«Басты байлық – денсаулық» сыр берсе, дәрігер іздеп жанталасатынымыз хақ. Алайда соңғы уақытта осы ақ халатты абзал жандардың елдің әр аймағында қасқалдақтың қанынан қат болып бара жатқаны әдетке айналды. Аталған мәселе Ақмола облысында да қатты ушығып тұр.
Емхана мен аурухананың табалдырығын тоздырған жұрт тиісті дәрігер таппай дәрмені құриды. Сөйтіп, қымбат болса да, денінің саулығы үшін қалтасындағы барын қағып-сілкіп ақылы емханаға көрінуге мәжбүр... Мәселе осымен шешілсе жақсы. Кейде тіпті ақылы емханаларда да салалық дәрігерлер табылмай қалады. Салдарынан уақыт оздырып, ауруын асқындырып алатындардың қатары жиілеген.
«Анамның денсаулығы дімкәс. Жүрегі, қан қысымынан зардап шегеді. Дәрігерлерге жиі бас сұғуға тура келеді. Алайда емханаларда салалық дәрігерлердің көбі жоқ. Амалсыз бір емханадан екіншісіне барасың. Оның өзінде адамдар бірнеше ай бұрын кезекке тұрады. Сондықтан көп жағдайда ақылы емханаларға көрсетіп, бар тапқан-таянғанымды шығындауға мәжбүрмін. Дәрігерлер бір емханадан екіншісіне, одан ауруханаға барып жұмыс істейтінін білемін. Кейбірі тегін емханалар мен қатар ақылы ауруханалар мен емханаларда қызмет етеді», – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Нина Борисова есімді қала тұрғыны.
Өңірдегі денсаулық сақтау саласының ақсап, дәрігерлердің тапшы болып тұрғанын Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасы да мойындады. Ведомствоның мәліметінше, тек Көкшетау қаласының өзінде ғана 100-ден астам маман жетіспейді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов мәлімдеді.
«Соңғы үш жыл ішінде облыстағы медицина қызметкерлері мен дәрігерлер саны екі есеге азайып кетті. 2019 жылы жалпы саны 437 дәрігер болса, өткен жылғы есеп бойынша 244 дәрігер қызмет етеді. Бүгінде облыста жалпы саны 244 дәрігер жетіспейді. Оның ішінде қалалы жерлерде 156, ауылды аймақтарда 88 дәрігер маман жоқ. Негізінен алғанда, терапевт, акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, педиатр, психиатр, офтальмолог, оториноларинголог сияқты мамандар қат болып тұр», – дейді Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов.
531 мың теңге жалақы алады
Басқарма мәліметінше, өңірде ақ халаттылардың тапшылығын төмендетуге бағытталған жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Басқарма басшысы дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің орташа жалақысына біршама үстемеақы қосылып, алатын тиын-тебенінің артқанын тілге тиек етті. Ведомствоның дерегінше, дәрігерлердің жалақысы қалалы жерде 531 мың теңгеге, ауылдық жерлерде 439 мың теңгеге жетеқабыл. Ал орташа буындағы мейірбикелер мен медицина қызметкерлерінің жалақысы қалада 224 мыңды құраса, ауылда 263 мың теңгеге дейін көтерілгені айтылды. Оған қоса, дәрігерлерді тұрғын үйлерді жалдау ақысын төлеу, балабақшаларға орын бөлу, жұбайларын жұмысқа орналастыру сияқты әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етілетіні де аталды. Басқарма басшысы жас мамандарға көтерме төлем сомасының да біршама өскенін атап өтті.
«Биыл Ақмола облыстық мәслихатының шешіміне сәйкес жас маман-дәрігерлерге берілетін көтерме төлем сомасының көлемі едәуір ұлғайды. Мәселен, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларда қызметке орналасқан жас маман кадрларға 1,5 миллион теңге, ал ауылдық жерлерге жұмысқа тұрса, 2,5 миллион теңгеге дейін бірреттік көтерме ақы беріледі. Мәселен, егер жаңа үйленген жас жұбай дәрігерлер ауылға жұмысқа орналасса, олардың әрқайсысы 2,5 миллион теңгеден ала алады», – дейді Нариман Сыздықов.
Былай қарасаң, дәрігерлер үшін бар мүмкіндік жасалған сияқты көрінеді. Алайда дәрігерлер тапшылығы азаяр емес... Ал дәрігерлердің жоғарыда облыстық Денсаулық сақтау басқармасы айтқан жалақы деректерімен келіскісі жоқ. Олар мұндай жалақыны өңі түгіл түсінде де көрмегенін жеткізді.
«Медициналық мекемелердегі жағдай өте күрделі. Дәрігерлер жетіспейді. Сондай-ақ жалақымызда соншалықты көп емес. Дәл қазір ондаған жыл еңбек өтілімі бар дәрігер болсам да, қолыма тиетін жалақы 260 мыңнан аспайды. Сондықтан да әріптестерімнің көпшілігі бірнеше жерде, оның ішінде ақылы емханаларда да қызмет істейді. Мұнымен қоса, дәрігерлердің оқуының 7 жылдан кем болмауы, одан кейін салалық мамандықтарға тағы бірнеше жыл оқуы олардың жақсы жалақыға қол жеткізуін қиындатады. Сондықтан да кадр тапшылығына бұл да әсер етеді деп ойлаймын», – дейді Көкшетау қаласында еңбек ететін дәрігер Айбар Болатханов (есімі дәрігердің өтінішімен өзгертілді).
Бірбалаға 651 мыңтеңге!
Кадр тапшылығындағы мәселе жайлы Көкшетау қалалық медициналық колледжі басшылығының да пікірін білмек болдық. Оқу орнының басшылығы мемлекеттік бюджет және арнайы мемлекеттік бағдарламалар көмегімен орта буынды кадрларды әзірлеуге баса назар аударылып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ колледж басшысы орта буын кадрларын сол өңірге бекітетін тетіктің қарастырылмағанын мәлімдеді.
«Біздің оқу орнын жылына 200-ден астам орта буынды медицина қызметкерлері аяқтайды. Бүгінде олардың жұмысқа орналасу көрсеткіші 90 пайызды құрап отыр. Өңірдің 37 медициналық ұйымымен арнайы келісімшарт жасалған. Негізінен, мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейміз. Өткен жылы 190 бала мемлекеттік тапсырыс арқылы бюджет есебінен оқытылса, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен 50 студент тегін оқытылып жатыр. Әрбір студентке Ақмола облысының мемлекеттік бюджеті есебінен басқа да өтемақыларды қоспағанда 651 мың теңгеден астам қаражат бөлінеді. Әрине, орта буында облыста дәрігерлер тапшылығы бар. Негізінен, облыстың Қорғалжын, Атбасар, Степногор аудандарындағы шалғай ауылдарда мейірбикелер, фельдшер және басқа да медициналық қызметкерлер жетіспейді. Бұл орайда көтеретін бір мәселе бар. Мәселен, жоғары оқу орындарында мемлекет есебінен оқыған студенттер үш жыл сол өңірде қызмет етуге бекітілсе, ал орта буында мұндай бекіту жоқ. Олар кез келген жерде жұмыс істеуге құқылы. Бірақ біз облыс қаражатына оқыған соң осы облыста қызмет істеуін талап етеміз», – дейді Көкшетау қалалық медициналық колледжінің директоры Қарақат Әнуарқызы.
P.S. Тиісті сала өкілдері кадр тапшылығын жою бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын айтады. Облыста әрі республикада бұл мақсатқа бюджет қоржынынан миллиардтардың бөлініп жатқаны да шындық. Алайда аурухана мен емханаларда дәрігерлер жетіспейді. Бұл орайда тиісті оқу орындары мен мемлекеттік медициналық ұйымдардың арасында байланыс жоқ па деген сауал туындайды. Сондай-ақ бюджеттен бөлінетін қаражаттың қаншалықты нақты қажетті мамандықтарға бөлінетіні тағы бар. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі осы бағытта арнайы жұмыс жүргізуі керек шығар...