«Жусан жапырақ жемірі құрты» құртып барады – видео
«Жусан жапырақ жемірі құрты» құртып барады – видео
729
оқылды
Атыраулықтар Қызылқоға ауданының елді мекендерінде шабындықтарда көбелектер мен белгісіз қоңыздар түріндегі құрттардың көбеюуіне дабыл қағуда. Аудан тұрғындары мен шаруа қожалықтары өкілдері өз наразылығын білдіруде. Қазақстан Республикасының фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы, мемлекеттік мекемесінің Қызылқоға аудандық филиалының басшысы Қайрат Базарбаевтың айтуынша, Сағыз және Мұқыр ауылдық округіне қарасты шаруа қожалық жерлерінде жусанның жапырақ жемірінің құрты пайда болған.    width= – Жусанның жапырақ жемірі былтыр да болды. Биыл ылғалдың мол болуына байланысты, жусанның жапырақ жемірінің құрты көп шықты. Жусан жапырақ жемірінің дернәсілі (құрт) кезінде өсімдікке залалын тигізеді. Бұл жусан өсімдігінде болады. Жусанның жапырақтарын жеп, сабағын қалдырады. Шабындыққа зиянын тигізіп құрт көшіп отырады. Зиянкес құрт 1-2 аптадан кейін қуыршаққа айналады. Маусым айында қоңыздары пайда болады. Ол кезде зиянды әрекеттері елеусіз болады. Қазіргі таңда жусанның жапырақ жемірі Сағыз ауылдық округіне қарасты, «Әнет», «Алып-Ана» шаруа қожалығында, Төсши жерінде көптеп кездесті. Мұқыр ауылдық округіне қарасты Қызыл үй-2, Сарғымақ, Боза маңайында Сағыз-Миялы трасса бойында кездесті. Аталған зиянкес аса-қауіпті зиянды организмдер тізіміне енгізілмегендіктен, оларға қарсы күресу шаралары, жер иелері мен шаруашылық өз күшімен өңдеуі тиіс, – дейді Қайрат Базарбаев.   https://youtu.be/AsM_dxWq-Lo Бүгінде Қызылқоға ауданында жусан жапырақ жеміріне 18 мамыр күні жүргізілген  зерттеу жұмыстарының нәтижесі туралы мәлімет қолымызға тиді. Облыстық аумақтық инспекциясының өсімдіктер қорғау жөніндегі бөлімінің басшысы Абила Қазиеваның айтуынша, халық арасында «Жусан күйесі құрты» аталып кеткен зиянкестен 800 гектар  жер зақым көргені, дернәсілдердің әр түрлі жас сатысында екені анықталып отыр. «Бұрын әр жылдары осы жерлерде  аз аумақта бұл зиянкес түрі кездесіп жүрді, алайда жайылымға зияны тиген емес. Шалғын көбелегінің жаппай ұшуы орын алуда, көбелектер ауыл шаруашылығы өсімдіктеріне залал келтірмейді. Шамамен 2 аптадан кейін ылғалды ауа-райы сақталған жағдайда құрттары шығып, өсімдіктерді зақымдауы әбден мүмкін», – деді Абила Саламатқызы. Қазіргі таңда биологиялық ерекшеліктері көрсетіліп, жер иелерінің өз қаражаты есебінен күрес шаралары жүргізілуі тиіс екендігі жөнінде жиындарда жергілікті атқарушы органдармен түсінік жұмыстары жүргізіліп отыр. Сонымен қатар, химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуші мекемелерден баға ұсынымдары алынып, есебі жасалынып, ауыл шаруашылығы басқармасына берілді. Сайып келгенде  шаруа қожалық иелерінің айтуынша, «Жусан жапырақ жемірі құрты» өңірдің алқабын түгелдей құшағына алып тұруға сәл қалды. Уақыт оздырмай жою шараларын  ұйымдастырмаса, малшаруашылығында шығын едәуір болады. Сағыз ауылдық округіне қарасты, «Әнет» ШҚ төрағасы Жәнібек  Аралбаевтың айтуынша, «Жусан жапырақ жемірі құрты» ауданның бүкіл аумағын жаулап алуға шақ қалған. «Бұл құрт көшпелі, жаңбыр жауғанда тығылып, сосын жайылып рахаттанады. Ал, 35 градус ыстықтан жоғары болғанда жантәсілім етеді. Құзырлы органдар келіп, зиянкестен көрген залалымыздың аумағын анықтап, акт толтырды. Бұрың «Жусан жапырақ жемірі құрты» шегірткелер секілді аса қауіпті зиянкестер қатарында болды. Алайда қауіпті зиянкестер қатарынан шығып қалғандықтан онымен күресті өзіміз жүргізуіміз керек екен. Сонымен біз малдың азығынын айырылып және зиянкеспен күресіп орасан шығынға қалғалы отырмыз. Мал ащы шөппен, жусанмен семіреді. Биыл мал азығы аз болып, малымыздың қоңы ойдағыдай  болмай  қалады деген уайымымыз бар, – дейді Жәнібек Аралбаев. Аймақтағы осы жағдайға байланысты бүгін облыстық әкімдікте жиын болып, зиянкестермен күресті күшейту жөнінде тиісті шаралар алынуы талқыланады. Бүгінде атыраулық шаруагерлер «Жусан жапырақ жемірі құртынан» ғана емес, көбелектер мен шегірткелерден де зиян көріп отыр.