5 маусымда өткелі тұрған референдумды халық қолдаса, Ата Заңымыз жаңарады. Ел Президенті Қ.Тоқаев бастамашы болған Конституциялық реформа Қазақстан тарихының, сондай-ақ мемлекеттік басқару, партиялық жүйе және отандық парламентаризм тарихының жаңа парағын ашады. Елдегі демократиялық процестердің өркендеуі үшін мүлдем жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Бұл реформа – заман талабы, оған Жаңа Қазақстан жолындағы түбегейлі жаңғырулар, әлем мен еліміздегі саяси, экономикалық бетбұрыстар түрткі болып отыр. Кейінгі алты жылда посткеңестік кеңістіктегі барлық дерлік ел конституциялық реформаны жүзеге асырыпты. Алайда оның көздеген мақсаты да, түпкі нәтижесі де әртүрлі болды. Мысалға, 2016 жылғы қыркүйекте Әзербайжанда референдум арқылы өткен Конституциялық реформа нәтижесінде Ильхам Әлиевтің президенттік өкілеттігі 5 жылдан 7 жылға ұзартылды. Бұған қоса, Мемлекет басшысы болудан үміткерлердің шекті жасы төмендетілді, елде вице-президент лауазымы енгізілді. Референдумда дауыс берушілердің 80%-ы өзгерістерді құптаған. Тәжікстанда 2016 жылғы 22 мамырда ұйымдастырылған референдумда Президент лауазымына кандидаттардың жас шектеуі 35-тен 30 жасқа азайтылды. Діни партиялардың қызметіне тыйым салынды. Сондай-ақ 30 жастан Маджлиси миллиге депутат болуға рұқсат етілді. Нәтижесінде, Президенттің ұлы Рустам Эмомали 33 жасында Сенаттың төрағасына және елдегі екінші тұлғаға айналды. Референдумда конституциялық өзгерістерді сайлаушылардың 96,6%-ы қолдады деп есептеледі. 2019 жылғы 19 ақпанда Украинада Конституцияға өзгерістер күшіне енді. Осы кезден бастап, түзетулерге сәйкес бұл ел Еуропалық Одаққа және НАТО-ға мүше болуға бағыт алды. Конституциялық реформа Парламент арқылы жүргізілді, депутаттар дауыс берді. 2020 жылғы 22 маусымда Армения парламенті конституциялық өзгерістерді қабылдады. Ол Конституциялық соттың төрағалары мен басшысының өкілеттік мерзімін қысқартады, 12 жылдан көп отырса, шығарып тастауға мүмкіндік береді. Жалпы, бұл ел Негізгі заңын жиі өзгертеді. Мысалы, 2015 жылғы конституциялық реформа нәтижесінде ел жартылай президенттік басқару формасынан толық парламенттік республикаға ауысты. Алайда енді Премьер-министр Никол Пашинян жаңа референдумға бастамашы болып, елді жартылай президенттік басқару формасына оралтуға ниетті. 2020 жылғы 3 шілдеде РФ президенті Владимир Путин Ресей Конституциясына енгізілген түзетулерді күшіне енгізетін жарлыққа қол қойды. Конституциялық өзгерістер жалпыхалықтық дауыс беруге шығарылды. Нәтижесінде В.Путиннің президенттік мерзімі нөлге теңестірілді, оның қайтадан президенттік додаға түсуіне кедергі қалмады. Сондай-ақ РФ Конституциясы халықаралық заңдар мен келісімдерден басым, жоғары тұратыны бекітілді. Бұрын өзге елдің азаматы болған, шетелде туған адамдардың РФ президенті болып сайлануына тыйым енгізілді. 2021 жылғы 10 қаңтарда Қырғыз Республикасында Негізгі заңды өзгерткен конституциялық референдум ұйымдастырылды. Оның қорытындысында қырғыз елі бұрынғы парламенттік басқару формасынан қайтадан президенттік республикаға оралды. 2022 жылғы 1 сәуірде Молдова Конституциясына түзетулер күшіне енді. Тиісінше, судьялардың мәртебесі күшейтілді, Фемида қызметкерлерінің қаржылық тәуелсіздігі арттырылды, Жоғарғы магистратура кеңесінің «сот билігі тәуелсіздігінің кепілі» ретіндегі рөлі айқындалды. 2022 жылғы 15 наурызда Беларусьте Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар күшіне енді. Түзетулер 2022 жылғы 27 ақпанда өткен республикалық референдумда қабылданды. Нәтижесінде, ел президенті заң күші бар декреттер шығару құқығынан айырылды. Ол тек жарлық пен өкім шығара алады. Президенттіктен кандидаттардың жас шектеуі 35-тен 40-қа көтерілді. Беларусьте үздіксіз тұру талабы 10-нан 20 жылға ұзартылды. Бір тұлға президент болып тек 2 мерзімге сайлана алады. Көрші Өзбекстан да Конституцияны жаңарту процесін бастауға ден қойды. Кеше Олий Мажлистегі «УзЛиДеП» (өзбек либералды-демократиялық партиясы) және «Миллий тикланиш» фракциялары Ата Заңды «замана талаптары мен өзгерістеріне сәйкес келтіру» үшін конституциялық реформа басталатынын хабарлады. Айтпақшы, өзбек елі де «Жаңа Өзбекстан» құру мұратын жариялады. Жаңарған Конституция «Жаңа Өзбекстанды дамыту стратегиясы үшін заманауи, өзекті құқықтық негізді қалайды». Түзетулердің егжей-тегжейі әзірге белгісіз, әзірлену үстінде. Елде конституциялық реформаның қажетін өткен жылғы қарашада қайта сайланған Президент Шавкат Мирзиёев ұлықтау салтанатындағы сөзінде мәлімдеді. Ол Конституцияда «Жаңа Өзбекстан – әлеуметтік мемлекет» қағидатын бекітуді, реформалардың басты критерийі ретінде адам мүдделерін айқындауды, экология мәселелерін Негізгі заңда көрсетуді ұсынды. Осы шолудан көрінгендей, әр ел Конституциялық реформа аясында төл мұрат-мақсаттарын, экономикалық, әлеуметтік, саяси ахуалын ескереді. Сарапшылардың айтуынша, әлемде Коституцияны өзгерту – негізінен дамушы елдерге тән. Дамыған, кемеліне келген елдерде мемлекеттің саяси және экономикалық жүйесінің ұстыны ретінде Ата Заң – көп өзгермейтін, тұрақты құжат. Өйткені бұл елдерде жоғарғы билік органдары, олардың қызмет ету тәртібі, мемлекеттік басқару формасы ғасырлар бойы қалыптасқан. Классикалық мысал – АҚШ: 1787 жылдан бері Американың Ата заңына небәрі 27 түзету енгізілді. Шынында, Конгресс 200 рет түзету ұсыныпты, бірақ Жоғарғы сот құптамаған. Қазақстан 1995 жылы қолданыстағы Ата Заңды қабылдағалы оған төрт рет өзгеріс енгізіпті. Қырғыз ғалымы, заң ғылымдарының докторы Автандил Арабаевтың пікірінше, бұл қалыпты саналады. Мысалы, Швеция мен Норвегия 1991 жылдан бері Конституциясын – 3 рет, Нидерланд 4 рет өзгертіпті. Дамыған елдер арасындағы рекордсмені – Аустрия: 1991 жылдан бері 7 рет түзеткен. Мұны мысалы, Грузиямен салыстыруға болмайды, олар тәуелсіздік жылдары 33 рет өзгертіпті. Ал дамушы елдер Ата Заңын заман талабына, халық сұранысына сай өзгертпесе, онда мемлекет конституциялық дағдарысқа ұшырауы, заңнама саяси және экономикалық өзгерістер екпініне ілесе алмай, арттап қалуы мүмкін. Онда елдің алға басқан қадамы кері кетеді. Саясаттанушы-ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Б.Габдулинаның байламынша, біздегі Конституциялық реформа арқасында ең бастысы – мемлекеттік биліктің басты қайнар көзі ретінде халықтың рөлі-салмағы тікелей және жанама түрде арттырылады. Еліміз «суперпрезиденттік басқарудан» «мықты Парламенті бар президенттік республикаға» біржола көшеді. Әйтсе де, тікелей сайланатын Мәжілістің орны мен мәртебесі күшейтілгенімен, халық сайлайтын Президенттің де салмақты өкілеттіктері сақталады, легитимділігі кемімей, қайта арта түседі.