Алматы облысында 23 мектеп директоры жауапқа тартылды
Алматы облысында 23 мектеп директоры жауапқа тартылды
© egemen.kz
477
оқылды
Алматы облысында 23 мектеп директоры кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысындағы Департамент басқармасының басшысы Асқар Садықов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Облыс бойынша 23 мектеп директоры кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Қазіргі уақытта, білім беру мекеме басшыларының барлығына 200 АЕК яғни, 612 600 теңге көлемінде әкімшілік жаза тағайындалды. Сонымен қатар, Алматы облысының 4 мекеме басшысы ӘҚБтК–нің 680-бабына сәйкес «мемлекеттік органдар басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдамауына» байланысты әрқайсысына 50 АЕК (153 150 теңге) көлемінде айыппұл салынды», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысындағы Департамент басқармасының басшысы Асқар Садықов.
17 мамырдағы жағдай бойынша, сыбайлас жемқорлыққа байланысты (ӘҚБтК-нің 154, 680-баптары бойынша) 28 әкімшілік хаттама толтырылды. Кәсіпкерлік қызмет саласына және басшылық тарапынан қабылданбаған шараларға байланысты 28 мемлекеттік қызметші әкімшілік жауапқа тартылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің әкімшілік материалдары бойынша салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 10 млн аса теңгені құрады.