көп болады. Ал, пікір көп жерде дұрысын таңдауға да мүмкіндік мол болады. Ендеше еліне  жанашыр, елін сүйетін азаматтар референдумға қатысып, өз үнін қосуы керек. Бұл әрбір азаматтың міндеті, әрі қасиетті парызы деп ойлаймын.

Бахадыр НАРЫМБЕТОВ, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы