Директорлар пара алады деп кім айтты?
Директорлар пара алады деп кім айтты?
480
оқылды
Соңғы кезде мектептегі жемқорлық жайлы жиі айтылып жүр. Пара алды деген күдікке ілі­ніп істі болған директорлар да бар. Әділдікті мек­тептен үйренсін деп балалардың болаша­ғын директор мен педагогке сеніп тапсырған ата-ана енді кімге үміт артады? Желідегі жұрттың жазбайтыны жоқ. Жақында мек­тепке мұғалім болып кіру үшін төленетін параның әр өңірлердегі орташа көрсеткіші жарияланды. Тәуелсіз сараптаманың дерегінше елімізде мұғалім болып жұмысқа орналасу құны 500 мың теңгеден басталып, 2 миллион теңгеге дейін жетеді екен. Әсіресе, оңтүстік өңірлердегі Түркістан облысында, Қызылорда, Жамбыл облыстарында бұл баға ша­рықтап тұр. Шалғайдағы мектеп директорлары мен білім бөлімінің басшылары ойларына не келсе, соны істейтін көрінеді. Ал Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл және Қаржылық мониторинг агент­тіктері 2021 жылы білім саласында 250 қылмыстық құқықбұзушылықты тіркеген. Ауылды жерде мұғалім мен дәрігерліктен басқа жұ­мыс көзі жоқ болғандықтан жас маманның амал­сыз­дығын пайдаланып осылай ақша табатын дирек­торлар бар. Ал олардың пара алуына еңбекақыларының мұғалімдердікінен төмендігі мен жүйедегі жүйесіздікті ауыздықтайтын қатаң шараның қолданылмайтыны да себеп. – Директорлар мұғалімдерді жұмысқа қабылдау үшін, көбірек сағат беру үшін пара алады. Сосын санитарлық бақылау мен өрт сөндірушілер мектепке үлкен көлемде айыппұл салған кезде директордың айлығы жетпейді. Осындай жағдайда мұғалімдерден ақ­ша талап етуі мүмкін. Заңда бұл айыппұлды кімнің төлейтіні нақты көрсетілмеген. Осындай жағдай­лар­дан кейін шу шығады, – дейді білім саласының сарап­шысы Өмір Шыныбекұлы. Мәселенің анық-қанығын директорлардың өз аузы­нан естімек болып, өңірлердегі бірқатар мектеп дирек­торына хабарласып шықтық. Олардың бәрі де бірауыздан мектеп директорлары пара алмайтынын айтты.   Бибігүл ГАПУОВА, Атырау қаласы №19 мектеп-гимназия директоры: – Мұндай жағдай туралы естіген жоқпын. Қазір мұ­ға­лімдерді жұмысқа қабылдау үшін арнайы ко­миссия құрылады. Мен пара алмайтын директормын. «Директорлар пара алады» деген бұрыннан қалып­тасқан стереотип. Бұл пікірдің қалыптасуына мектеп бухгалтерлерінің де әсері болуы мүмкін.   Әділ САЙЛАУБЕКҰЛЫ, Өскемен қаласы Шәкәрім атындағы №1 орта мектеп директоры:  – Шынын айтсам, мен бұл туралы бірінші рет естіп тұрмын. Күлкілі. Мектеп директорлары мил­лиондап ақша талап етеді деу қисынға келмейді. Мұны аран­датушылық деп санаймын. Қазір директорлар тапшы. Өйткені біздің еңбекақымыз қарапайым мұғалімнің еңбекақысына да жетпейді. Білім және ғылым ми­нистрі мұғалімдерге барлық жағдайды жасаса да, директорларды назардан тыс қалдырды.   Бахтияр БИГЕЛДИЕВ, Шымкент қаласы Алпамыс батыр атындағы №40 мектеп гимназия директоры:  – 33 жыл директор қызметіндемін. Мектепке мұғалімдерді жұмыспен қамту орталығы жібереді. Пара алады дегенге келіспеймін. Өзім де пара алған емеспін, қасымдағыларға да алмаңдар деп айтамын. Шымкент қаласында мұндай жағдай кездеспейді.   Разия ЕСКЕНДІРҚЫЗЫ, Солтүстік Қазақстан облысы М.Жұмабаев атындағы мектеп директоры:  – Солтүстік Қазақстан облысында мұндай оқиғалар жоқ. Маған осы уақытқа дейін ешкім пара ұсынбады. 18 жыл директорлық қызметтемін. Арым таза. Керісінше біздің өңірге мұғалімдер жетпейді. Біз жас педагогтарды мектепте ұстап қалуға барымызды саламыз. «Серпін» бағдарламасымен жұмыс істеп жүрген жастар «Қалай солтүстікте парасыз жұмыс істеуге болады? Біз жақта барлығы ақшамен шешіледі» деп таңғалып жатады.   Фарида ШОРТАНБЕКОВА, Тараз қаласы Б.Момышұлы атындағы гимназия директоры: – Біз гимназияға педагогтарды конкурс арқылы қабылдаймыз. Директорлар пара алады деу шындыққа жанаспайды. Олай ойлайтындар ең бірінші келіп біздің жұмысымызды істеп көрсін. Желіде әркім ойы­на келгенін жаза береді. Өткенде техникалық қызмет­керлерді де 300 мың теңгеге жұмысқа қабылдайды деп жүр. Біздің мектепке сантехник, екі еден жуушы ке­рек. Ақша алмақ түгілі, қызметкер таба алмай отыр­мыз. Мен пара алған емеспін. Директорды балағаттап жазған желідегі постқа пікір жазуға ұялдым.   Бектөре БӨКЕНОВ, Қарағанды қаласы Ж.Жабаев атындағы мектеп директоры:  – Біздің өңірде керісінше мұғалім тапшы. Еңбек пор­талы арқылы жас мұғалімдерге барлық жағдайды жасаймыз деп хабарлассақ та, жұмысқа келмейді. 30 жыл директорлық қызметті атқарып жүрмін. Тәжіри­бемде мұндай жағдай кездеспеген. Жұмысқа алыңыз­шы деп маған пара ұсынғандар да болмады.