Қазақтың беташарын бұзбаңдар! – Әлдебір жігіт әншіге ескерту жасады

Қазақтың беташарын бұзбаңдар! – Әлдебір жігіт әншіге ескерту жасады

Әлеуметтік желіде концерт кезінде сахнаға шығып, әншіге ескерту жасаған азамат көпшіліктің қолдауына ие болды. Ол заманауи әндер арқылы келіндердің бетін ашып жүрген жайдарманшы әрі асаба Қабдол Тілековке ескерту жасады. Оның айтуынша, жастарға дұрыс тәрбие беру керек. Сондай-ақ, беташар дәстүрін өзгертпеген дұрыс. «Қазақтың өнерін өзгертуге қарсы азаматпын. Өзгертпеңдер ешқашан! Сені беташар тойда көрдім. Беташарды әртүрлі әнге салып жатсыңдар, өзіміздің Біржан салдың өлеңдерін пайдаланыңдар. Әнін өзгертсеңдер де дәстүрін бұзбаңдар. Сендерді жастар көріп отыр», – деді сахнаға шыққан азамат. Бейнежазбаға пікір білдіргендер екіге бөлінген. Көпшілік бұл сынның дұрыс екенін айтты, кейбіреуі беташардың әнін өзгерткенде тұрған ештеңе жоқ деп санайды. Айта кетейік, беташар – қазақтың келін түсіргенде жасалатын салтының бірі. Дәстүрлі беташар, әдетте, тойға жиналған халық тарқар кезде өткізілген. Шымылдық ішінде отырған келіннің басына орамал жауып, той өтіп жатқан үйдің ең жақын, үлгілі келіндері екі жағынан қолтықтап алып шығады. Беташардың тәрбиелік мәні зор болғандықтан, келіншектің екі жағына тұратын әйелдер жесір, жеңілтек, т.б. болмауы қатаң ескеріледі. Орамалдың теңге түйілген ұшын домбыраның мойнына не таяқтың ұшына байлап, жырау беташар жырын бастайды. Ол шаңыраққа жаңа түскен келінге ата-енесін, үй-ішін таныстырады, қандай туысқандық жақындығы бар екенін, беделін, қадір-қасиетін шебер тілімен жеткізіп, әрқайсысына жеке-жеке сәлем жасатады. Сәлем алған адам жас келінге беретін сый-сыяпатын атайды.  

 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 

Публикация от 🅐🅛🅐🅢🅗_🅤🅛🅐🅝🅓🅐🅡🅨 ☪ (@alash_ulandary)