Ауыл мектебі артта қалмасын!
Ауыл мектебі артта қалмасын!
422
оқылды
Сөз саптауымызға жиі ар­қау болатын дамыған озық ел­дердің қатарына қосылу, ке­мел келешекті қалыптас­тыру секілді әдемі сөздер­дің ұшы білімді ұрпаққа келіп тіреледі. Бұл сөзді әрбір баян­дамасында Мемлекет басшысынан бастап мектеп ұстаздары да айтып жүр. Қажет болса, білімді жастардың ар­туы үшін бағдарлама да, бюд­жеттен қыруар қаржы да қа­растырылуда. Бірақ шал­ғай ауылдағы шағын жинақты мектептердің балалары қол­ға алынған шаралардың шапағатын көрмей келеді. Жуырда Қостанай облысы Білім басқармасының басшысы Зәуре Бәйменова 315 шағын жинақты мектептің 110-ы кепілдендірілген нормативке сәйкес келмейтінін хабарлады. Қостанай мектептеріндегі 134 мұғалімнің мамандығы атқарып жүрген қызметіне сай емес. Ал шынайы білімге қол жеткізе алмаудың соңы әлсіз кадр мен әділетсіз қоғамның орнауына әкеледі. Шағын мектептердің шала-жансар күйі Шағын жинақты мектептердің дені шалғай ауылдарда орналасқан. Өкінішке қарай, мұндай мектептер саны тәуелсіздік алған жылдардан кейін өсіп келеді екен. Өйткені ауыл халқының саны азайған сайын орта мектептер шағын жинақты мектептерге айналады. Зерттеулерге сүйенсек, Қазақстандағы оқушылардың әрбір жетіншісі осындай мектепте білім алады. Сәйкесінше, білім алатын бала саны аз болғандық­тан, сыныптар біріктіріліп, толық емес сыныппен жұмыс істейді. Алайда ауыл балалары үшін білім көкжиегі саналатын шағын жинақты мектептердегі оқу жүйесіндегі қиындық көп. Біріншіден, біріктірілген сыныптарға арнал­ған арнайы оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың болмауы әлі күнге өткір мәселе. Екіншіден, пән мұғалімдерінің жетіспеушілігі басым. Жүктеменің аздығынан бір мұғалім бірнеше пән бойынша сабақ береді. Ал біріктірілген сыныптарда мұғалім бір мезгілде екі сыныпқа қатар сабақ өткізеді. Бұл оқушының бағдарламаны толық игеріп, жан-жақты білім алуына кедергі. Үшіншіден, материалдық-техникалық базасы көңіл көншітпейді. Қирап тұрған мектеп ғимаратын айтпағанда, балалар үшін арнайы жабдықталған пәндік кабинеттер мен зертханалар жоқ. Тиісінше, зертханалық тәжірибе жасалмайды. Төртіншіден, көрнекі құралдар ескірген. Оған қоса, интернет желісі екі күннің бірінде істен шығады, бар дегені болмаса, ойдағыдай істемейді. Бұдан бөлек, кітап қоры да аз. Сапа емес, санға жұмыс істейді Алайда шалғайдағы шағын мектептерді мемлекеттік стандартқа жеткізе алмай тұрып білім деңгейімізді озық елдердің стандартына сәйкестендіргіміз келеді-ақ. Қазақстандық оқушылардың бі­лім жетістіктерін орта білім берудегі НЗМ, элиталы және қаржы­лай қолдауы жоғары жекеменшік мектептер арқылы саралайтын болдық. Осылайша, ісі ақсаған ауылдық мектептердің балалары қоғамнан өз орнын таба алмайды. Білімге жауаптылардың мақсаты айқын болғанымен, жоспары дұрыс құрылмаған секілді. Әйтпегенде, әлемдік стандартқа жетудің алғышарты балалардың білім алуға мүмкіндігін теңес­тіруден басталу керек емес пе? Әл­гі үлгі етіп айтып отырған әлем­­­нің көптеген елінде білім жүй­е­­сін дамыту осы жерден баста­ла­ды. Дәл осы арқылы ғана әлеуметтік әділеттілік орнатып, білім­ді жастар ел экономикасының қозғаушы күшіне айнала алады. «Сатылай кешенді оқыту» тех­нологиясының авторы, педагогика ғылымдарының докторы Нұрша Оразахынованың айтуынша, шағын жинақты мектептерде бастауыш сынып мұғалім 1-сы­нып­қа да, 4-сыныпқа да сабақ береді. Қазіргі бағдарлама бойынша 4-сынып оқушылары бұрынғы 7-сыныптың есебін шығару керек. «Білімнің негізі іргетасы бас­тауыш­та қаланады. Егер бастауышта білімді дұрыс бере алмасақ, санасына сіңіре алмасақ, онда 5-сыныптан кейін керемет білім алып кетуі неғайбіл. Оқушы санын қолдан өсіре алмаймыз. Бірақ әр сыныптың мұғалімі бөлек болуы керек. Біздегі білімнің ақсап тұрғаны білім сапасы туралы жал­ған ақпаратқа жол беруіміз. Мұға­лім директорға, директор Білім басқармаларына, олар Білім ми­нис­трлігіне өтірік есеп береді. Қа­зір біз білімді емес, пайыз көр­сеткішін қуалап жүрміз», – дейді ол. «Біздегі басты мәселе – білім бе­ру стандартынан басталады», – дейді Нұрша Оразахынова. Бүгінде мемлекеттік білім стандарты НЗМ-не қарап жасалады. Ал ол мектепте оқитындар арнайы дайындық курсынан өткен балалар. Зияткерлік мектептің оқушылары таңертеңнен кешке дейін сабақ оқиды. Тіпті, білімі ауыл мектебінен көш ілгері деген қаланың жал­пы орта мектептерінің оқу са­пасы НЗМ-мен салыстыруға келмейді. Мұғалімдердің біліктілігі жоғары болғанымен, мектептің құралдары дайын емес. Соған қарамастан мемлекеттік білім стандартына НЗМ, қала мен ауыл, бір мұғалім бір уақытта екі сыныпқа сабақ беретін шағын мектеп те кіріп кетеді. Айырма жермен көктей Президент жанындағы ҚСЗИ әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің аға ғылыми қызметкері Слямжар Ахметжаров «Шағын жинақты мектептердегі білім жүйесін теңестіру алдымен ауылдың экономикалық жағдайын жақсартудан басталу керек» дегенді айтады. Мәселен, Экономика министрлігі аймақтарды дамыту картасын жасап, ол бойынша даму перспективасы бар тірек ауылдардың инфрақұрылымын қолға алғаны жөн. Сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ауылдағы интернеттің мүмкіншілігін реттеу қажет. Осыдан кейін ғана жас мамандарды мемлекеттік бағдарлама бойынша жіберген оңтайлы болмақ. Сарапшылардың сөзіне алып-қосарымыз жоқ. Өйткені са­палы білім оқу-әдістемелік құралдар мен білікті ұстазға қажеттіліктен туындайды. Ал қазір ауыл мектебіндегі білім сапасы елдегі орташа деңгейден төмен. Оны TALIS, PISA, ICILS халықаралық салыстырмалы зерттеулер мен ҰБТ, ОЖСБ секілді білім алу­шылардың білімін бағалаудың ұлттық жүйелері толық растайды. Зерттеулер көрсеткендей, ауыл білімі қала білімінен орташа ал­ғанда 2,5 жылға артта қалған. Сонда бұл заңмен кепілдендірілген ақысыз орта білім және оған тең қол жеткізудің іс жүзінде жүзеге асып жатпағанын аңғартып тұрған жоқ па? Мәселен, елде 7 мыңнан аса мектеп болса, оның 5 мыңнан көбі ауылды жерде. Ал ауылдағы 2 751 мектеп шағын жинақты болып есептеледі. Енді есептей беріңіз, жарытып білім алмаған қанша бала ертең еңбек нарығында елеусіз қалады деген сөз. Айтпаса сөздің атасы өледі. Қазіргі қоғамда теңсіздік жайламаған сала аз. Көріп отырғаны­мыздай, әлеуметтік әділетсіздік әу баста білім ошағының табалдырығынан басталады. Қалай дейтіні бар ма?! Бүгінгі күні басшылық қыз­метке тұру керек болса да, айлығы көп жұмысқа тұру үшін де шетел көргенің мен көп тілді білгенің маңызды. Ал отандық маң­дайалды жоғары оқу орындары мен шетелдік университеттерге түсу үшін мектептегі алған терең білім керек. Өйткені ауыл мектептерін бітірген талапкерлердің ара­сында талпынысы жоғары бол­ғанымен, шет тілдері мен сала­лық пәндерді білу мүмкіндігі қаладағы қатарластарынан артта қалған. Оның үстіне, жыл сайын ауылдан қалаға ағылған көші-қон да ауыл мектептеріндегі білім беру жүйесін одан сайын ақсатып барады. Бала саны азайған мектептерде мамандар қысқарып, бастауыш сынып мұғалімі басқа сы­нып­тың балалаларына да білім беруге мәжбүр. Сабақ өтті деген аты бар, бірақ заты жоқ. Бұл ша­ғын жинақталған мектептердің білімі қаламен салыстырса, шаңға ілесе алмайтынын аңғартады. Сондықтан білімге жауаптылар білім саласының мамандары айт­қан уәжге құлақ түріп қойса дейсің.