Еліміздегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан ЖСН алып жатқан шетелдік азаматтардың қатары көбейді. Күні кеше ғана ресейлік эстрада әншісі, РСФСР халық әртісі Лев Лещенконың жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алғаны туралы мәлімет БАҚ беттерінде тараған еді. Бұл ақпаратты Медеу аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығы да растаған. Сол күні кешке ресейлік әртіс өз еліне ұшып кетіпті. Дегенмен әншінің бұл әрекетін сынға алғандар көп. Жеке сәйкестендіру нөмірін алу шетелдіктерге қандай жеңілдіктер береді? Жалпы, бұған заңмен шектеу бар ма? Осы орайда біз Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Берік Бекжановқа сауал тастаған едік.– Жуырда Алматыдағы Халыққа қызмет көрсету орталығынан танымал әнші Лев Лещенко ЖСН алды. Осы мәселеге байланысты жұртшылықтың пікірі екіге жарылды. Сіз қай жағындасыз?
– Жалпы, Халыққа қызмет көрсету орталығынан шетелдік төлқұжаты бар азаматтардың арызы негізінде ЖСН ашуына мүмкіндік бар. Сондықтан мұны алудың еш қиындығы жоқ деп айтар едім.
– Жалпы, заң бойынша ЖСН-ді өзге елдің азаматына беру рәсімі қалай жүзеге асырылады? Оның тым жеңіл болуы ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндірмей ме?
– ЖСН алу не үшін қажет? Кез келген шетелдің азаматы біздің елімізге келіп, кәсіп ашып не болмаса кәсіпорын, компания не бизнесін ашуы мүмкін. Сондай-ақ шетелдік азаматтар елге келіп, шетел компаниялары басшыларының лауазымына не болмаса еліміздегі құрылымдардың басшылығына тағайындалған жағдайда ЖСН ашылады. Жалпы, ЖСН ашу – азаматтың жүріп-тұруынан бастап, күн көру деңгейіне дейін рұқсат беру деген сөз. Менің ойымша, жалпы шетел азаматтарының ЖСН ашу мәселесінде ешқандай ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатер көріп тұрған жоқпын. Себебі біздің мемлекетіміздің саяси басым бағыттарының бірі – инвестиция тарту. Инвестиция тарту деген – жаңа жұмыс орнын ашу деген сөз. Жаңа жұмыс орнын ашудың елдің өркендеуіне пайдалы тұстары өте көп. Егер ол кәсіпкер біздің елімізден табыс табатын болса, онда ол салық органдарының назарында болады. Оның бәрі заңмен реттелген. Меніңше, дәл қазіргі жағдайда шетел азаматтарының біздің елге келіп, осылай ЖСН ашып, тірлік етуінде заңға қайшы әрекет жоқ деп есептеймін. Ондай азаматтар тарапынан құқықбұзушылық болып жатса, оны қадағалайтын құқық қорғау органдары бар. Ал ЖСН ашу – Қазақстан банктерінен есепшот ашу немесе мүлік сатып алатын болса, сол үшін қажет. ЖСН арқылы түптеп келгенде, біздің елде тұрып, тіршілік жасауына рұқсат беріледі.