Мәжіліс депутаттары Аманжол Әлтай, Гүлнар Бижанова, Юрий Жулин, Арман Қожахметов және Тілектес Адамбеков Қарағанды облысындағы Е.Бөкетов атындағы мемлекеттік университетке барып, оқытушылар құрамымен кездесті. Кездесуде депутаттар Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумның маңызы мен мақсаты туралы айтты.
"Реформа халықтың елді басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейтуге және тұтастай алғанда азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтуге мүмкіндік береді", - деді Юрий Жулин.Өз кезегінде Гүлнар Бижанова референдум маңызды саяси оқиға екенін айтып, әрбір қазақстандық өз жауапкершілігін көрсете отырып, туған елінің табысты болашағын құруға өзінің қатыстылығын сезінуге тиіс екеніне назар аударды.
"Президент ұсынған жобалар ел экономикасының өркендеуіне, қоғамның мемлекетті басқару мәселелерінің ықпалын күшейтуге серпін береді", – деді Гүлнәр Бижанова.Ал профессор Нұрсахан Ахметова референдумға қолдау көрсетіп, ризашылығын білдірді.
"Ата Заңға енгізілетін түзетулер қатарында жерді, оның қойнауын, суды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, басқа да табиғи ресурстарды халық меншігі деп жариялау қарастырылған. Менің көкейіме қонған осы өзгерістерді заңмен бекіту үшін референдумға барамын. Өйткені бұл біздің даусымызбен, шешімімізбен жүзеге асырылады. Осығын сенемін", – деді ол.Сонымен қатар іс-шарада ұжым мүшелері депутаттарға зейнет жасын төмендету мүмкіндігі туралы ұсыныстарын және басқа да бірқатар мәселені жеткізді.