Сағынды халқы Сағатын...

Сағынды халқы Сағатын...

Сағат ағасын сағынып жаз­­ған мына естеліктің ав­торы Рақым­жан Отарбаев та қазір арамызда жоқ. «Менің сәулелі сәттерім» деп, аңқыл­дап күліп, ақжарқын қал­пында әңгіме айтып отыратын ақеділ жанның өмірден өткеніне де 4 жылға жуықтапты. Екеуі де қазақ әдебиетінің биігі еді. Екеуі де қазақ әдебиетінің да­ра жүйрігі еді. Соңында өлмес туын­дысы, өшпес ізі қалды. Сағат ағасы туралы жазған көр­кем жаз­басы 2007 жылы «Қазақ әдебиетіне» басылған екен. Арада 15 жыл өткен соң қоғам қайраткері, белгілі сын­шы Сағат Әшім­баев­т­ың ту­ғанына 75 жыл толуына орай, қайта жариялауды жөн көрдік.

Редакциядан

Рақымжан ОТАРБАЕВ, жазушы Кісілік пен түсініктің қамшы салдырмас ақ жорғасындай боп бұл пәниден Сағат аға да өтті... Сол Алматы әлі күнге менің көз алдымда. Күз еді. Күн нұры кемігенмен Алатаудың аңқылдақ самалы жаныңа шипа құятын. Түні ше?! Ай ажарланып күміс тозаңын төгіп тұратын. Сондай сахи күздің бір күні Жазушылар Одағының мінберінде жастықтың жалауын көтеріп бір жігіт тұрды. Ауылдан астанаға қаз­табандап жеткен балаға бәрі таң­сық. Таңсықтың үлкені – жақ­сысы мен жайсаңы желкелесіп отырған бір қауым елді аузына қа­ра­тып, бі­лімі мен парасаты жа­ры­­­сып тұр­ған сол жігіт еді. Көз­әйнегі ара-тұра бір жарқ ете қа­лып, қызуы сырт­қа теуіп, қазақы құлақ­қа жұ­ғыс­ты емес небір есім­дерді тіз­бе­леп, қадау-қадау ойлар­ды қа­зық­тай қағып, небір кәлланы шұл­ғы­тып, небір аңдайды тамса­нып ба­рып мінберден түсті. Тізелес отыр­ған үкікөз бір ақын екі елі маң­­дайы­на төрт бірдей әжім түсіріп: – Өлеңді сезіммен емес, төзім­мен жазасың дейді. Осы Сағат-ақ..., – деп өзі имек мұрнын аузына жү­гіртті. Мен де қолма-қол сол жігіттей бол­ғым келген. Білімге күпті боп, бы­лайғы жұрттың көзін қарық­тырып, мінберге өрмелеп шығып, дарындыға күш қосып, жәй жаз­ғышты тарықтырып... Жастық шақ сені қайтейін! Бар-жоғы отыз төрт жастағы Әшімбаевтай тұлғамен, то­пырағы бөлек сыншымен осы­лай жүздесіп едім.

***

1982 жылдың жарқыраған жаз айы-тын. Мемлекеттік телерадио комитетінің жастар редакция­сы­ның редакторымын. Міндетім – «Әдептен озбайық» атты жастарға арналған хабар ұйымдастыру. Ре­дакция басшысы – аққаптал жур­налист Ғұсман Игісінов. Келгеніме жыл толар-толмас, шығарма­шы­лығы болар-болмас мені кәнігі әріп­­тес­терім Нұртілеу Иманғали­ұлы, Бәтима Бегембаева, София Янлоси, Атипа Ыскаковалар қам­қорлап бақты. Сол тұста мақталып, қызыл тақ­тадан түспей койған хабарым­ның жүргізушісі – қазірде әйгілі жазушы Дулат Исабеков. Қыз-жігіт боп ойнайтын жас әртістерді дайындап, сценарийді жұнттай ғып Дулат ағамыздың колына ұс­тата қоямын. Жүргізуші жан біті­ріп, оған екі жактап пікір косатын Мақаш Тәтімов пен Акжолтай Елемесовалар көрік үстеп, ой-хой, ай санап қиқулатамыз да жатамыз. – Осы балаға көптен көзім шауып жүр, – деп комитет төраға­сының орынбасары, аяулы Камал аға Смайылов кәнігі әдетімен бір жанарын сығырайта қарайды. Ас­панда аты ілініп калған басшының аузынан естіген мақтау қандай, өкшем жерге бір тиіп, бір тимейді. Сондай күннің бірінде Дулат ағамыз: «Министр рұқсат етпей жа­тыр. Басқа жүргізуші тауып алың­дар. Рақмет! Осымен болдым» десін. Көп тандаудың ішінде есіме Сағат аға түсті. Мінберден жарқыл­дап сейлегені, жас балаша жәудіреп қарағаны, жайраңдап күлгені... «Таптым» деймін ақыры іштей қуанып. Содан өкшем қисайып, Абай мен Әуезов көшесінің қиы­лысында орналасқан ВАПП-қа келейін. –Бастық іште, – деді түймедей хатшы кыз. – Күте тұрыңыз. – Көбейгірдің көзінің аласы жоқ па, маған тек қарасын көрсетті. Қабылдау бөлмесінде белім бүкірейіп, шашым тікірейіп, ал кеп қобалжиын. Аузымен кұс тіс­теген Әшімбаевқа салып ұрып кіре­тіндей, онымен қоймай қиы­лып шаруа айтатындай кім едің, сонша деймін, өз-өзімді күстана­лап. Алдын ала ескертсең, бір жөн. Оның үстіне қаламын қысып ұстап жүрген жәй сыншы емес, Жазу­шылар Одағының хатшысы, білдей бір мекеменің ақ «Волгасын» ерт­теп мінген ақжағалы басшысы. Лауреат­тығы, сый-сияпаты тағы бар. Жастай жақсы мен жайсаңның жанына ерген жан сенің жәдігер көңілінді түсініп, есігінен сығалата койса... Өз ойымды өзім малта ғып со­рып тұрып андамаппын, бүйірдегі есік ашылып, сол жағына сұлата жық­қан жұмсақ шашы ай маңдай­дың бір шетін көмкеріп Сағат аға өзі шыға келсін. – Кел, інім, кел, төрлет! Ал, – деп аман-саулықтан соң тыпырлап айтқан шаруамды естіп лекітіп бір күліп алды. – Асықпа, – деді со­сын, жүзіне нұр жүгіріп. Өзі күлім­десе, көзәйнегі қоса күледі екен. – Әде­биет қазір қай бағытта дамып ке­леді? – деп бастаған әнгімесі әлем­ді шарлап ұшып Алматыға жетіп жы­ғылғанша аузын бақтым да отыр­дым. Әлгіндегі тобанаяқ боп кел­ге­нім де, қобалжу да зым-зия жо­ғал­ған. Көптен аңсар болған ағам­мен табысқандай лебізіне арба­лып, орындықтан-орындыққа құйрық­пен жорғалай жылжып, тіпті, өзіне жақындап қалыппын. Бір кезде әңгіме аунап түсіп, Ла-Скала театры, Амангелді Сембин, одан Артығали Ибраев, талант тағ­дыры, өмір соқпағы, өзекті жарған өкініштер боп әр арнаға құйылып жатты. – Келістік, інім. Келесі аптада кел, ақылдасайық. Хабарыңды жүргізіп беремін. Жастар тәрбиесі, адамгершілік, ата-ана парызы, пер­зент қарызы хақында мен де толғана түсейін. Мынау сыйлығым, өзіңе, – деп «Талантқа тағзым» атты (1982) қара мұқабалы кітабын ұсынды. Өмірімде автордан алған ал­ғашқы қолтаңбам – осы!

***

Сағат аға «Әдептен озбайық» ха­барының тізгінін қолға алысы­мен мен «Қазақ әдебиеті» газетіне қызмет ауыстырдым. Ортақ ойы­мыз, алға койған мақсатымыз өзін­ше іске асып жатты. Қай та­қырып­та да хабардың атын да, за­тын да жаңалап, «Жүректен қоз­ғайық» деп жайнатып жіберген. Ол тар дүниені кеңітіп, қай нәр­­сені де жүректен қозғайтын еді ғой...

***

Колбиннің аспанды аяғымен теуіп тұрған кезі. Күн жексенбі бо­­латын. Екінді кезінде Пушкин атын­дағы кітапханадан қатар шық­тық. Ленин (Достық) даңғы­лы­ның бойында көрші тұрамыз. – Аздап жаяу жүрейікші, – деді Сәкең терең ойдан айыға алмай. Абайдың бойымен келе жаттық. – Ит иесін танымайтын жағ­дай­ға жетті ғой, – деді аға үнсіздікті өзі бұзып. – Естіп жатқан шығар­сың. Желтоқсанның ызғары елді шар­пығанда Сәкеңнің шыр-пыр боп ара түскені, қолындағы билігін пайдаланып, көтерілісті түгелдей пленкаға бастырып алғаны, КГБ каншама тіміскілесе де, сол аса қауіпті айғақты таба алмай діңкеле­гені, жоғары басшылыктың Әшім­баевты ала көзбен атып отырғаны, бәрі-бәрі естіген құлақты шатыс­тырғандай шақ еді. Әншейінде алмажонданып тұратын бетінен нұр тайыпты. Көз асты қалталанып, екі-үш жіңішке әжім ілініпті. Алысқа, көкжиектен асырып мұнданып қарайды. –Менің бір көтенін көлге кө­міп жатқан көкем күшейіп, «Қос тіл – қос канатым» деп былайғы жұрт­қа дес берер емес, – деймін бі­раздан соң. – Қарауымда істейтін қан-сөл­сіз қара қатын бір шикі сары әйел­мен бірігіп үстімнен арыз ай­дапты. Әлгі екеуіне де ілтипатпен қарай­тын ем. О, тоба! –Сағат аға тез-тез сөй­леп күйгелектенді. Сосын сәл кіді­ріп: – Рахымжан, қызықты қара, – деді. – Кеше Орталық Комитетте менің мәселем қаралғанда сон­шама сенген бір ағам сиырдың жорғасы секілденіп... бүлкіл қа­ғып... Ал екін­ші хатшы Сағидолла Кұбашев аза­мат екен, «жасым ал­пысқа кел­ген ме­нің өзім Алашорда жайлы жары­тып білмесем, менің балам­мен жас­ты Әшімбаев қа­лайша алашордашыл болады?! Жолдас­тар, қойындар сөзді, тіпті, қисынға келмес нәрсе», – деді-ау, қасқайып. Айтары жоқ, ер екен! Содан кейін Сағаттан ұлтшыл жасағалы тұрған­дардың жақ жүні жығылып сала берді... «Алатау» қонақүйінен асып, үйіне бұрылар сәтте кішкене ір­кіліп: – Жазып жүрген жігітсің, ұмыт­па. Құлағыңда қалсын дегенім, – деді.

***

...Сол қылығымды ойласам, әлі күнге қызарамын. – Сағат ағамның мейірімі шек­сіз ғой, – дейтін туған балдызы Шайзада кездескен сайын. – Іс­са­пар­дан қайтқанда ұлдарына не сый­лық алса, менің кішкентай­ла­ры­ма да тап соны әкеледі. Ылғи сол... Мейірім деген жүректің кеңдігі ғой. Кейде орынсыз салмақ та са­лып жатамыз. Өзімсінгеннен. Еркеле­геннен. 1990 жылдың мамыры. Түн ортасы ауа үйге Табылды Досымов келсін. Беймезгіл. Қазақтың та­лант­ты бард ақыны. Мықты ком­по­зитор әрі әнші. – Аға, ҚазМУ-дың журфагын бітіріп, елге кетіп барамын. «Та­ма­шаға» бір түсу – арманым. Ертең кешке Ленин атындағы Сарайда концерті өтеді. Режиссері Лұкпан Есенов маңына жолатар емес, – деп бәйіт айтып жыласын. – Кімге айтайын? – Тек комитет төрағасы Сағат Әшімбаев айтса ғана... Әйтпесе жоқ... Содан министрдің лауазы­мын­дағы ағамның үйіне телефон ша­лып, опыр-топыр оятайын. Оны­мен қоймай: – Ертең осы бала «Тамашаға» шықпаса, мені інім деп есептемеңіз, – деп күшейейін. Жәй күшею емес, қыздырма қо­сымшасы да бар-ау деймін... – Жарайды. Өтінішің орынды, – деп лекіте күліп, телефонды тып-тыныш қойды. Ертеңіне кеште Табылды гита­расын сыңғыр қақтырып, әр әніне сырға тақтырып, «Тамашада» тер­беліп тұрды. Үлкен өнерде тұсауы кесілді. ...Осы күні ойлаймын, жеті түн­де басы қисайған бір бала шырт ұй­қым­нан оятып, тепсініп тұрса, мен қайтер ем? – деп. Бәлкім, қай­тіп беттеместей ғып алты қырдан асырып жіберермін. Шынында да шексіз мейірімді еді ғой.

***

1991 жылдың тамыз айы. Үйі­нің жанында Сағат ағамен жүздесіп қалдым. Шәрбану жеңгей екеуі. – Ауырып жүр деп есіттім. Жү­рек­тен кайта-кайта құлайды дейді. Қалайсың? – деді Сәкең әдетте­гідей арқамнан қаусырып. – Ой, аға, жас кезде тиген сал­қын, қыздардан естіген қарғыс-дағы бойдан шығып жатқан, – деймін әзілге шаптырып. Сәкең кәнігі әдетімен лекітіп кү­ліп алып, балаңүйрегімен көзәй­негін түзеді. – Жазған тарихи мақалаларың ұнап жүр. Мұхамбет Салық Бабажанов, Жәңгір хан, Фатима тоташ, Сейтек күйші, Ғұбайдолла Жәң­гіров, Шәңгерей... Телеви­дениеге жұмысқа кел. Арыстардың бәрін жарқыратып жарыққа шы­ғар. Жағдайынды жасаймын. Ойланба, – деп қоштасты. Араға апта салып, сол аяулы арыстарға ілесіп, бақи сапарға өзі де аттанып кетерін білдік пе? Пәни тірліктің бұқпа-шықпа ойынынан шаршаған сәтінде ал­дың­нан Алатаудың ақкөкірек сама­лындай аңқылдап есер бір тұл­ғаны іздейді екенсің. – Нар жайылар көңілдің жай­лауында өңшең тоқал ешкі ойнақ­тады-ау, – деп қаласың соған іштей мұң шағып...