Металл экспортын шектеу керек пе?
Қазақстанда қара және түсті металл сынықтары мен қалдықтарын экспортқа шығаруға кезекті рет тыйым салынды. 6 мамырдан бастап күшіне енген бұйрыққа Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қол қойған. Алайда отандық металлургиялық зауыттарда шикізат тапшылығының алдын алу мақсатында қабылданған шараға металл сынықтарын дайындайтын мекемелер қарсылық білдірді.
«Қазақстанның түсті және қара металл сынықтарын дайындаушылар мен қайта өңдеушілердің өзін-өзі реттейтін ұйымы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы Владимир Лик министрлік металл экспортына шектеу қоюда көп мәселені назардан тыс қалдырғанын айтады.
– Бұл мәселеде салалық қауымдастықтардың талап-тілегі, ұсыныс-пікірлер тағы да ескерілмеді. Мәселен, металл экспортына шектеуден тот баспайтын болаттың сынықтары мен қалдықтарын дайындаушыларға үлкен соққы болды. Қазақстанда сынықтар мен қалдықтардың осы түрін өңдейтін бірде-бір кәсіпорын жоқ, – дейді басқарма төрағасы.
Демек, министрліктің металды шекара асыруға тыйым салуы саладағы кейбір шикізат дайындаушы бизнес өкілдеріне ауыр тиюі мүмкін. Мұнан бөлек дәл осы кәсіппен айналысып жүрген 1 мыңға жуық компания банкроттықтың аз алдында тұр. Мұның сыртында әлгі компаниялардың әрқайсысында еңбек ететін мыңдаған адамның жұмыссыз қалу қаупі туындайды.
Дегенмен бұл мәселеге қатысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өз ұстанымы бар. Ведомствоның мәліметінше, металл сынықтарын пайдаланатын отандық кәсіпорындар шикізат тапшылығын сезініп отыр. Сондықтан министрлік металл экспортына уақытша тыйым салған.
– Біздіңше, бұл шектеу ел экономикасына теріс әсер етпейді. Металл қабылдау пункттері жабылмайды. Өйткені металл сынықтары ішкі нарықта да сатылады. Оның үстіне шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында министрліктің алаңында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, шикі металл сынықтарын дайындайтын кәсіпорындар қауымдастығы және металлургиялық компаниялар арасында стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Құжат металл сынықтарын жеткізуге, олардың жеткізілімінің тұрақтылығына, жеткізілген шикізатқа уақытылы төлем жасауға, олардың шарттарына, техникалық талаптарына, металл сынықтарын дайындайтын кәсіпорындарды мониторингілеуге және өзге де міндеттемелерге арналған ұзақмерзімді келісімшарт жасауды көздейді, – дейді Индустриалдық даму комитетінің басқарма басшысы Жанат Игісінов.
[caption id="attachment_196532" align="alignleft" width="1200"] © коллаж: Елдар Қаба[/caption]
Министрлік салалық қауымдастықтармен жиын өткізіп, металл экспортына тыйым салу мәселесін талқылап, мамандардың, металл дайындаушы ұйымдардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түргенін айтып сендірді. Алайда «Қазақстанның түсті және қара металл сынықтарын дайындаушылар мен қайта өңдеушілердің өзін-өзі реттейтін ұйымының» басқарма төрағасы В.Лик ведомствоның мұндағы кейбір сын-ескертпелердің сол айтылған жерінде қалып кеткеніне өкпелі. Оның үстіне министрліктер мәлімдегендей, металл жетіспейді деп дабыл қаққан отандық кәсіпорындардың көбі шикізат үшін ақы төлеуге асықпайтын көрінеді. Дайын шикізатты теміржол көлігімен тасымалдау тарифі де кәсіпкерлердің қалтасына едәуір салмақ салады.
– Қазақстандағы металлургиялық зауыттардың көбі түсті және қара металл сынықтарын дайындайтын кәсіпорындарға қарыз. Әрі олар бізден ірі көлемде шикізат сатып алуға айтарлықтай құлықты емес. Металл тапшылығы болса олар шикізатты көптеп сатып алуға ұмтылар еді. Ал бізде керісінше металл сынықтарын сатып алу көлемі төмендеп кетті. Мәселен «Арселор Миттал Теміртау» акционерлік қоғамы өткен жылдың қараша айынан бастап қара металл сынықтарын сатып алу көлемін бірден 2-3 есеге азайтты. Оның үстіне былтыр аталған компания шикізат дайындаушыларға 5 миллиард теңгеге дейін қарыз болып қалды. 15 сәуірдегі мәлімет бойынша қауымдастыққа мүше шикізат дайындаушы кәсіпорындарға қазақстандық металлургиялық компаниялар 2 миллиард 545 миллион теңге қарыз, – дейді В.Лик.
Қауымдастық жетекшісі жекелеген металлургиялық компаниялар 20 тонна шикізатқа 7 айдан бері есептесе алмай жүргенде экспортқа шектеуді ішкі нарықтың сұранысымен байланыстырудың қажеті жоқ екенін айтады. Сондықтан мұндай шектеу енгізілген соң қара және түсті металл сынықтарын дайындаушы мекемелердің де мүддесі ескерілуі керек еді. Бұл орайда «Қазақстанның түсті және қара металл сынықтарын дайындаушылар мен қайта өңдеушілердің өзін-өзі реттейтін ұйымы» министрлікке металлургиялық зауыттардың дайындаушы кәсіпорындармен ірі келісімшарт жасау туралы да ұсыныстары ескерілмеген. Бір сөзбен айтқанда, қазақстандық кәсіпорындар дайын шикізатты өңдеп үлгере алмай жатыр. Демек, ішкі нарықта сұраныс жоқ немесе толықтай өтелген. Ал мұндай жағдайда металл экспортына уақытша тыйым салудың қажеті бар ма?
«Қазақстанның түсті және қара металл сынықтарын дайындаушылар мен қайта өңдеушілердің өзін-өзі реттейтін ұйымының» басқарма төрағасы осы орайда министрліктен дайын шикізатты Әзербайжан, Қытай, Түркия, тіпті Өзбекстан бағытында жөнелтуге рұқсат сұраған. Аталған елдің металлургиялық кәсіпорындары қазақстандық металл сынықтарын жоғары бағада қабылдауға әзір. Алайда министрлік дайындаушы кәсіпорындарды тек Ресеймен алыс-беріс жасауға міндеттейді. Ал бұл жағдай кейбір түсті металл сынықтарын дайындайтындар үшін ауыр тиіп отыр. Өйткені солтүстіктегі көршімізде олардың шикізатын өңдейтін кәсіпорын жоқ.
Қысқасы министрлік өзімізге жетпей жатыр деп металл экспортына шектеу қоймастан бұрын нарықтағы жағдайды бағамдауы керек секілді. Әйтпесе дайын шикізатты отандық металлургиялық компаниялар өңдеп үлгере алмай жатыр. Шикізатты қабылдап алғандарының өзі дайындаушы компаниялармен есептесуге асықпайды. Бұл жағдайда олардың еркін экспортқа шығуына кедергі болмау қара және түсті металл өндірушілер үшін зор көмек болар еді. Десе де министрлік әзірге өз ұстанымдарынан танбай отыр. Қалай десек те өндірісті дамытып, кәсіпкерлерді бәсекеге қабілетті ету үшін олардың кез келген нарыққа өз өнімін ұсынуына мүмкіндік беруіміз керек.