Химия пәнінен 56-шы халықаралық Менделеев олимпиадасына Қазақстан атынан 12 оқушы қатысып, оның 3-і күміс, 5-і қола медаль жеңіп алды.
2022 жылдың 9-16 мамыры аралығында Ташкент қаласында (Өзбекстан) офлайн форматта өткен білімділер бәсекесіне ТМД, Балтық және Оңтүстік-Шығыс Еуропаның 16 елінен 100-ден астам оқушы қатысты.
Білімпаздар химия пәні бойынша Халықаралық химиялық олимпиада, «Туймаада» халықаралық олимпиадасы және Менделеев олимпиадасында білімін сынайды. Яғни белді, беделді олимпиадалар қатарында Менделеев олимпиадасын жатқызуға болады.
1998 жылы Ереванда (Армения) өткен олимпиадаға 8 елден 48 оқушы қатысса, содан бері дәстүрлі өтіп, қатысушы елдер мен оқушылар саны артып келеді.
Қазақстан Халықаралық олимпиаданың өткізу құқығыне бірнеше рет ие болды. Атап айтқанда, 2012 жылы, 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласында, 2020 жылы Шымкент қаласында халықаралық олимпиаданың жалауы көтеріліп, жас химиктер есептердің мәнін шешті.
Биылғы олимпиадада күміс медаль Қарағанды қаласындағы «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернатының оқушысы Мадияр Қасымалы, Ақтау қаласы «Білім-Инновация» лицей-интернатының білімпазы Санжар Нұрғалиев және Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы «Назарбаев Зияткерлік Мектебі» ДББҰ білімпазы Санжар Бисенәлі алды.
Қола медальды Қарағанды қаласындағы «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернатының оқушысы Асанәлі Сәлем, Ақтөбе облыстық «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернаты оқушысы Айдос Сәрсенбай, Өскемен қаласның «Білім-инновация» мамандандырылған лицейінің талапкері Бекболат Мамырбеков, Павлодар қаласының химия-биология бағытындағы «Назарбаев Зияткерлік Мектебі» ДББҰ оқушысы Альмира Нұрланова, Нұр-сұлтан қаласының «Білім-Инновация» лицей-интернатының білімпазы Әлихан Смет еншіледі.
– ХХІ ғасырда адами капиталды дамытудың маңызы зор. Білім және ғылым министрлігі оқушылардың жан-жақты білім алуына барлық жағдайды жасауда. Елдің үздік жасөспірімдері Франциядағы Дүниежүзілік гимназиадаға аттанғанын жақсы білесіздер. Ташкентте өткен Менделеев олимпиадасында біздің оқушылар жоғары жетістікке жетті. Енді жүлдегерлер қабылдау емтиханын тапсырмай-ақ Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарына оқуға түсе алады, – деді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Нұркешев.
Айта кететіні, Қазақстан командасының сапына республикалық олимпиаданың жеңімпаздары іріктеліп алынды. Оларды «Назарбаев Университетінің» магистранты Әзім Аманжолов пен «Дарын» РҒПО зияткерлік іс-шараларды ұйымдастыру және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Ерболат Аблеметов бастап барды.
– Олимпиадада жақсы нәтиже көрсету үшін оқушыларға тек эрудиция, қарапайым мектептердің деңгейінен жоғары деңгейде материалды меңгеру ғана емес, сонымен қатар, интуиция, логикалық қорытынды жасай білу, қолда бар білімді химия ғылымының жаңа, кейде таныс емес салаларына қолдана білу қажет, – дейді Ерболат Бектұрғанұлы.