Референдумда қызмет еткендерге 275 мың теңгеден төленеді
Референдумда қызмет еткендерге 275 мың теңгеден төленеді
Фото: ru.sputnik.kz
203
оқылды
Жалпыхалықтық референдумда қызмет еткендерге 275 мың теңгеден төленеді. Бұл заң бойынша белгіленген елдегі орташа жалақы мөлшері, – деп хабарлайды КТК арнасы. Орталық сайлау комиссиясының мүшелерінің айтуынша, бірақ саяси науқанға атсалысқандардың барлығы бірдей мұндай еңбекақы алмайды. Оның өз тәртібі бар. Саяси науқанға бөлінген қаржының 80 пайызға жуығы қызмет еткен комиссия мүшелерінің, бақылаушылардың жалақысы. Ол елдегі орташа жалақы мөлшерімен есептеледі. Ұлттық статистика бюросының 1 сәуірдегі ақпаратында ол 275 438  теңге болды. Бірақ референдумда қызмет еткендердің барлығы мұндай қомақты еңбекақы алмайды. Олардың табысы жұмыс істеген уақытына қарай есептеледі. ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина: «Көптеген дауыс беру учаскелеріндегі кабиналар жаңартылмаған. Әр сайлау болған сайын тек ондағы  тозып кеткен жапқыштары ғана ауыстырылады. Сайлау жәшігі де тез тозады. Барлық дауыс берушілер учаскеге келе алмайды ғой. Сайлау жәшігін арлы-берлі алып жүруге тура келеді. Өте мұқият болу керек. Бірақ бұл жолы арнайы сайлау жәшігі жасалмайды. Өйткені осынша қысқа уақытта дайындап үлгеру мүмкін емес», – дейді. 23 мамырдан бастап қазақстандықтарға SMS арқылы қай учаскеге тіркелгені туралы хабарлама келеді. 18 жасқа толған кез келген Қазақстан азаматы Референдумға қатыса алады. Елде 10 мыңдай учаскеден 11 миллион 722 мың қазақстандық дауыс беруі керек деген болжам бар. Референдумның әділдігін әдеттегідей шет мемлекеттен шақырылатын ұйымдар мен халықаралық бақылаушылар да қадағалайды. Сондай-ақ тағы 20 елдің орталық сайлау комиссияларының төрағаларына шақырту жіберген. Бірақ олардың жатар орны мен ішер тамағы мемлекет есебінен емес. Орталық сайлау комиссиясындағылар оларға «тек түртіп қояр қойын дәптері мен қаламсабын ғана әпереміз», – дейді.